Теміртау қаласының әкімдігі 37 жас маманға баспаналы болуға көмектесті
Теміртау қаласында өткен жылы 37 жас маман баспаналы болды. Олардың пәтер алуына қалалық әкімдік қолдау көрсеткен. Үйлі болғандардың аласында білім беру, денсаулық сақтау саласы мен техникалық мамандық өкілдері және журналист бар.
Қала әкімінің баспасөз хатшысы Гүлнұр Әбдіғалиеваның айтуынша, «Теміртау жастары» бағдарламасын қалалық әкімдік пен «Отбасы банк» бірлесіп жүзеге асырған. Бағдарлама аясында 37 азаматқа жеңілдетілген несие беріліпті. Олардың он бесі білім беру саласында жұмыс істейді. Ал, тоғыз маман денсаулық саласының қызметкерлері. Сондай-ақ, техникалық бағытта жұмыс істеп жүрген 12 маман мен 1 журналист бар.
– Қатысушыларға қойылатын негізгі талаптар: Қазақстан азаматы болуы, қатысушының және оның отбасы мүшелерінің Теміртауда тұрақты тіркелуі, 35 жасқа дейін (қоса алғанда) болуы, қатысушының және отбасы мүшелерінің соңғы 5 жылда жылжымайтын мүлігі болмауы, өтініш берген сәтте Теміртауда таңдалған қызмет саласында ресми жұмыс өтілі кемінде бір жыл болғаны зейнетақы шотынан үзінді көшірмемен расталады, — дейді Гүлнұр Әбдіғалиева.
Жас мамандарға арналған жеңілдетілген ипотекалық несие беру бағдарламасы биыл да жалғасын табады. Оған мемлекеттік медициналық ұйымдардың штаттық қызметкерлері, педагогтар, спортшылар, журналистер, әлеуметтік қызметкерлер, мәдениет және “Qarmet” компаниясының өкілдері қатыса алады.
Жаңалықтарды Instagram парақшамыздан оқыңыз