Мақсат ӘБІШКЕН, ҚарИУ ғылыми қызметкері:«Мемлекеттің дамуы ғылымға тәуелді»
12 сәуір – Ғылым академиясының тұңғыш президенті, көрнекті ғалым-геолог Қаныш Сәтбаевтың дүниеге келген күні. Әйгілі ғалымның құрметіне бұл дата елімізде «Ғылым қызметкерлерінің күні» болып бекітілген еді. Осыған орай, Қарағанды индустриалық университетінің «Технологиялық машиналар және көлік» кафедрасының аға оқытушысы, ғылыми қызметкер Мақсат Әбішкен Жарылқасынұлын әңгімеге тартып, елімізде жас ғалымдарға көрсетіліп жатқан қолдаулар туралы сұхбаттасқан едік.
— Елімізде 2022 жылдан бастап «Жас ғалым» жобасы жүзеге асырылуда. Білуімше сіз де мемлекеттен ғылыми зерттеу жұмысына грант жеңіп алғансыз. Осы туралы толығырақ айтып өтсеңіз.
— Шынын айту керек, кейінгі 30 жылда елімізде ғылым саласына жеткілікті көңіл бөлінбей келді. Оның өзінде «Хирша индексі» деген нәрсе бар. Сол кімде жоғары болды, мемлекеттік гранттың бәрі тек соларға берілетін. Сәйкесінше ғылымға енді ғана бет бұрған жастар қандай да бір қолдаудан шет қалып келген болатын. Былтырдан бастап Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың пәрменімен жас ғалымдарға ерекше қамқорлық көрсетіле бастады. Бір ғана «Жас ғалым» жобасы аясында жыл сайын 1000 грант бөоініп, әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында жылына 500 ғалымның тағылымдамадан өтуіне жол ашылды. Мұның бәрі белгілі бір деңгейде жастардың ғылыми салаға мойын бұрып, қызығушылық танытуларына жол ашты деп айта аламын.
Мен де осы жобаның аясында грант иегері атандым. Қазір зерттеу жұмыстарын жүргізіп, елге, өндіріске пайдалы жаңалық әкелу бағытында еңбек етіп жатырмын.
Ел арасында «Қазақстанда ғылыммен айналысатын адам жоқ» деген кереғар пікір қалыптасып қалған ғой. Негізі бұл мүлдем дұрыс емес. Шын мәнісінде идеясы бар, қабілеті жеткілікті азаматтар көп. Бірақ, материалдық-техникалық базаның мүмкіндіктері қолбайлау болып келді. Гранттың артықшылығы да сол, бізге ғылыми зерттеу жұмысына қажет жабдықтарды алуға, өз жобамызға тиісті деңгейде мән беріп, толық зерделеп шығуға мүмкіндік беріп отыр.
— Қазақстан Республикасында жоғары білімді және ғылымды дамытудың 2023 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы ұлттық деңгейдегі қолданбалы мәселелерді шешу үшін ғылымды тартуға бағытталып отыр екен. Осы бағдарлама нәтижесінде ғылымның нақты секторындағы мәселелер шешіліп, бюрократия азаяды, сапа жақсарады деп күтіліп отыр. Ғылыммен айналысамын деген азаматтарға қаражат беріп, қажет десе шет мемлекеттерге де жіберіп жатыр. Тағы не істелуі тиіс?
— Менің ойымша бұл бағдарлама оң нәтижесін беруі тиіс. Өйткені, ғылым саласына жастарды тарту керек. Өйткені, ғылым саласына бет бұрған жастардың саны өте аз. Көп азаматтар университетке диплом алу үшін ғана келіп жатқаны жасырын емес. Алдымызда аға буын өкілдері бар. Олардың біразы зейнет жасына жетіп қалды. Әрі қазіргі жаңа технологияның мүмкіндіктерін игеріп кету ол кісілерге айтарлықтай қиындық туғызады. Керсінше, жастар жағы кез келген жаңа нәрсенің тілін оңай меңгеріп, қолданысқа енгізе алады ғой. Сондықтан, осыған басымдық берілуі тиіс.Ұрпақ сабақтастығы сақталуы керек.
Бұдан бөлек, ғылымды насихаттауға да айрықша көңіл бөлінуі тиіс. Өкінішке қарай бізде ғылым зертхана шеңберінде ғана қалып қойып жатыр. Былайғы жұрт «ғалым» деген сөзді естісе көзінде көзілдірігі, қолтығында папкасы бар орта жастағы адамды ғана елестете алады. Ал, шын мәнісінде университете керемет пайдалы дүниелерді зерттеп, еңбектеніп жатқан азаматтар көп. Олардың еңбегін ешкім білмейді. Сәйкесінше, «ғылым жоқ» деген кереғар пікір қалыптасып қалған. Жастардың ғылымға қызықпауының да бір себебі осында. Олар да ғалымның кім екенін біле бермейді. Егер ғалымдарға дамыған мемлекеттердегіндей жағдай жасап, олардың еңбегін ұлықтай білсек, бұл салаға қызығатын азаматтар да көп болар еді.
