ВУНДЕРКИНД
Адам білген сайын, білімі ұлғайған сайын маңғаздана түседі. Ол шартты дүние. Қазақтар оны «көзі ашық, көкірегі ояу» дейді. Көп білетін адамды білімдар, данагөй, данышпан, һәм еуропаша айтқанда вундеркинд деп жатамыз. Жалпы біз вундеркинд деген сөздің түп мағынасын түсініп жүрміз бе? Көп білген бөлек те, сүбелі ой айтқан мүлдем бөлек. Өз ойын пайымдап, сөзімен зіл тастай алатын адамдарды вундеркинд деп атасақ, қателеспейміз. Әуезовтың «Абай жолы» 4 томдығын немесе Дантенің «Құдіретті комедиясы» 3 бөлімін жаттап алғанның барлығын вундеркинд дей бермейміз ғой. Оларды біз тотықұс дегеніміз жөн шығар. Петрарка не айтса соны айтады, Шекспирдің жазғанынан асып кете алмайды. Өткен жылдары Шахановтың барлық өлеңдерін жатқа білетін вундеркинд-бала шықты деп шулады жұрт. Білсе, білетін шығар. Бірақ, сол өлеңдердің мағынасын жете түсінеді ме екен? Тағы да қайталап айтамыз, жады есте сақтайды да, сана мида қорытады. Дегенмен, ол баланың болашағына сеніміміз мол. Өйткені, ондай қаншама дарындар жер бетінде өмір сүрген әр кезеңде.
Солардың бірі, бірегейі – Уильям Джеймс Сидис (ағылшынша Сайдис деп атайды). 1898 жылы 1 сәуірде Нью-Йорк қаласында дүниеге келген. Әке-шешесі де аса білімді адамдар болған деседі. Әкесі Борис психология саласындағы бірнеше кітаптардың авторы және де полиглот болған. Анасы Сара дәрігер қызметін тастап, бар өмірін Уильямға білім берумен өткізген. Уильям 18 айлығында «Нью-Йорк Таймс» газетін оқи бастайды. Бір жасында жазуды үйренеді. Ал төрт жасқа толғанда Уильям Гомерді түпнұсқадан оқып шыққан. Алты жасында Аристотельдің логикасымен таныса бастайды. Төрт пен сегіз жас аралығында төрт кітап жазып, осы кезеңдерде сегіз тілді меңгерген. Сегізіншісі өзі ойлап тапқан «Vendergood» атты тіл. Есейген шағында 40 тілді меңгерген екен, кейбір деректер бойынша оның саны 200-ге жетеді. Ал 11 жасында Гарвард университетіне оқуға түсіп, ең жас студент атанады. Ол кибернетиканың атасы болып есептелетін Норберт Винер, сазгер Роджер Сешнстермен бірге оқыды. Университетте өзінен үлкен балаларға дәріс оқиды. Ол теміржол жолақы билеттерін жинап «АҚШ-тың альтернативті тарихы» атты зерттеу жұмысын жазып шығады. Математика, анатомия, психология, экономика, космология, тарих саласы бойынша біраз дүниелерді зерттеген. Әйел атаулыдан бас тартып, бүкіл ғұмырын ғылымға арнаған Уильям қоғамнан оқшау жүргенді қалады. Уильям Сидис 1944 жылы небәрі 46 жасында миына қан құйылып фәниден бақиға аттанды.
