Елу жылдан соң елімен қауышты

Мәдениет сарайында жаңа кітаптың тұсауы кесілді. Жаңа деуіміздің себебі қазақ тілінде баспадан енді ғана жарық көріп отырғандығы. Әйтпесе, бұл еңбек сонау 1973 жылы Нөкіс қаласында қарақалпақ тілінде басылып шыққан екен. Кітап өзбекстандық қазақтардың мақтанышына айналған еңбек ері Жабай Балиманов жайында. Жазған – Тамдыдағы алғашқы қазақ газетін ұйымдастырған Қани Амандықов. Автор да кейіпкер де қазақ. Бірақ, кітап сол кезеңдегі келеңсіз кедергілерге байланысты қарақалпақ тілінде жарық көріпті. Оны елу жылдан соң қазақ тіліне тәржімалап, екінші тынысын ашқан ақын Руза Алдашева.

«Қос жұлдызды қаһарман» еңбегі Өзбекстандағы қазақ диаспорасының көрнекті өкілі, жарты ғасырдан астам уақыт адал еңбегімен күллі Тамды ауданының атағын аспандатып, екі мәрте Социалистік еңбек ері атанған атақты шопан Жабай Балиманов жайында. Бұл туралы осы кітапты қазақ тіліне тәржімалаған Руза Алдашева былай дейді:
– Бұл кітаптың авторы Қани Амандықов еңбек және соғыс ардагері. Сонау 1935 жылы Тамды аудандық «Тамды шаруагері» газеті ашылған кезде соның алғашқы редакторы болған. Сол кезде баспаға қажет әріптерді Тамдыға түйемен тасып әкеліп, көп еңбек сіңірген тұлға. Ал, енді осы еңбекке тоқталатын болсақ. Жабай Балиманов адал еңбегінің арқасында елдің алғысына бөленген азамат. Ол кісі туралы өзбекстандық журналистер, қаламгерлер бірнеше материал жазып, әлі күнге дейін құрмет тұтады. Бірақ, өкінішке қарай қазақ ұлтының мақтанышы болса да, қазақша жазылған дүние жоқ екен. Қани Амандықов ағамыздың еңбегі қазақша әріптің болмауынан ба, әлде басқа себеппен бе, әйтеуір қарақалпақ тілінде жарыққа шығыпты. Арада елу жыл уақыт өтті. Бұл кітап қазақша сөйлейтін уақыт келді ғой деген ойдамын. Сондықтан, қазақ тіліне аударып, назарларыңызға ұсынып отырмын, – дейді Руза Алдашева.
Кітаптың салтанатты тұсаукесер рәсіміне теміртаулық өнерпаздар, қала тұрғындары және Қани Амандықовтың туыстары қатысты. Үлкендер баяғы жастық шақтарын еске алып, өмірден өтіп кеткен танымал тұлғалардың, еңбек адамдарының рухына тағзым етті.
— Жүректен шыққан сөз жүрекке жетеді дейді ғой. Бүгін міне Руза қызым бәріміздің басымызды қосып, осы кітаптың тұсауын кесіп отыр. Дана халқымыздың «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» деген сөзі бар ғой. Бүгін атамның әруағы аунап түскен болар. Ересең еңбек істелді. Атам Қани Амандықов еңбек адамдарын өте қатты құрмет тұтатын. Сондықтан, үнемі қарапайым еңбекшілерді ұлықтап, олар туралы жазып тұрды. Солардың бірі — Жабай Балиманов еді. Ол дәуірде екі рет Еңбек ері атағын алған адамдар санаулы болғанды. Жабай атамыздың үлгісін, тәрбиесін көрген ауылдастары арасынан кейін 5 бірдей Еңбек ері шықты. Руза қызымыз талайдан бері ұмыт қалған осы еңбекті қайта жаңғыртты. Отбасымның атынан алғыс айтамын, — дейді Қани Амандықовтың келіні Зәуре Қалымбетқызы.
«Қос жұлдызды қаһарман» еңбегі қалың оқырманға арналған. Бұл жерде басты кейіпкер Жабай Балиманов болса да, оқырман сол кісінің өмірі арқылы кеңестік кезеңдегі Өзбекстандағы қазақтардың тұрмыс-салты, шаруашылығы жайлы құнды мәлімет ала алады. Жарық көргеніне елу жыл өтіп кетсе де, әлі де өзектілігін жоймауының бір себебі де осы болса керек!

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ,
«Temirtau tynysy»

Жаңалықтарды Instagram парақшамыздан оқыңыз