Қаланы қандай өзгерістер күтіп тұр?

Биыл қаланы абаттандыруға қыруар қаржы бөлінбек. Қазына қаражатына Самарқанд су қоймасының жағалауын жаңартып, заманға сай, әрі әдемі жағалау төсеу көзделген. Сонымен қатар, Абай көшесінің бойындағы аллеяға да түбегейлі өзгеріс енгізіп, қалалық әкімдіктің алдындағы алаңқайға күрделі жөндеу жасау қарастырылған. Бұған көптен күткен Металлургтер даңғылындағы қайта қалпына келтіру жұмыстарын қосыңыз. Рас, сырт көзге бәрі керемет болып көрінуі мүмкін. Әйтсе де, ел назарына ұсынған жобаға былайғы жұрттың арасында қуанғаны аз. Неге дейсіз ғой? Себебі, қала халқы биылғы қысты суыққа қалтырап, тоңып өткізді…

Жағалау салынады

Иә, қала тұрғындарының бағына қарай қыс жылы болды. Рас, бірнеше күн тоқтаусыз боран соғып, аяз қысқан кездері де бар. Дегенмен, кеш басталған қыстың басым бөлігі күншуақта өтіп кетті. Сөйте тұра, теміртаулықтар суыққа қалтырады. Пәтерлер дұрыс жылытылмады өйткені. Қаланы жылумен қамтып отырған қазандық ескірген, жылу желілерінің де оңып тұрғаны шамалы. Көмірдің үстінде отырған Екібастұз қаласының қатып қалғаны есіңізде ғой?! Біздің қаланың жауаптылары сондай жайдың қайталануынан қаймыққан болуы керек, әйтеуір жеткілікті деңгейде жылу жеткізіп бере алмады халыққа. Өлместің күні.
Жұрт жылытқыштың арқасында жансақтап отырған шақта, «Жазда көлге әдемі жағалау саламыз» деген хабар жақсылықтың жаршысы емес, мазақ қылғандай болып естілгені анық. Әлеуметтік желідегі хабарламаның астына жазылған пікірлерді оқысаңыз да көретініңіз сол. «Қыс бойы дірдектеп тоңып шығамыз».
«Бізге жағалаудың қажеті қанша?«Ең алдымен жылумен дұрыс қамтып алуды ойлау керек» дегенге келеді елдің сөзі.
Қала билігінің жоспары бойынша, жағалау құрылысы биыл басталуы керек. Мердігерді анықтау үшін конкурс жарияланып қойылған. Жобаны жүзеге асыруға 2 жыл мерзім беріледі. Барлық жұмысқа қазынадан 1,6 млрд.теңге жұмсалмақ. Жағалау автовокзалға жақын жерде салынатынын да айта кеткен жөн.

Абай көшесіндегі аллея
Биыл Абай көшесінің бойындағы аллеяға абаттандыру жұмыстарын жүргізу жоспарланған екен. Бұл жобаға да 2 жыл мерзім беріліп отыр. Құрылысқа қазынадан 529 млн.теңге көлемінде қаражат жұмсау көзделген. Қазіргі таңда мердігерді анықтау үшін мемлекеттік тапсырыс жарияланды.

Аллеяны абаттандыру жұмыстары 4 бөлік бойынша жүзеге аспақ. Алғашқысы, Шоқан Уәлиханов көшесінен басталып Шайда мейрамханасына дейінгі аралықты қамтиды.
Екінші бөлікте Шайда мейрамханасынан Металлургтер даңғылына дейінгі аралық жөнделеді.
Ал, үшінші бөлікте Металлургтер даңғылы мен Бауыржан Момышұлы даңғылын жалғап тұрған аралық жаңартылмақ.
Төртінші бөлікте Бауыржан Момышұлы даңғылынан басталып Ауған соғысы құрбандарына арналған ескерткішке дейінгі аралық қамтылады.
Бұл жоба сәтімен жүзеге асар болса қалада жаңа аллея пайда болмақ. Мәселен, дәл қазір Абай көшесінде Металлургтер даңғылынан бастап Шоқан Уәлиханов көшесіне дейінгі аралықта ғана жаяу жүргіншілерге арналған алаң бар. Ал, басқа бөлігінде жылу құбырлары орналасқан. Жоба аясында жер үстінде жатқан құбырларды көму жоспарланыпты. Аллеяның бойына демалуға арналған орындықтар, веложолдар, ойын және спорт алаңдарын орналастыру көзделген.

Әкімдік алаңы


Биыл қалалық әкімдіктің алдындағы алаңқайға да ауқымды жөндеу жүргізу жоспарланған. Ол үшін қазынадан 560 млн.теңге қаражат жұмсалмақ. Жоба 2 жыл мерзімге лайықталыпты. Осы аралықта алаңқайдағы су бұрқақтар жөнделіп, жаңа орындықтар қою, адамдарға демалу үшін қажетті жағдай жасау көзделген. Дейтұрғанмен де, жобада қазіргіден айтарлықтай өзгеріс байқала қоймады. Ал, бөлінген қаражат Абай көшесінің бойындағы аллеяға жұмсалатын қаражаттан көп.

Шаңғы корды
Теміртауда шаңғы жолы пайда болмақ. Қысқы спорт түріне арналған орын Әлихан Бөкейхан атындағы қалалық мешіт маңына орнатылады екен. Әзірге жоспар жан-жақты қаралуда. Қалалық ТКШ бөлімінің басшысы Ринат Қыдырбековтен сұрап көрген едік, киім ауыстыратын жер, асфальт, жарықтандыру қарастырылады деп отыр. Әрине әлі бұл тек жоспар ғана.
Шаңғы трассасы жаз мезгілінде де пайдаға жарамақ. Күн жылынғанда бұл орында тұрғындар жүгіріп, немесе таза ауада серуендейді. Ол үшін қоғамдық көлік қатынасын да шешеміз дейді.

P/S: Қаланы абаттандыру жұмыстарына қыруар қаражат жұмсау көзделмек. Әлгінде атап өткеніміздей, бұл хабарға қуанғандарға қарағанда, қарсылық танытқандар қарасы көптеу болған тәрізді. Қалада шешілмеген әлеуметтік мәселе көбін айтқан белсенді топ өкілдері, бүгін қала әкімімен кездесіп, жобаны қайта талқыламақ. Оның шешімі жайлы газетіміздің келесі санында кеңірек тоқталамыз.

Жаңалықтарды Instagram парақшамыздан оқыңыз