Мұсылмандардың өзге дін өкілдерімен қарым-қатынасы

Исламда өзге дін өкілдерімен жасалатын қарым-қатынастың қағидаттары шариғаттың негізгі қайнар көздері – Құран мен сүннетте бекітілген. Дəстүрлі дініміз кез-келген дін өкіліне құрметпен қарауды, адамдарды нəсіліне, ұлтына, дініне байланысты бөлмеуді насихаттайды.

Тарихқа көз жүгіртетін болсақ, VII ғасырдан бастап Ислам діні өзінің географиялық орналасу аймағына сəйкес, сол елді мекен аумағында қоныстанған көрші иудейлермен, христиандармен, отқа табынушылармен жəне басқа да діни сенімдегі адамдармен бейбіт қарым-қатынас орнатқан.

Пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың оған игілігі мен сəлемі болсын) исламды қабылдаған мұсылмандармен бірге 622 жылы Мекке қаласынан Мəдина қаласына хижрет жасаған, яғни қоныс аударған болатын. Мəдина қаласына қоныстанған соң Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сəлемі болсын) қаладағы өзге дін өкілдерімен «Мəдина» келісімшартын жасады.

Сонау VII ғасырда жасалған бұл келісімшарт – исламдағы төзімділік пен бейбітшілікті, исламның адам құқығына деген құрметі мен диалог мəдениетін, өзге дін өкілдеріне көзқарасын, сондай-ақ сенім бостандығы мен ар-ождан еркіндігін қамтыған алғашқы қағидаттар жинақталған құжат.

Өз заманында Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сəлемі болсын) өзге дін өкілдеріне мейірімділікпен, қамқорлықпен қарай отырып, олардың құқығын мұсылмандардың құқығымен тең дəрежеде ұстады. Ғибадатханаларын қиратпауды, діндарларды өлтірмеуді, оларға қол жұмсамауды, алым-салық алмауды, мал-мүлкіне қол сұқпауды өсиет еткен.

Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) тəлімін алған ізбасарлары да мұсылмандардың қоластына кірген елдерде осы ұстаныммен билік жүргізді. Сонымен қатар, «Кім адамды (мұсылмандармен бірге өмір сүретін өзге дін адамын) өлтірсе, ол жəннаттың исін де иіскемейді. Əрине, жəннат исі жетпіс жылдық қашықтықтан келіп тұрады» деп ескерткен. Осы хадиске назар аударсақ, дінімізде өзге дін өкілдеріне үлкен құрмет көрсететінін анық көруге болады.

Ислам кез келген дін өкіліне құрметпен қарайды. Ешкімді дініне, ұлтына, нəсіліне жəне жынысына немесе материалдық жағдайына қарап бөлмейді. Адамға рухани құндылығы тұрғысынан баға береді.

Жалпы ислам діні көркем мінез-құлықтан тұрады. Көркем мінездің де түрі өте көп. Олардың қатарына кешірімділік, жомарттылық, шыншылдық, аманатқа беріктік, қарапайымдылық, сыпайылық, сабырлылық, ұяттылық жатады. Күнделікті өмірде адамдардың арасында кездесетін барлық қарым-қатынас, іс-қимыл, əрекет, сауда-саттық кезінде жақсылық жасаудың кез келген жолы, тіпті адамға жылы шыраймен қараудың өзі көркем мінез саналады.

Өзінің шыншылдығымен, əділдігімен қарақылды қақ жарған тұлға Хаттабтың ұлы Омардың оқиғаларын мысалға келтіре кетсек:

Ислам діні жан-жаққа тарап, аумағы кеңейіп, көптеген жерлер ислам дінінің билігіне қараған болатын. Сол жылдары өзге ұлттар мен өзге дінді ұстанушылардың ешбіріне мұсылмандар тарапынан қысым жасалмай, тұрғындар еркін өмір сүрген еді.

Қазіргі уақытта басым бөлігін мұсылмандар қамтитын елдердегі христиан дін өкілдері ешбір қысым көрместен, мұсылмандармен бейбіт қарым-қатынаста араласып, ымыраластықта өмір сүруде. Жоғарыда келтірілген оқиғалар шынайы ислам діні өзге дін өкілдерімен қандай дəрежеде жақын болғандығын көрсетеді.

Ал өзін мұсылманмын деп есептейтін адамды бес уақыт намаз оқымағаны үшін ғана кəпір деп айыптап, мал-мүлкін өзіне адал қылған жат діни ағым ұстанушыларының əрекеті ислам дінімен еш байланыспайды. Адами құндылықтары жоғалған жəне өздерін ғана ақиқатты ұстанушылар ретінде есептейтін олар нағыз исламның өзге дін өкілі болса да адам өміріне құрметпен қарайтынын білмесі анық.

Сол себепті бір шаңырақ астында бейбітшілікте өмір сүру адамға берген ең үлкен құндылық деп қабылдау керек.

Баян АЯПОВА,

 Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының жанындағы «Кеңес беру жəне оңалту» орталығының маманы.

Жаңалықтарды Instagram парақшамыздан оқыңыз