Оған білімпаз ретінде ғана емес, ғылымның әрбір саласында қалам тербеген тұлға ретінде қараймыз. Жады мен сана қабысқан сәт дейді бұндайда. Вундеркиндтің вундеркинд аталауының басты себебі – жасына жетпей асқан білімдар болуында екені әлімсақтан белгілі. Ондай құбылыс қазақ топырағында да болған. Оны біз мақтанышпен айта аламыз. Ол – Төрегелді Төлеубаев. Семейдің тумасы. Төрегелді жайлы қазақ сатирасының саңлағы, журналист марқұм Мартбек Тоқмырзаның «Бір бала» атты көлемді мақаласы облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің 2004 жылғы 30 қыркүйегі күнгі санында жарияланған еді. Мартбек Тоқмырзаның зерттеуі бойынша, Төрегелді Еркебұланұлы Қарағандының қазақ-түрік лицейін бітіргеннен кейін, Түркияның Фатих және Американың Вашингтон университеттерінде білім алған. Төрегелді Уильяммен салыстырғанда 20 ғана тілді білсе де, ойы мен пайымы жағынан кем болмаған. Атап айтқанда, ағылшын, француз, неміс, италян, араб, парсы, тәжік, түрік, әзірбайжан, қырғыз, түркімен, татар, башқұрт, поляк, украин, болгар, серб, латыш және орыс тілдерін білген екен. Түркия университетінде оқып жүріп, «Тойфл» тапсырады. Максимальды 670 ұпайдың 660-ына жетеді. Оның «Жаһандық оқу сыныбы» атты ғылыми жобасы негізінде Аргентинаның Ля-Александрия, ОАР-ның Порт-Элизабет, Жаңа Зеландияның Окленд университтерінде және Жапония, Эритерия университеттерінде сабақ жүргізіліп келеді. Оған 80-нен аса профессорлар мен магистрлар қатысады екен. Түркияда тәлім алып жүрген жылдары Төрегелді Түрік Еуразиялық іскерлер кеңесінің аймақтық кординаторының көмекшісі болып, одан кейін Түркияның сыртқы экономикалық қатынастар комитетінде жұмыс істейді. Сонымен қатар, ол 17 елдің президенттері мен премьер-министрлердің протоколдарын жазуға қатысқанын Мартбек ағамыздың көлемді мақаласы арқылы біліп отырмыз. Олар – сол кездегі Франция президенті Жак Ширак, Түрікменбашы Сапармұрат Ниязов, Қырғыз президенті Асқар Ақаев, Әзірбайжан президенті болған марқұм Гейдар Әлиев, Украина президенті Леонид Кучма, Ресей премьер-министрі болған Михаил Касьянов еді.
Төрегелді болса 3 жасынан бастап хат таныған. Әлемнің саяси картасындағы барлық елдің қай жерде орналасқанын, оның астанасы қандай екендігін сол уақыттарда жаттап алған деседі. Бес жасында жазуды үйренеді. Бала кезінде теледидардан үзбей көретін «Халықаралық шолу» хабарының сол кездегі жүргізушісі Фарид-Сейфуль-Муликовқа хат жазған екен. Хаттың мазмұны мынадай: «Менің елші болғым келеді. Сол арманыма жету үшін не істейін». Төрегелді небәрі 24 жасында көлік апатынан қаза тапты. Қысқа ғана ғұмырында өшпес із қалдырды артында.
Біз көп нәрсені біле бермейміз ғой жалпы. Дарынды адамның туып, өмірден өткенінен де бейхабар күйде тіршілігімізді жалғастырып келеміз. Мартбек Тоқмырзаның осы бір ғана мақаласы бізді осындай күйге бөлеп отыр. Төрегелді Төлеубаев жайлы білмегеніміз үшін қымсынып отырмыз.
Вундеркиндтер брендке айналуы тиіс. Осыған байланысты бірнеше ұсынысымыз бар:
1) Кітапқа арнап мүсін қою керек. Адамзатты топастықтан сақтап қалған осы кітап. Біздің елде символикалық ескерткіштер жоқ. Сонда, халықтың кітапқа деген құрметі арта түседі. Несі бар, өткен жылдары «Шахтер» футбол клубының құрметіне аллея ашып, допқа арнап мүсін соқтырдық қой.
2) Төрегелді Төлеубаевтың құрметіне еліміздің беделді университетінен аудитория ашып, полиглоттар жайлы дәріс жүргізуіміз керек. Сонымен қатар, Төрегелді меңгерген тілдерді студенттерге үйрету ләзім.
3) Жоғарыда айтқан Төрегелді Төлеубаевтың «Жаһандық оқу сыныбы» атты ғылыми жұмысы жоғарғы оқу орны бағдарламасына енсе, құба-құп болар еді.
4) Төрегелді жайлы естелік кітап шығарылса. Ол жайлы әлемнің беделді оқу орындарының профессорлары мен магистрлары естеліктері мен пікірлерін айта алатынына сенімдімін.
Біз жаздық, қолдау сізден болсын, ағайын!
P.S. Шахановтың өлеңдерін жатқа білетін баланы назардан шығарып алмайық! Болашақ Төрегелді мен Уильям сол бала шығар…
Ерболат ҚУАТБЕК,
«Temirtau tynysy»