«Елуге келген азамат неге жылады?» немесе интернет алаяқтық өршіп тұр

Ойламаған жерден миллиондаған қарызға батып, опық жеп қалу оп-оңай. Егер ол ақшаны өзіңізге, қажеттілігіңізге жаратсаңыз бір жөн ғой. Жоқ, өмірде көрмеген, көлденең көк аттыға ұстатып жібересіз. Әрі қарай сарсаңға салатын тергеу мен сот процесі жатыр. Қаншама уақыт пен жүйкеңіз құриды. Оның өзінде, үкім сіздің пайдаңызға шешілсе жақсы. Кейде сот қарызды жәбірленушінің мойнына асып қоятын сәттер де жиі кездеседі. Бұл интернет алаяқтық өршіген шақтағы өзекті мәселеге айналып отыр. Толығырақ тарқатсақ.

«Ерімнің жылағанын алғаш көрдім»

Күн сайын жаңалықтар лентасынан алаяққа алданғандар туралы ақпаратты көзіміз шалып қалып жатады ғой. Осы жолы редакциямызға хабарласқан бір келіншек, өз оқиғасымен бөлісуді жөн көріпті. Айтуынша, алаяқтар күйеуінің атынан 6 миллион, өзінің атынан 1 миллион теңге несие рәсімдеген. Оны бұлар төлем уақыты келіп, банктер хабарласқан кезде бірақ біліпті.
— Төбемізден жай түскендей болдық. Жұмыстан үйге келсем, күйеуімнің еңсесі түсіп кеткен. Арыстай азаматымның бұлай бір уыс болып бүрісіп, жасып қалғанын алғаш көруім. Не болғанын сұрап едім, алаяқтардың торына түскенін айтты. Ертеңіне жедел банктерге бардық. Атымыздан несие рәсімделгені рас екен. Екеуміз де сауатымыз бар, көзіміз ашық адамдармыз. Мұндай тұзаққа қалай түскеніміз белгісіз. Иә, арасында түрлі хабарлама келіп жататын. Күмәнді сілтемеден өтпеген едік. Бәлкім, немереміз телефонымызды алып, ойнап жүргенде басып қойды ма екен. Білмеймін, — дейді жәбірленген келіншек.
Қазір бұл азаматтар полицияға арыз жазып, істі тергеу басталып кеткен. Құқықтарын қорғау үшін адвокат жалдап, оған да біраз шығындалыпты. Егер алаяқтар торына түскені дәлелденсе жақсы. Ал, басқаша болса қартайған шақтарында қарыз арқалап қалмақ…

«Қалай алданғанымызды
аңғармай қалдық»

Алдыңғы кейіпкердің оқиғасын әлеуметтік желіге жариялап едік. Өздері де дәл солай торға түсіп қалғанын айтқан бірнеше адам хабарласты. Солардың бірі – Қарқаралы ауданының тұрғыны Роза апай. Мектепте мұғалім болып жұмыс істейді екен. Алаяқтар бұл кісінің және күйеуінің атынан жалпы соммасы 8 миллион 700 мың теңге несие рәсімдеген.
— Ауылда тұрамыз. Мен жұмыста жүрген кезде күйеуіме біреу хабарласып, «Телефоныңыздың сим картасының уақыты біткен. Жаңарту қажет. Ол үшін 4 санды код келеді, соны айтыңыз», деп хабарласқан. Аңғал күйеуім айтып қояды. Артынша Ұлттық банктенмін деп Аян деген азамат қоңырау шалып, алаяқтардың күйеуімнің атынан 3 млн теңге рәсімдегенін хабарлайды. Оны дереу тоқтату үшін бір қосымшаны жүктеу қажет екенін ескерткен. Тіпті, сөзіне сендіру үшін видео байланысқа шығып, бастығымен де таныстырады. Күйеуін солардың айтқанының бәрін істеген. Кешке мен жұмыстан келген соң оқиғаны айтып берді. Сөйтіп отырғанда Аян қайта хабарласып, менің де атымнан несие рәсімделгенін жеткізді. Аңқау басым солардың айтқанын мен де орындадым. Бұлар алаяқтар ғой деген ой келмепті басыма. Сөйтіп бұл мәселе жабылғандай болған еді. Бірнеше күннен соң, күйеуімнің айлығы түсті. Бірақ, бірден жоғалып кетті. Сол кезде күдіктеніп, жүгіріп едік. Сөйтсек, осындай жағдай болған екен. Енді не істерімізді білмейміз, — дейді Роза апай.
Жәбірленушілер бірден жергілікті полиция бөліміне барып, арыз жазбақ болады. Бірақ, олар банктен қағаз әкел деп қайтарып жіберген. Содан облыс орталығына, прокуратураға шағымданып жүріп, арызды тіркейді. Қазір тергеу жүргізіліп, істің мән-жайы анықталып жатыр. Бір қызығы, бұл кісілер осы оқиғаға дейін өздері несие алмақ болып банкке хабарласқан екен. Бірақ, ол кезде банктер несие беруден бас тартыпты.