— Хош делік, ресми деректеге сенсек, 2021-2023 жылдары республикалық бюджеттен ғылымды қаржыландыру екі есеге жуық өскен екен. Яғни, 2020 жылы бұл салаға 89 млрд.теңге бөлінсе, 2021 жылы 109 млрд.теңге бөлініпті. Ал, 2023-2025 жылға арналған ғылыми бюджет мөлшері – 643 млрд.теңгені құрап отыр екен. Мұның сыртында, бизнестен қосымша 6,9 млрд.теңге жеке қаржылдандыру тартылғаны айтылады. Сіз әлгінде, шет елдегіндей жағдай жасалса деп қалдыңыз ғой. Білуімізше ол жақта алпауыт кәсіпорындар ғылыми зерттеу жұмысынан қаражат аямайды. Ал, бізде ше? Өз идеяларыңызды, зерттеулеріңізді кәсіпорындарға өткізе алдыңыздар ма?
— Жалпы қазір Қазақстандағы ғылымды екі түрге бөліп қарауға болады. Біріншісі – ғылым үшін ғылыммен айналысу да, екіншісі – қоғам үшін ғылыммен айналысу. Ғылым үшін ғылыммен айналысу дегеніміз, тек, жалаң теорияға сүйеніп қана зерттеу жұмыстарын жүргізу. Оның нәтижесі ешбір өндірісте пайдаға аспайды. Тек, теория күйінде ғана қалып кетеді. Ал, екіншісі елге, қоғамға пайдасы тиетін жаңалықтар ашу. Өткенде Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев та осыған мән беріп, «жалған ғылымды» азайтып, нақты қоғамға пайдасы бар салаға ден қоюды тапсырды ғой. Менің жеңіп алған грантым да осы салаға бағытталған. Яғни, өндіріс нәтижесінде пайда болған қалдықтарды қайыра кәдеге асырып, жаңа өнім алу. Бұл бағыттағы зерттеулерімді қазір аяқтауға жақындап қалдым. Мәселен, бізде негізінен шикізат өндіріледі ғой. Алып кәсіпорындардан мыңдаған, тіпті миллиондаған қалдық шығарылады. Бұлардан экологияға келетін зиян да орасан зор. Ал, осы қалдықтарды пайдалана отырып жаңа зат шығару мүмкіндігі бар. Мысалы ферроқорытпа, кремний өндірісінің қалдықтарын қайыра пайдалануға болады. Кәсіпорындар тарапынан да бұл тақырыпқа деген қызығушылық байқалады. Өйткені, кейбір кәсіпорындарда миллиондаған тонна қалдық жиналып қалған. Бұларды қайыра өндіріске енгізу жолын тапсақ, қыруар қаражат түсері анық. Оның үстіне, экологиялық мәселелерді де шешуге жол ашылар еді.
Дей тұрғанмен, кемшіліктері де бар. Ол кейбір кәсіпорындардың қазақстандық ғылымға деген сенімсіздігі және өзінде бар дүниені жаңа технологиямен алмастыруға аса құлықты болмауы. Мәселен, менің докторлық дисертациям өзіміздің қаладғы «АрселлоМиттал Теміртау» АҚ базасында орналасқан Сортты илеме цехының жұмысын жетілдіруге бағытталды. Ол цехта қазір сортты илеме өнімдері 16 клетті стандарда шығарылады. Біз зерттеу жасау арқылы клет санын 12-ге дейін азайту жолын таптық. Бұл дегеніміз қаншама энергияны, ресурсты үнемдеуге мүмкіндік береді. Әрі дәл осы әдіспен өндірілген металдың сапасы да неғұрлым жоғары. Әйтсе де, компания тарапынан бұл жаңалықты өндіріске енгізіп, өзгеріс жасауға аса құлшыныс бола қойған жоқ. Бұған да, әлгінде айтып өткенімдей, қазақстандық ғылымның жеткілікті деңгейде насихатталмауы, бір сөзбен айтқанда жарнаманың болмауы әсер етіп отыр.
— Сонда қазақстандық ғылымның мүлдем жарнамасы жоқ па?
