Түркиядан оралған теміртаулық құтқарушылар марапатталды
Қазақстандық құтқарушылар 7-19 ақпан аралығында Түркияның Нурдагы ауданы мен Газиантеп және Хатай қалаларында болған жер сілкінісінен кейінгі іздестіру-құтқару жұмыстарын аяқтап, елге оралды. Олардың арасында Теміртаулық батырлар да бар.
Зілзаладан зардап шеккендерге көмек көрсету үшін аттанған Құрышты қаланың қос құтқарушысы Айдар Шорманов пен Бозмамад Бобжонов бұйрық келгенде еш ойланбағандарын айтты.
-«Мен 2009 жылдан бері осы салада еңбек етіп келемін. Міне 14 жыл толыпты. Сондықтан болар, мені тізімге қосқан. Ауысымнан кейін үйге келгенімде басшы хабарласып, төлқұжатымды сұрады. Бір сағаттан кейін қайта хабарласып, «Түркияға кетесің, жинал» деді. Үйдегілер де сұрақтың астына алып жатты. Қайтеміз? Жұмыс солай. Себебі біз құтқарушымыз!»,-дейді Бозмамад Бобжонов.
Еңбек жолын 2019 жылы бастаған Айдар Шорманов та зілзаланың ортасына аттанғандардың қатарында.
-«Қоңыраудан кейін жылдам Федоровка ауылына бардық. Сонда облыс құтқарушыларымен жиналып, Астанаға қарай жолға шықтық. Құрамда 13 құтқарушы мен 2 медицина маманы. Ертесіне Газиантеп қаласына ұшып, сонда қоныстана бастадық. Біз қайда бара жатқанымызды білдік. Жер сілкінісі болған кезде ғимараттар құлап, тұрғындардың зардап шегетіні анық. Алдын ала қандай көрініске тап болатынымды сездім»,- дейді жас маман.
Құлаған үйлер, тұрғындардың көз жасы. Жақындарын іздеген адамдар. Құтқарушылар жағдайды осылай суреттейді. Қоныстанғаннан кейін жерлестеріміз қираған ғимараттардың жанына барып, дауыс шығарған. Аудармашылар да айғайлап, тірі қалғандарды іздеген.
-«Бір ғимараттың астынан екі әйелдің дауысы естілді. Ғимараттың жертөлесіне кіріп, жағдайды қарадық. Топ екіге бөлініп кетті. Қираған нысанның екі жағынан қазбалай бастадық. Ол кісілерге жол ашып жатқанда, бір кісінің тыныс алып жатқанын байқадық. Ер азамат неше күннен бері қозғала алмай жатқан. Тіпті біздің айғайлаған дауысымызды да естімепті. Ер адамды құтқару оңай болды, алайда екі азаматшаның нақты қайда орналасқанын білу керек еді. Себебі қателесуге болмайды. Сосын ғана экскаватормен жерді қазып, жертөле арқылы екі әйелді аман алып шықтық»,-дейді Айдар.
Аман алып шыққан жандардың ең бірінші сұрағаны қара су. Құтқарушылар оларға аяқ-киімдер беріп, жергілікті жедел жәрдем қызметіне тапсырған. Үш адамды құтқаруға осылай 4-5 күн уақыт кетіпті. Бірақ сол ғимараттағы қаза тапқандардың денесін іздеуге жалпы бір апта уақыт кеткен. Құтқарушылар арасында үзіліс жариялап, бойға күш жинап алып, қайта іздеу жұмысына кірісіп отырған.
-«Адамдарды аман алып шыққандағы әсерді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Қуаныштың көз жасы. Алайда, аянышты жағдайлар көп. Өйткені жақындарын іздеп жүрген адам көп. Көбісі тым болмаса денесін тауып беруін сұрайды. Иә, бұл өте қиын. Әсіресе үйінді арасынан балаларды тапқанда жүрегің сыздайды. Ең сорақысы жер сілкінісі түн ортасында, барлығы ұйқыда жатқанда орын алған. Бірі қашып бара жатып жан тапсырса, енді бірі ұйқыда жатып дүниеден озған. Біз бір бөлмеде керуетте жатқан үш бауырдың денесін таптық. Олар тіпті ұйқыдан оянбаған секілді»,-дейді құтқарушы.
Осылай 35 адамнан тұратын Қазақстандық команда жалпы 7 адамды құтқарып, 88 қаза тапқан адамның мәйітін шығарған. Қолмен және инженерлік техниканы тарта отырып, 250 мың текше метрден астам үйіндіні бөлшектеді.
-«Қорқыныш болды деп айта алмаймын. Себебі жұмысымыз осы. Біз үйреніп қалдық. Құтқару кезінде басқа ештеңені ойламайсың. Бірақ мойындау керек, аман қалған ғимараттардың жанында жұмыс істеген өте қауіпті екен».
Құтқару кезінде жер сілкіністері де болды. Мамандар бұл уақытта ғимараттардан алыс жерде орналасуға тырысыпты. Себебі зілзаладан аман қалған ғимараттар кез-келген уақытта жермен-жексен болуы мүмкін.
-«Жұмыс қауіпті. Үйдегі отбасым да алаңдайды. Министрдің орынбасары бізге бірден жақындарымызбен байланыста болуға мүмкіндік берді. Ол үшін көп рақмет. Аса сөйлесуге де уақыт жоқ. Біз тек аман екенімізді айтып отырдық. Олар да үйреніп қалған. Себебі бұл біздің күнделікті жұмысымыз».
12 күндік еңбегі үшін құтқарушыларды Теміртау қаласының әкімі де құттықтады. Мұнан бөлек, Түркия тұрғындары қазақстандық құтқарушылардың іздеу-құтқару жұмыстарын жүргізуге көмектескендері үшін шын жүректен алғыстарын жеткізіп отыр.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы
Тоқаев құтқарушылардың жұмысын жоғары бағалап, қызметтік борышын орындау кезінде жанқиярлығы үшін ТЖМ барлық қызметкерлері мемлекеттік және ведомстволық наградалармен, сондай-ақ Қарағанды облысы әкімінің алғыс хаттарымен марапатталды.