Теміртауда саяси қуғын-сүргін құрбандарына ескерткіш қойылады

Тоталитарлық режимнің қанды шеңгелі кешегі КСРО құрамында болған ешбір ұлт пен ұлысты аямағаны белгілі. Қазақ даласы да, баласы да көп қасірет шекті. Ұжымдастыру ұранымен қабат келген үлкен аштықта халықтың үштен екісі қырылып, босып кеткені тағы бар. Сол жылдары Қарағанды жеріне өзге өңірлерден қуғын көрген миллионға жуық адам әкелініпті. Олардың бір парасы Теміртау қаласының құрылысына да айрықша үлес қосқанды. Әйтсе де, күн кешеге дейін құрбандар рухына тағзым етер жер болмапты…

Иә, Теміртауда саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған тағзым белгісі қажет екені туралы мәселе бұрын да жиі айтылып жүретін. Әйтсе де, ел өтінішіне құлақ аса қойған жан табылмапты. Биыл да бұл мәселе қалалық Ақсақалдар алқасы тарапынан көтеріліп, әкім Ораз Тәуірбековке ұсынылған екен. Қала басшысы қолдау білдіріп, ескерткіш орнатуға ыңғайлы орынды анықтауды тапсырды. Орын табылды да. Ескерткіш Орталық аурухана іргесіндегі скверге орнатылатын болды. Халық көп жүретін, көрнекі орын.
— Қазақстан Тәуелсіздік алған соң миллиондаған адамның өмірін қиған саяси қуғын-сүргін құрбандарын мәңгі есте қалдыру үшін мемлекеттік деңгейде тиісті шараларды қолға ала бастады. 197 жылы Президент жарлығымен 31 мамыр Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні белгіленді. Тарихи деректерге сүйенсек, жүз мыңға жуық қандасымыз қуғын көріп, оның жиырма мыңдайы ату жазасына кесілген екен. Сол дәуірде «Алаш» қайраткерлері көтерген азаттық ұраны мен азаматтарға тең құқық беру идеясы Тәуелсіз Қазақстанда жүзеге асты, — дейді қала әкімі Ораз Тәуірбеков.
Болашақта құрбандар рухына тағзым жасалатын орынға тас белгі орнатылды. Оған қаламыздағы Ақсақалдар алқасының мүшелері, Еңбек ардагерлері, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, қалалық мәслихат депутаттары қатысып, гүл шоқтарын қойды.
Айта кету керек, бүгінде Теміртау қаласында қуғын-сүргін құрбаны саналатын бес жүзден астам адам тұрады.

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ,
«Temirtau tynysy»

Жаңалықтарды Instagram парақшамыздан оқыңыз