БАЙ – ЕЛДІҢ ҚҰТЫ
«Сенің түбіне жететін – байлық», «ақша зұлым», «бай сараң болады», «байлар – адамгершіліктен жұрдай халық». Тағысын тағы. Мұның бәрі – ең сорақы сөздер. Әлі де осы сөздер халықтың санасында сайрап тұр. Себебі оны солай үйретті, тәрбиеледі. Ел сенді. Әлі де сеніп келеді. Байлықты өзіңмен бірге алып кетпейсің. Бірақ…
«Ал ақшам бар делік? Мұнан не шығады?» дейтіндер мешкей. Оның ойынша, ақша оған келуі керек. Байлықты қалайды, әрине. Бірақ әлгіндей әңгіме талап жоқтығынан туындайды. Содан келіп байлықтың жаман жағын ғана танимыз. Өйткені одан басқа қолдан келер шара жоқ. Бір ғана қадам жетеді. «Айлық» пен «байлықтың» арасы – бір-ақ әріп. Әлдебір күш бізді әбден қорқытып тастаған. Қорқыныш, қорқыныш және тек қана қорқыныш. Байлық – еңбектің көрсеткіші. Басқа ештеңе емес.
Айтыңызшы, бала кезінде кім «бай, кәсіпкер болам» деп армандады? Ешкім. Ген. Ата-анасының қорқынышы балаға дарыған. Мойындайық, біз өздігімізден жұмыс жасай алмаймыз. Басшының айтқанымен ғана жүреміз. Онсыз абдырап қаламыз.
Шағын кәсіп ашып, шаруасын дөңгелетіп жүргендер бар. Оларға қарата «қайбір қырып табады дейсің. Ішім-жемінен аса алмайды ғой» деп кете береміз. Қысқаша айтқанда, өзіміз жасай алмаймыз және біреудің жасағанын қабылдай алмаймыз.
Бізді «қоғам адамсыз, адам қоғамсыз өмір сүре алмайды» деп үйретті. Бұл да – ең сорақы сөз. Адамды қоғам ішінде ұстап тұру үшін айтылған. Кәсіпкер – қоғамнан мүлде бөлек ойлайтын адам. «Біреуге жұмсаған күш-қуатымды неге өзіме жұмсамасқа?» деді бір күні ол. Барлығынан бас тартты. Тіпті, отбасы да оған қарсы болды. Қарызға да батты. Жасап жатқан шаруасы да жүрмей қойды. Бірақ мойыған жоқ. Бес жыл, әлде он жыл күтеді. Мақсатына жетпей қоймайды. Әлгіндей ой барлығына келген. «Мына қарызымнан құтылайын, сосын көрермін. Бұл жұмыстан айырылсам, не болмақ? Кәсіп аштым делік, бірақ ол табыс әкеле ме? Сатқан затымды біреу ала ма?» дейді ол. Оның үстіне: «Қайтейін деп едің?! Тап-тамаша жұмысың бар», – деп одан сайын жанши түседі.
Бір досым бар. «Дүние – боқ», – дейді. Ең алдымен сол дүниені көріп алсайшы. Содан кейін айтарсың. Құдды бір байлықты көргендей айтады. Мәселен, Будда байлықтан безген жоқ, жасанды дүниені тәрк етті. Сол досым күзетте жұмыс жасады. Біз оған: «Өмір бойы осылай жүрмекпісің?! Дені дұрыс қызмет тауып берейік», – деп үгіттедік. «Құрып кетсін ондай жұмыстарың. Осы жұмысым жақсы», – деген досымыз қазір мемлекеттік мекемеде отыр. Сол досымыздың күндердің күнінде «кәсібің құрысын» деп бизнеске кететініне сенімдімін. Іштей қалаймыз бәріміз, бірақ… Бізді өлтіретін – осы «бірақ».
Мамандығым – заңгер. Жұмысым газетте. Ойлап көріңізші, әлгі мамандықты алты жыл оқыдым. Үш жылы – колледж, үш жылы – университет. Шәкіртақыға оқысам жақсы ғой. Ысырап. Қайран уақыт! Босқа кеткен уақыт. Алты жылда қаншама қаржы кетті. Далаға. Кәдімгідей.
Ненің кесірі? Намыс. «Менің балам кімнен кем?». Жағдай жоқ па – оқытпа. Жұмыс істесін. Мамандықсыз да жұмыс табуға болады. Басына түссе – істейді. Мендей жастар қаншама десеңізші? Қоғамнан тысқары кете алмайтындығымыздың көрінісі.