— Бізде осы уақытқа дейін барлық назар ірі оқу орындарына, ұлттық университеттерге ғана бөлініп келді ғой. Олардың материалдық-техникалық базасы да, ғалымдары да жақсы. Бірақ, бұл аймақтағы шағын университеттер арта қалып қойды дегенді білдірмейді. Тек, жеткілікті деңгейде зейін аударылмай қалды. Әйтпесе, осы өзіміздің Теміртау қаласындағы университеттің де ғылыми әлеуеті жоғары. «Жас ғалымдар» жобасында біздің онға жуық ғалымдарымыз грант жеңіп алды. Шағын университет үшін бұл айтулы жетістік дер едім. Оның үстіне біздегі металлургиялық зертхананың да әлеуеті зор. Онда өзіміздің мамандар ғана емес, өзге оқу орындарының да ғалымдары келіп, зерттеу жүргізіп, жаңалық ашып жүр. Әйтсе де, кемшіліктер де болды. Бұл ең алдымен ғылыми қызметкерлердің әлеуметтік ахуалының төмен болуында дер едім. Көптеген дарынды азаматтар айлықтың аздығынан басқа табысты салаға ауысып кетті. Кей азаматтар шетел асып, әлемдік деңгейдегі мықты ғалымға айналып жатыр. Түсінген жанған білімді азаматтардың шетелге кетіп қалуы үлкен қасірет. Өйткені, мемлекеттік дамуы ең алдымен ғылымға тәуелді.
Билік басындағы азаматтар да мұны түсінді. Әлі де кеш емес. Қазір қабылданып жатқан шаралар жіберіп алған кемшіліктердің орнын толтыруға бағытталған дер едім. Қазір ғылым саласына бөлініп жатқан гранттар есебімен ғалымдардың орташа жалақысы 2 есеге дейін өскен. Оның үстіне ірі зерттеумен айналысып жүрген жетекші ғалымдар гранттық конкурстарға қарамастан, тұрақты қаржылдандыру алу мүмкіндігін иеленіп отыр. Бұл қазір ғылым саласында жүрген азаматтарды осы салада ұстап қалуға және ынталандыруға жол ашады.
— Әлгінде ұрпақтар сабақтастығы туралы айтып қалдыңыз ғой. Жалпы қазіргі студенттердің ғылымға деген ынтасы қалай? Өзіңіз бұл салаға қалай келдіңіз? Осыған тоқталып өтсеңіз.
— Шынымды айтайын, мен әу баста ғылыммен айналысамын деген ойда болмадым. «Серпін» бағдарламасы арқылы Теміртауға келіп, металлургия саласына оқуға түстім. Мен өзімді жолы болған адам санаймын. Өйткені, айналамда ғылымға жақын жандар болды. Олар менің ғылыми зерттеу жұмыстарына деген қызығушылығымды оятым, осы салаға тартты. Ендігі біздің міндет жастардың қызығушылығын ояту. Бұл ретте білім беру үдерісіне де үлкен өзгерістер енгізу қажет. Оның ішінде ағылшын тілін меңгеруге басымдық беру керек дер едім. Себебі қазір ғылымның тілі – ағылшын тілі. Елімізде «Руһани жаңғыру» бағдарламасы аясында «100 жаңа кітап» жобасы жүзеге асырылып, алдыңғы қатарлы еңбектер қазақ тіліне аударылып, жалпыға қолжетімді дүниеге айналды ғой. Осы бағыттағы жұмыстар жалғасын тапса, өндіріске қатысты еңбектер де көптеп аударылса деген тілек бар. Қазіргі жастарды ғылымға технология арқылы қызықтыра аламыз. Бір топта оқитын студенттің бәрі ғалым болып кетпесі анық. Бірақ, бірнешеуі ғылым саласына мойын бұрса, үлкен жетістік болар еді.
— Соңғы сауал, қазақстандық ғалымдар өз зерттеулері мен ашқан жаңалықтарын әлемдік қауымдастыққа ұсынып, таныстыра алып жүр ме?
— Әрине, ғылыми зерттеулерді бөлісу дегеніміз, халықаралық ғылыми журналдарға жариялау ғой. Кейінгі жылдарда мұндай жариялымдар саны айтарлықтай өскен. Scopus базасына кіретін қазақстандық ғылыми журналдар санының өсуі байқалады, бұл біздің ғылыми жетістіктерімізді әлемдік қоғамдастық мойындағанын көрсетеді. Математика, инженерия, экология, микробиология, молекулалық биология және генетика сияқты ғылыми бағыттар бойынша көрсеткіштер жақсарды.
— Риясыз әңгіменізге рахмет.
Сұхбаттасқан:
Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ.
Жаңалықтарды Instagram парақшамыздан оқыңыз