Қазақстан халал өнімдерін сертификаттау құқығына ие болды
Қазақстан БАӘ халықаралық аккредиттеу орталығынан халал өнімдерін сертификаттау және Қазстандарт зертханасын аккредиттеу туралы ресми құжат алды.
Бұл жаңалықпен премьер-министрдің орынбасары — сауда және интеграция министрі Бақыт сұлтанов әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісті.
Оның айтуынша, Қазақстанның шетелге жеткізетін тауарлар тізімін кеңейтуге мүмкіндік туындады.
Бүгін біз БАӘ халықаралық аккредиттеу орталығынан Халал өнімдерін сертификаттауды жүргізу құқығымен Қазстандарт зертханасын аккредиттеу туралы ресми құжат алдық! Ел ішінде Халал халықаралық сертификатын алу мүмкіндігі экспортты арттыруға ынталандырады деп сенемін. Егер қазір кәсіпорындар халал сертификатын алу үшін (импорттаушы елде) партияға $7 мыңнан $30 мыңға дейін жұмсаса, Қазақстандағы сертификаттау құны сериялық өндіріске 700 мың теңгеден ($1,5 мың) басталады, ал партияға 90 мыңнан 700 мыңға дейін, — деп жазды ол.
Бақыт Сұлтановтың сөзінше, бұл зертхананың сертификаттау нәтижелері Парсы шығанағындағы барлық араб мемлекеттерінің (Бахрейн, Катар, Кувейт, БАӘ, Оман, Сауд Арабиясы) аумағында мойындалатын болады.
Сонымен қатар экспорт көлемін басқа аймақтарға, мәселен Иран, ТМД, Түркия және т.б. елдерге ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Айтпақшы, біздің зертхана ЕАЭО пен Орталық Азиядағы халықаралық талаптар бойынша аккредиттелген жалғыз зертхана болып табылады. Демек біз Халал бойынша өңірлік хабқа айналудамыз, — деді Сұлтанов.
Жаңалықтарды Instagram парақшамыздан оқыңыз