Теміртаулық Максим Самцов ММА бойынша Қазақстан чемпионы атанды
Қарағандыда ММА бойынша Қазақстан чемпиондары анықталды. 93 келіге дейінгі салмақта алтынды Теміртаудан Максим Самцов, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, пауэрлифтингтен Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі, грепплинг, джиу-джитсу және пауэрлифтингтен Әлем чемпионы және Азия жүлдегері атанды.
ММА бойынша Қазақстан чемпионаты «Жастар» спорт кешенінде өтті. Республикалық біріншілікке Қазақстанның барлық өңірлерінен 554 спортшы қатысты. Жарыстың соңғы күні жастар санатында және ересектер арасында финалдық жекпе-жектер өтті.
Максим Самцов 11 жасынан бастап спортпен айналысады. «Дәулет» олимпиадалық резервінің балалар-жасөспірімдер мектебінде жұмыс істейді, 4 жастан жоғары балалар мен ересектерді жаттықтырады. Ол республикалық және халықаралық деңгейдегі түрлі жарыстарда 170-тен астам жүлделі орындарға ие болған.
Ел чемпионатында Максим 93 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсетті. Ол финалдық жекпе-жекті бірінші раундта аяқтады: тұншықтыратын «гильотина» тәсілін қолданып астаналық жас спортшы Ислам Паричевті жеңді.
– Мен негізінен күресте маманданамын. Ал аралас жекпе-жекте соңғы рет 10 жыл бұрын өнер көрсеткенмін. Іріктеуден өту оңай болған жоқ. Мен бұл біріншілікке ұзақ уақыт дайындалдым. Менің қарсыласым – жас спортшы, біздің арамызда шамамен 10 жыл айырмашылық бар, – дейді Максим Самцов. – Сондықтан мен оңай жеңіске жетемін деп ойламадым. Менің тәжірибем бар, ал ол жас. Бұл да маңызды рөл атқарады. Оның алдында мен Шымкенттік спортшымен кездестім. Ол менің аяғымды қатты соққылап тастаған болатын, сондықтан финалда мен сол аяғымды одан да бетер жарақаттап алмауды ойладым. Бар күшімді салдым, бірінші раундта спаррингті аяқтадым.
Осы салмақ дәрежесінде үшінші орынды Жарас Мамраимов (Жетісу облысы) және Шыңғыс Ізмұханов (Қарағанды облысы) бөлісті.
Қарағандылық спортшылардың есебінде барлығы бір алтын, үш күміс және төрт қола медаль бар. Күміс медальдарды Нұрсұлтан Дүйсемби, Мария Чеботарева және Тимур Черемных жеңіп алды. Шыңғыс Ізмұхановпен қатар Назерке Елеубекова, Никита Лямин және Айбек Әкім де қола жүлдеге ие болды.
Біріншіліктің қорытындысы бойынша жеңімпаздар ұлттық құраманың құрамына кіріп, Азия және әлем чемпионаттарына жолдама алды.
Жаңалықтарды Instagram парақшамыздан оқыңыз