Қарағанды облысының бес мыңнан астам кәсіпкері мемлекеттен қолдау алады
Бүгінде Қарағанды облысының әрбір екінші экономикалық белсенді тұрғыны шағын және орта бизнес саласында жұмыс істейді. Кәсіпкерлердің 2,5 мыңнан астам жобасы мемлекеттік қолдауға ие болды, билік жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 5,5 мыңға дейін арттыруды жоспарлап отыр.
Қарағанды облысы тұрғындарының табысын қалай арттыратыны жайлы ОКҚ алаңында өткен брифинг барысында өңір басшысы Ермағанбет Бөлекпаев айтып берді. Негізгі бағыттардың қатарында жаңа инвестициялық жобалар мен кәсіпкерлікті дамыту көзделіп отыр.
– Біз жаңа өндірістік тауашаларды ашу үшін, оның ішінде «Кәсіпкер» кәсіпкерлікті дамытудың өңірлік бағдарламасы есебінен жағдай жасаймыз. Ірі компаниялардың қолдауымен 38 кәсіпорын шоғырланған. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша жеңіл өнеркәсіп саласында төрт жоба іске асырылды. Олар өз өнімдерімен облыстың медициналық, білім беру және басқа да ұйымдарын қамтамасыз етеді, – деді өңір басшысы.
Биыл халықтың әлеуметтік осал топтарына өз ісін ашуға 200-ге жуық грант бөлінді. Жас кәсіпкерлер 2,5 %-бен 600 грант пен 324 жеңілдікті шағын несие алады.
Мүгедектігі бар адамдарға арналған жұмысқа орналастыру жобаларының тізбесі кеңейтілуде. Осының арқасында 700 адам жұмыспен қамтылады.
Жаңалықтарды Instagram парақшамыздан оқыңыз