«ӨРЛЕУ» жеңімпаздары анықталды
Теміртауда елеулі еңбегімен көзге түскен әйелдер қауымын марапаттап, мерейін өсіретін жақсы бір дәстүр қалыптасқан. Бір қолымен бесікті тербесе, екінші қолымен әлемді аялай білген әйелдер қауымының арқалаған жүгі ауыр. Олар отбасының ұйытқысы, шаңырақтың шаттығы болып қана қоймай, ерлермен қатар еңбек етіп, қаламыздың өсіп-өркендеуі жолында еңбек етуде. Биылғы қала әкімінің нәзік жандыларға арналған «Өрлеу» сыйлығына 8 адам лайық саналған екен. Толығырақ тарқатсақ.
Дәстүрлі «Өрлеу» сыйлығын табыстау салтанаты биыл үшінші мәрте ұйымдастырылып отыр. Бұл жолы жеңімпаздар орталық саябақтағы «Қысқы бақта» бас қосты. Айта кету керек, қаламыздың ең көрікті де тартымды орнына осы жылы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ажары енгенді.
— Кез келген қоғамның тірегі – әйел қауымы. Бұл тарихтың өзі әйгілеп берген ақиқат. Елімізде әйелдер қауымының дамуына жаңа мүмкіндіктер жасалып, отбасы институтын нығайту, гендерлік теңдік пен көпбалалы отбасыларды қолдау қарастырылған. Бұл мемлекеттік саясатымыздың басым бағыттарының бірі болып саналады. Қаламызда әйелдер қауымы саясатта, бизнесте, білім беру, денсаулық сақтау, спорт, мәдениет салаларына өз үлестерін қосып келеді. Осы бағыттағы нәзік жандылардың жетістіктерін атап өту мақсатында біз арнайы «Өрлеу» сыйлығын тағайындаған едік. Жеңімпаздарды шын жүректен құттықтаймын, — деді қала әкімі Ораз Тәуірбеков.
Қазіргі таңда қаламызда 120 әйел жеке кәсіпкерлікпен шұғылданып, өз саласының көшбасшысына айнала білген. Олар өздерін ғана емес қаншама теміртаулықтарды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп, экономиканың өрістеуіне де үлес қосып келе жатқанын атап өткен жөн. Бұдан бөлек, Теміртауда 255 ана «Алтын алқа», 384 әйел «Күміс алқа» төсбелгісін алған. Санамалай берсек, қала тынысында қыз-келіншектердің алар орны айрықша.
Биыл «Өрлеу» сыйлығын алуға жиырмадан астам адам өтінім берген екен. Олардың арасынан үздік деген 8 әйел түрлі аталымдар бойынша іріктеліп алынды. Солардың бірі – «Мәдениет үздігі» аталымын иеленген Үрзада Есмұрзаева. Қаламызда мемлекеттік тілдің дамуына өлшеусіз үлес қосып, ұзақ жыл ақпарат саласының көш басында жүрді. Беріде мәдениет саласына ойысып, бұл қызметте де табандылық нәтижесінде табысқа қолжеткізгенді.
– Мен білімім бойынша журналистпін. Қызылорда облысында туып-өстім, сол жерде ЖОО бітірген едім. Содан кейін бірнеше жыл жергілікті газетте жұмыс істедім, ал 1998 жылы Теміртауға көшіп, «Испат-Сфера» телеарнасының қазақ редакциясын басқардым. Екі жыл бұрын Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығына ауысып, осында жұмыс істеймін. Облыс әкімінің «Мамандыққа адалдығы үшін» сыйлығымен марапатталдым, «Тіл жанашыры» сыйлығымен марапатталғанмын. Ал биыл «Өрлеу» сыйлығын алдым. Әрине, өте қуаныштымын, өйткені марапат қоғамның дамуына үлес қосатын әйелдерге беріледі. Бұл біздің еңбегімізді бағалау, – дейді Үрзада Есмұрзаева.
Теміртаудың экологиялық ахуалы әмбеге аян. Оны түзеу бағытында қоғамдық іске білек сыбана кірісіп, жастарға экологиялық бағытта білім беріп жүрген «Отражение» ҚБ төрағасы Елена Варганова «Үкіметтік емес секторға қосқан үлесі үшін» аталымын иеленді. Ал, 40 жыл медицина саласында еңбек еткен Қарлығаш Рахымбекова «Денсаулық саласының үздігі» номинациясының иегері атанды.
«Ана бақыты» аталымында «Әлем» БЖО балалар орталығының педагогы көп балалы ана Баян Мамитова, «Бизнесті дамытуға қосқан үлесі үшін» номинациясы бойынша «Строй-Аст» ЖШС директоры Ирина Замиралова, «Білім үздігі» санатында Рымкүл Ибраева, «Қызмет көрсету саласын дамытудағы жетістіктері үшін» «БУМкидс» білім беру орталығының және «БУМеранг» ойын-сауық орталығының жетекшісі Юлия Гурская және «Өндірісті дамытудағы жетістіктері үшін» аталымында «Qarmet» АҚ кокс-химия өндірісіндегі сөндіру вагонының электровоз машинисі Резеда Хасанова марапатталды.
Өз тілшімізден.
Жаңалықтарды Instagram парақшамыздан оқыңыз