Теміртауда отбасылық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталығы ашылды

Бүгін Теміртау қаласында отбасылық дағдарыс орталығы ашылды. Бұл Қарағанды облысындағы дәл осы салаға бейімделген алғашқы мемлекеттік мекеме. Осы уақытқа дейін жәбір көрген ана мен баланың мәселесін үкіметтік емес ұйымдар өз қолына алып, қайырымды жандардың есебін қолдап келген болатын. Енді отбасындағы озбырлықтан қашқандарға пана болып, өмірге бейімдеу ісі мемлекет қаражатына жүзеге аспақ.

Жаңа құрылған мекеме бір мезетте 50 адамды қамтиы алады. Оларға психолог, жұмыспен қамту бойынша маман, дәрігер тәрізді 36 қызметкер көмек қолын созбақ. Қазірдің өзінде қажет мамандардың бір парасы жұмысына кірісіп үлгеріпті. Мекеме толық мемлекет қаражаты есебінен жұмыс істейді. Көмек сұрап келген азаматтарды, балаларды озбырлықтан құтқарып қана қоймай, оларды жұмысқа орналастыру, өмірге бейімдеу және психологиялық қолдау шаралары да қарастырылған.

  • Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тұрмыстық саладағы құқық бұзушылықтарға жауапкершілікті қатаңдатуды және жәбірленушілерге қажет көмек көрсетуді тапсырған болатын. Біз осы басымдықтарды негізге ала отырып, өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларға, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына тиісті деңгейде көмек көрсету мақсатында осы орталықты аштық. Бұл біздің қаламыз үшін өте маңызды оқиға деп есептеймін, — дейді қала әкімі Ораз Тәуірбеков.

Қиындыққа душар болған жандарға арналған орталыққа қазірдің өзінде 5 әйел орналастырылған екен. Сәбилерін құшақтаған аналардың басқа барар жер, басар таулары қалмаған. Сөйтіп, өзгенің өміріне бейжай қарамайтын азаматтардан осы жердің барын естіп, көмек сұрай келіпті.

  • Күйеуім мені екі баламмен бірге үйден қуып шықты. Менің бұл қалада туыстарым не таныстарым жоқ. Өзім негізі Алматы облысынанмын. Бірақ, ол жаққа баруға қаражатым да тапшы. Әрі бара қалған күннің өзінде құшақ жайып, күтіп отырған етжақыным жоқ. Баламның үлкені 2 жаста, кішісі 1 жасқа толды. Мына суықта оларды арқалап, қайда барамын? Осы қиын кезеңде қайырымды жандар арқылы көмек көрсететін жердің барын білдім. Бастысы балаларым жылы жерде. Енді әрі қарайғы өмірімді оңалту, балаларға дұрыс жағдай жасау жағын ойластырамын, — дейді Дағдарыс орталығын паналаған ананың бірі.

Ескі қалада орналасқан дағдарыс орталығы 2 қабаттан тұрады. Іргетасы баяғы кеңестік дәуірде қаланған. Еңселі әрі жарық ғимарат. Жөндеу жұмыстары да сапалы жүргізіліп, жанға жылылық ұялатарлық деңгейде. Әрі келушілер үшін барынша қолайлы болу жағы да қарастырылыпты. Жатын орыннан бөлек, демалыс бөлмесі, балалардың ойын бөлмесі, ас үй мен кір жуу бөлмесі қарастырылған. Олардың барлығы қажетті жабдықтармен қамтылыпты. Ал, бірінші қабатта қызметкерлер бөлмесі орналасқан.

  • Біз алдағы уақытта үкіметтік емес ұйымдармен, құқық қорғау органдарымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейміз. Қиын жағдайға тап болған азаматтарды анықтап, оларды өз қамқорлығымызға аламыз. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған жандар мұнда 1 жылға дейін тұра алады. Егер осы уақыт аралығында мәселелері шешілмесе, тұру уақытын тағы 6 айға созу мүмкіндігі де қарастырылады, — дейді «Теміртау қаласының әлеуметтік көмек көрсету бойынша дағдарыс орталығы» КММ директоры Әсел Нәбиева.

Дағдарыс орталығының кіре берісінде Сүзгі (Фильтр) кабинеті орналасыпты. Келушілер бірінші кезекте дәрігерлердің бақылауынан өтеді. Осыдан соң бос бөлмелерге орналастырылады. Егер қажет болған жағдайда төсек-орындар санын көбейту мүмкіндігі де қарастырылған екен.

 

 

Жаңалықтарды Instagram парақшамыздан оқыңыз