Мұндай ой саябақта жүргенде келді. Турасын айтқанда, өзімше шағын кәсіппен айналыспақшы болдым. Бастыққа емес, балаларға қызмет еттім. Өзіме қызмет жасадым. «О, тоба! Не мынау?! Уақыттың қадірін қалай білмей келгем?! «Уақыт – ақша» деген осы екен ғой» дедім іштей. Бұрын жұмысқа асықпай баратынмын, енді ерте баруға тырысатын болдым. Өйткені бұл – менің жұмысым, керек десеңіз, кәсіпорным, патшалығым. Маусымдық дүние болғандықтан, бұрынғы жұмысыма оралуыма тура келді. Содан бері – сағыныш. Патшалығымды сағынып жүрмін. Түсініп қойып, оны жүзеге асыра алмаудан қиямет жоқ.
Содан соң әлемдік кәсіпкерлердің өмірбаянын қарап шықтым. Стив Джобс. Технологияны жақсы білген адам деп ойлайсыз ба? Жоқ, мықты менеджер. Жасау бөлек те, сату бір басқа. «Apple-дің» не ерекшелігі бар?! Ешқандай. Бастысы – бренд. Стив мұны брендке айналдырды. Қоғамның санасына сіңірді. Айфонды ешкім қажеттілік үшін ұстамайды, мақтаныш қана. Ал бұл қазаққа жақсы таныс.
Кока-кола. Тәтті сусын. Бар болғаны – сол. Бірақ бәрі құмар. Қазір бұл сусын туралы неше түрлі қауесет бар. «Зиян» дейді. Бірақ содан бас тартып жатқан адамды көрген емеспін. Өйткені бұл не? Иә, бренд. Бренд қайдан пайда болады? Бір нәрсені айта берсе, бір нәрсені көрсете берсе, адамда, біріншіден, қызығушылық пайда болады. «Не бұл ел айтып жүрген?» дейді.
Қарап отырсаңыз, ең бай брендтердің көбі техникаға қатысты. «Google», «Microsoft» т.б. Тағы бір қызығы – ойлап тапқандар емес, оны дамытқандар байып отыр. Сөзімді нақтылап өтейін: мысалы, кока-колаға дейін сусындар болды ғой, олардың иесі неге танымал бай емес?..
«McDonald’s-тің» тарихын білесіз бе? Дик және Мак Макдональд атты ағайындылар ойлап тапқан. Тамақты жылдам пісірудің технологиясын меңгереді. Тұтынушының тапсырысы 30 секундта дайын болады. Бір күні бұл ғажап дүниені Рей Крок көріп, таң-тамаша болады. Ағайындылармен танысып, «McDonald’s-тің» құрылуымен танысады. Рей Крок – өте тәуекелшіл адам. Тіпті, үйін кепілдікке салады. Кәсіпкерге де керегі де – осы. «McDonald’s-тің» қомақты ақша әкелетінін сезеді. «McDonald’s» – отбасының бас қосатын мекені» деп түйіндейді. «Мұндай орын әлемнің әр түкпірінде болу керек» дейді және жүзеге асырады. Ағайындылар ойлап тапты, Рей Крок онан әрі дамытты.
Facebook. Цукерберг те – дамытушы. Бастысы, негізі болды, енді оны толыққанды дүниеге айналдыру ғана қажет еді. Ол оны жүзеге асырды. Былай қарап отырсаңыз, түкке қажет дүние емес. Маркқа «мұны кім пайдаланады?» дегендер болды ғой. Керек емес нәрседен қажет дүние жасады.
Екі кәсіпкер болыпты. Бірі: «Африкада болдым. Аяқкиім сатайын деп едім. Ол жақта ешкім аяқкиім қажет етпейді екен. Барлығы жалаңаяқ жүреді», – дейді. Сонда екіншісі атып түрегеліп: «Мынауың – таптырмас бизнес қой. Міндетті түрде сату керек», – деп айтқан екен. Қажетсіз нәрседен қажеттілік байқау деген – осы.
«Мейрамхана кәсібі бар, киім-кешек сататындар көп. Басқа не сатуға болады?» дейсің іштей. Әдіс-тәсіл мен оның атауы. Мейлі, ол асхана болсын. Қоғамның санасымен ойна. Тұрсынбек айтпақшы, «бірдеңе істе».
Мына мақаланы екі сағат жаздым. Екі сағатта бір кәріс кәсіп ашып, бір ағылшын маңызды келісімшарт жасап, бір еврей зауыт ашты. Қайсысынікі пайдалы? Мүмкін, бұл мақаланы бес адам оқыр, бәлкім, он, мейлі, жүз болсын! Біреуі «дұрыс айтасың» дер, екіншісі «өзіміз де білеміз» дейді, үшіншісі үнсіз қалар. Содан соң газет шаң басып бір жерде қалады немесе тамызық болар. Ал одан не пайда? Жарайды, осыдан соң бір қазақ шабыттанып кәсіп ашты делік. Менің мақсатым сол ма еді? «Журналист мәселе көтереді, шешпейді» дейміз де тағы. Мүмкін, бұл наз болар, бәлкім, жанашырлық. Кім білген?!
Ерболат ҚУАТБЕК,
«Temirtau tynysy»