Алаяқтыққа қарсы алаяқтық

Қазақстанда интернет алаяқтықтың өршіп кеткені соншалық, олар әлеуметтік желіде ашық түрде жарнама жасап, жұртты шақырудан жасқанбайды. Мәселен, қазір желіде «Алаяқтардың арбауына түстіңіз бе? Онда бізге хабарласыңыз. Кеткен есеңізді қайтарып, қарызыңызды жауып береміз» деген жарнамалар көбейген. Бірақ, бұл мүмкін емес нәрсе ғой. Мүмкін болған күннің өзінде жеке фирмалар мен адамдардың емес, қолында заң өкілеттілігі бар, құзырлы органдардың қолындағы шаруа. Иә, кәсіби заңгерлер мен адвокаттар көмек беріп, сот үкімі арқылы мойныңызға ілінген борышты банктердің өзіне асып беретін шығар. Бірақ, ешкім сізге алаяқтар ұрлаған ақшаңызды қайтарып бере алмайды. Сондықтан, көрінген жарнамаға сенуден де аулақ болғаныңыз жөн.
Тағы бір ескеретін, аса маңызды дүние, сілтемелерді басудан сақ болу. Егер сізге «Дауыс жинауға көмектес. Байқау. Тегін дүние» деген сілтемелер келсе, бұл алаяқтар болуы мүмкін. Бірден сайттың домендік атауына зер салыңыз. Әдетте алаяқтар шетелдік серверлерді қолданатындықтан, сайт атауы түсініксіз болып келеді. Мүмкіндігінше, сілтемеден өтпеуге тырысқан өзіңізге пайдалы.
Жасанды интелект деген дүние соңғы жылдары қарқынды дамыды ғой. Қазір біреудің суретіне жан бітіру, даусын көшіріп алып, дәл сол дауыспен хабарласу сөз болмай қалды. Сондықтан, «Сақтансаң сақтаймын» деген сөзді санаңызға берік құйып алып, барынша қауіпсіз болуыңыз қажет.

Онлайн несиені тоқтатын кез келді

Осы күні кредит деген сөз қазақтың жанына түрпідей түйетін болып жүр. Басында несиесі жоқ адам көрмейсің. Құрығанда қолындағы телефоны несиеге алынған болып шығады ғой. Сол оңды-солды алынған несиені кейін төлей алмай, банктердің қара тізіміне енген қаншама борышкер жүр арамызда. Алаяққа алданып, сан соғып қалғандар қаншама. Қайтпек керек?
«Қазақстан жеке тұлғалардың шамадан тыс кредиттенуін проблема ретінде мойындады. Дәл осы кезде, екі мәселенің басын ашып алу керек. Табысы жетіп тұрған, өз қарызына жауап беретін адам да кейде кредит алады. Оларға кредит беруде еш шектеу керек емес. Олар анализ жасай алады, ставкаларды салыстырады, қаржылық сауаты бар. Шектеудің барлығы қарызға батып кеткен, онлайн-қарыз, будкадан қарыз алып жүргендерге қатысты болуы тиіс. Яғни, 1,7 миллион адамды қамтуы керек.
Мемлекет қазір өте шұғыл шаралар жасады. Енді 90 күн төлемеген қарызы бар адам кредит ала алмайды. 21 жасқа толмаған адам да несие ала алмайтын болады. Төленбеген несиесі 90 күннен асып кетсе, проценттердің жүруі тоқтатылады.
«Қарызсыз қоғам» жобасының да идеясы дұрыс. Қаржылық сауат, ақпараттандыру аса керек болып тұр», — дейді сарапшы Айбар Олжаев.
Келісуге болатын пікір. Әйтсе де, кейінгі жылдары несие алушылардың күрт көбейіп кетуінің себебіне үңіліп көргендер бар ма? Халықтың тұрмысы, экономикалық ахуалдың күрделілігі және тағы да басқа көптеген сылтау айтылады ғой. Ойлап көріңізші, бұрын халықтың тұрмысы бүгінгіден де төмен болмап па еді? Тоқсаныншы жылдардан да өттік қой. Яғни, бұл жай ғана сылтау. Басты себеп – несие алудың тым оңайлап кетуі. Ақша керек пе, телефоныңызға кіріп, әп сәтте онлайн несие рәсімдей саласыз. Ойланып жатудың да қажеті жоқ. Елдің бәрі соған жүгінді. Кейін төлей алмай қиналды. Соңында бұл мемлекеттік деңгейдегі мәселеге айналып үлгерді.
Қазір үкімет халықтың несие жүктемесін азайтуға көңіл бөліп, бұл мәселені реттеуге талпынып жатыр. Бірақ, саясат сәл қиыс кетіп қалған тәрізді. Мәселен, қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен бірқатар азаматтың қарызы кешірілгенін білесіздер. Бұл – ең қате қадам болды. Өйткені, қарызы жабылғандардың бір бөлігі сол күні-ақ қайта несие рәсімдеп үлгергенін көз көрді. Яғни, қарызды кешіру жобасы іске асқан жоқ. Қайта «Үкімет несиемді жауып берсін» деген масылдық психологияның өршуіне жол ашып кетті. Бұл тығырықтан шығудың жалғыз ғана амалы бар. Ол – несие рәсімдеуді күрделендіру. Яғни онлайн несеге түбегейлі тыйым салып, қажет болған адам баяғыша банкке барып, менеджер арқылы алуы керек. Бұл біріншіден алаяқтардың сыртыңыздан несие алуын шектейді. Екіншіден, адам кезекте тұрған кезде өзіне «бұл несие маған соншалықты қажет пе?» деген сауал қойып, қарыз алудан бас тарта алар еді.

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ

Жаңалықтарды Instagram парақшамыздан оқыңыз