Моноқалаларды дамыту — маңызды
Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков Қарағанды облысына жұмыс сапарымен келіп, бірқатар өндіріс ошақтары мен әлеуметтік нысандарды аралады. Теміртауға да арнайы ат басын бұрғын вице-министр «Жастар үйіне» барып, нысандағы құрылыс жұмыстарының барысымен танысып қайтты.
Жоспар бойынша «Жастар үйі» жобасы мыңға жуық азаматтарды қамтып, олардың бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасауы тиіс. Әрі ғимараттың өзі де жастар үшін таңсық емес. Бұл жерде бұрын колледж болған еді. Кейін біраз жыл қараусыз қалып, қаңырап тұрды. Қазір қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.
- Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында өңірлерге шығып, аймақтардың ахуалымен танысып жүрміз. Әсіресе, моноқалалардың дамуы баста назарда тұрған мәселе. Үкіметте бұл бағыт бойынша арнайы қабылданған бағдарлама да бар. Яғни, моноқалалар қала құраушы кәсіпорынға ғана арқа сүйеп отыра бермей, экономикасын әртараптандыру керек. Бұл ретте Қарағанды облысында Саран қаласы жақсы нәтижелерге қолжеткізді деп сеніммен айтуға болады. Ал, Теміртауға қатысты мұндай жоба болмаған екен. Қала тұрмысы негізінен металлургиялық комбинатқа тәуелді. Келешекте бұл қаланың экономикасын әртараптандыру бойынша жұмыстар жүргізіледі, — деді вице-министр.
Сонымен қатар, Бауыржан Омарбеков «Жастар үйінен» алған әсерімен де бөлісті. Нысанда 150 орындық акт залы, спорт және би залдары мен 2 коворкинг орталығы болады деп күтілуде. Бұл қаладағы жастардың өмірге құлшыныспен қарауына, қоғам өміріне белсене араласуына ықпал ете алады.
Жаңалықтарды Instagram парақшамыздан оқыңыз