Еліміз үшін ең қасиетті күн
«Отан, Отан! Сен болмасаң нетер ем? Мәңгілікке бақытсыз боп өтер ем!» Қандай керемет айтылған. Мұны тәптіштеп түсіндіріп жатудың өзі артық. Қазақстан Республикасына деген әрбір азаматтың мақтаныш сезімі осылай деп атойлап тұруы керек. Әсіресе, мереке кезінде осы сезімнің шалқитындай реті бар.
1990 жылы 25 қазанда Республиканың жоғары кеңесі еліміздің тәуелсіз мемелекет ретінде дамуының құқықтық негізін қалаған Декларацияны қабылдады. Осы тарихи маңызды қадам арқылы Қазақстан дербестіктің, тәуелсіздіктің алғашқы баспалдағын басты. Ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы аңсап өткен Тәуелсіздікке қол жеткіздік. Содан бері еліміз талай-талай асқарлы асуларды бағындырды. Өтпелі кезең ауыртпалықтарын бастан өткізіп, оңай тимеген экономикалық, саяси реформалар жүзеге асырылды. Қазақстанды бүгінде әлем жұртшылығы нарықтық экономикалық-демократиялық ел ретінде таниды.
Елімізде халықтар достығы жақсы сақталып келеді. Ел бірлігін сақтауда татулықтың үлкен байлық екендігін бүгінде Қазақстан халықтарының барлығы айқын сезінеді. Біз туған мемлекетіміздің тәуелсіздігін баянды етуге, қуатын арттыруға, оның игілігіне, халықаралық қоғамдастықта абыройының өсуіне адал қызмет етуге парыздармыз. Қазақстан халқы өзінің ұлтына, сеніміне, жасы мен дүниетанымына, білім деңгейіне қарамай, еліміздің гүлденуіне бағытталған әлеуметтік-экономикалық, саяси-қоғамдық өміріне белсене араласуға тиісті.
Қазір Қазақстан – көп елдермен терезесі тең, елдік рәміздері анық, мәртебесі беделді мемлекет. Ал, осы биік белестерге бастаған айтулы күн 13 жыл ұмыт қалған еді. Алайда өткен жылы Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда қастерлі күнді қайта оралту қажеттігін айттып, Ұлттық мереке ретінде тойланып жатыр. Ел болып қалыптасуымызға септігі болған, қаншама маңызды құжаттар қабылданған бұл күн – әр қазақстандық үшін қасиетті күн. Сондықтан, әрбіріміз мерекенің маңызын сіңіре отырып, атап өтуіміз керек. Алдыңғы толқын ағалар жас буынға ел тарихындағы осындай айтулы күндердің бағасын ұқтырып, мәнін айтуы керек. Елді бірлікке, ауызбіршілікке шақыруда аға буынға артылар жауапкершілік көп. Өйткені, қазақ қоғамында қашанда жұрттың келешегі, ұрпақтың болашағы қарияларына байланысты болған. Ендеше барша замандастырымды осы мақсатқа жұмылуға шақырамын. Республика күні құтты болсын! Жаратушымыз халқымызды ынтымағынан, жерімізді тұрақтылықтан айырмасын! Еліміздің іші даудан, сырты жаудан аман болсын!
Досан ДУЛЫҒАЛЫ.
Жаңалықтарды Instagram парақшамыздан оқыңыз