Жастар жазда не істейді?
Санаулы күндерден соң оқу жылы да тәмамдалып, демалыс басталады. Оқушылар асыға күткен сәт. Әрине, демалыс екен деп баланы бақылаусыз жіберуге тағы болмайды. Қайта олардың бос уақытын тиімді өткізуіне ден қою қажет. Әрі жасөспірімдердің еңбекке араласып, жұмыс істеуіне де жағдай жасалуы керек. Бұл мәселе қалалық әкімдікте өткен аппарат кеңесінде талқыланды.
Қалалық білім бөлімінің басшысы Халипа Жаудинованың мәлімдеуінше, Теміртауда 23 225 оқушы бар екен. Олардың ішінде 42 оқушы жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардан шыққан. Ал, 153 оқушы атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасыларда тәрбиеленсе, 119 баланың отбасы аз қамтылған болып саналады. Бұл балаларды жазда ақылы демалыс орындарына жіберу, сауықтыру ата-аналарына қиынға түспек. Сондықтан, білім бөлімі жазда балаларды лагермен қамтуға ерекше зейін қойып отыр. Атап айтқанда, қала сыртындағы лагерлерге 4243 бала жіберіледі. Оның ішінде 103 бала тегін негізде демалады. Ал, мектеп жандарынан ашылатын лагерлер 3400 баланы қамтиды деп көзделіп отыр. Бұл ретте 1700 бала тегін демалады.
Балалар үшін бейінді лагерлер де жұмыс істейді. Олар 1805 баланы қамтиды деп көзделіп отыр. Бұл лагерлерде демалушылар робототехника, бағдарламалау, модельдеу тәрізді техникалық бағытта білімдерін шыңдайды. Сонымен қатар, тіл үйрену, экология, патриоттық, медициналық және басқа бағыттар бойынша лагерлер ұйымдастырылады.
«Ғабиден Мұстафин атындағы мектеп, №10 мектептің оқушылары киелі жерлерге, мысалы: Бұқар жырау кесенесіне, Құнанбай қажы мешітіне, Түркістан қаласына, «Долинка» құрбандарын еске алу мұражайына және т.б. жерлерге барады. Сондай-ақ балалар қалалық мектептер мен театрлардың ойын-сауық алаңдарына: Жас көрермендер театрына, «Современник» театрына, облыстық театрлар мен цирктерге барады», — дейді Халипа Жаудинова.
Заң 14 жастан асқан балаларға сабақтан бос уақытта ата-анасының рұқсатымен жұмыс істеп табыс тауына рұқсат береді. Әрине, оларға лайықты жұмыс тауып беру қиын-ақ. Өйткені, кәсіпкерлердің көпшілігі кәмелет жасына толмаған балаларға жұмыс орындарын ұсынудан қашқақтайды. Күрделі мәселені шешу үшін білім бөлімі «Жұмыспен қамту» орталығына, «Жасыл ел» бағдарламасына қатысу үшін Жастар ресурстық орталығына әріптестік орнату бойынша ұсыныс білдірген. Балалар жазда «Жасыл ел» еңбек жасағы сапында жұмыс істеу мүмкіндігіне ие. Бірақ, орын саны шектеулі. Ол туралы «Жастар ресурстық орталығының» директоры Эрик Абдихашиев айтып берді.
«2005 жылы елімізде Мемлекет басшысының бастамасымен «Жасыл ел» бағдарламасы қабылданып, еңбек жасақтарының жұмысы басталған болатын. Басты міндет жастарды қоғамдық пайдалы еңбекке тарту. Қаланы абаттандыру арқылы жастар табыс тауып қана қоймай ортамен араласып, жаңа достар табады және туған жерін қадірлеуді үйренеді. Әрі бұл 14 жастағы балаға жұмыс орнын ұсынатын жалғыз әлеуметтік бағдарлама», — дейді Эрик Абдихашиев.
Биыл Теміртауда «Жасыл ел» бағдарламасын жүзеге асыру үшін 233 119 014 теңге көлемінде қаражат бөлінген. Биыл еңбек жасағы сапында 1000 бала жұмыс істейді деп көзделіп отыр. Ол қаланы абаттандыру, ағаш отырғызу және күтіп-баптау, тазалық сақтау бағытында жұмыс істейді. Жұмыс істеуге ниет білдіргендердің қатары қалың. Әйтсе де, орын бәріне бірдей жетпейді. Сондықтан іріктеу барысында ата-ана қамқорлығынсыз қалған, көпбалалы отбасында тәрбиеленетін және NEET санатты жастарға басымдық беріліпті.
Өз тілшімізден.
Жаңалықтарды Instagram парақшамыздан оқыңыз