Велошабандоз Жұмабай Отарғалиев Қарағандыға жетті

Ақтөбелік велошабандоз Жұмабай Отарғалиев Қазақстан бойынша саяхатқа шықты. Ардагер-энтузиаст Қарағанды облысына жетті. Жастардың 69 жастағы саяхатшымен кездесуі Н. Әбдіров атындағы Қарағанды спорт сарайында өтті.

Жұмабай Отарғалиев темір жол саласында 40 жылдан астам еңбек етіп, жылдар бойы спортпен шұғылданған. Зейнеткерлікке шыққаннда ақсақал волейболмен айналысып, велосипедті тізгіндеп, армандарын орындай бастаған.

– Мен Қазақстанды велосипедпен аралауды армандадым. Саяхатқа шығу үшін көп дайындалған жоқпын. Онсыз да күн сайын велосипедпен жүремін, маған бұл өте ұнайды. Бұл Қазақстан бойынша бірнші саяхат, 2–3 мың км жүріп өттім. Қазір мен күніне 12–15 сағат жүремін, содан кейін демаламын. Айналамда туған дала, табиғат, жақсы адамдар. Ауа-райы әрдайым қалыпты бола бермейді, бірақ бұл менің сапарымның қуанышын бұзбайды, керісінше шыңықтырады. Сонымен қатар, сапардың басында мен бата алдым, бұл көп көмектеседі. Мен әрқашан ардагерлер кеңесінің мүшелерімен байланыстамын, – дейді ақсақал.

Жұмабай Отарғалиев 21 маусымда Атыраудан бастау алды. Қазір ол Ақтөбе, Орал, Жезқазған, Қызылорда, Түркістан, Тараз, Өскемен, Семей, Павлодарда 6 мың шақырым жүріп өтті. Алда 3 мың шақырымнан астам жол және жаңа қалалар – Астана, Көкшетау, Петропавл, Қостанай. Атырауда велосаяхат аяқталады.

Ардагер өзінің сапарын Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдығына, Қазақстан астанасының 25 жылдығына және Шу – Мойынты теміржолының 70 жылдығына арнады.

Жаңалықтарды Instagram парақшамыздан оқыңыз