Шомылу маусымында балалар қауіпсіздігі басты назарда болуы керек
Жазғы демалыстың басталуымен мектеп оқушыларының алаңсыз ойнап, уақытты көңілді өткізер кезеңі келді. Әйтсе де, көңіл көтерудің соңы қайғылы жағдайға ұласуы да мүмкін. Әсіресе, суға шомылу барысында қарапайым ережелерді қаперге алмаудың салдарынан түрлі келеңсіздіктер орын алады.
Мәселен, жыл басынан бері еліміздің су айдындарында 65 адам қаза тапқан. Олардың ішінде 22 азамат кәмелет жасына толмаған.
Биылғы шомылу маусымы басталғлы Қарағанды облысының аумағында 3 адам суға батып кетті. Оның біреуі кәмелетке толмаған бала.
Биыл 3 маусымда Нұра ауданының Егінді ауылынан 3 шақырым жердегі Нұра өзеніне 2008 жылы туған қыз бала суға батып кетті. Бақытсыздық сейіл кезінде ата-аналардың, тәрбиешілердің және сыныптастарының көзінше орын алды.
Мұндай қайғылы жағдайлардың алдын алу үшін азаматтар өздерінің қауіпсіздігі мен балаларының қауіпсіздігі туралы ойлануы керек.
Құрметті ата-аналар, балаларыңызға су айдындарында келесі әрекеттерді жасауға ТЫЙЫМ САЛЫНАТЫНЫН түсіндіріңіздер:
— кәмелетке толмағандарға ересектерсіз су жағасына баруына;
— жабдықталмаған жерлерде шомылуға;
— жүзу шекараларын белгілейтін қалқымалардан асып жүзуге;
— моторлы, желкенді кемелерге, ескекті қайықтарға және басқа да жүзу құралдарына жақын жүзуге;
— осы мақсаттарға арналмаған кемелерден, қайықтардан, айлақтардан және басқа құрылыстардан суға секіруге;
— тақталар, бөренелер, автомобиль камералары, үрлемелі матрацтармен жүзуге.
Жүзу құралдарын пайдалану кезінде қатаң тыйым салынады:
— құтқару кеудешелерінсіз және белбеусіз жүзуге шығуға;
— қайықтың бортында және алдыңғы бөлігінде отыруға;
— бір жерден екінші жерге орын ауыстыруға;
— жүзіп келе жатқан кезде бір қайықтан екінші қайыққа өтуге;
— қайықтардан суға секіруге;
— сыйымдылығы мен жүк көтергіштігі бойынша жүзу құралын шамадан тыс жүктеуге;
— ересектердің сүйемелдеуінсіз кәмелетке толмағандардың мінуіне.
Судағы қауіпсіздіктің бұл қарапайым ережелерін балалар да, ересектер де білуі керек.
Төтенше жағдай туындаған кезде 112 және 101 нөмірлеріне қоңырау шалыңыз.
Теміртау қаласының
ТЖ Басқармасы