Аула клубының артықшылығы көп
Бүгінгі таңда қоғам алдында балалардың бос уақытын дұрыс ұйымдастыру мәселесі тұр. Бос уақытты тиімді өткізу — бала тұлғасының қалыптасуына үлкен ықпалын тигізеді. Оларды ұйымшылдыққа, мейірімділікке, сыйластық пен қамқорлыққа үйретеді.
Теміртауда мәдени демалыс клубының ашылғанына 15 жылдан астам уақыт болған. Осы аралықта жүздеген баланың тәлім-тәрбие алуына мүмкіндік берілді. Бірақ, арасында 2 жылдай үзіліс алып, жұмысы тоқтап қалды. Бұл балалардың бос уақыттарын тиімсіз қолданып, теріс жолға түсу қауіпін арттырды. Әрі мәдени демалыс клубтарының қажеттілігін аңғартты. Сондықтан да, көпшіліктің сұрауы бойынша биыл қаламызда мәдени демалыс клубының жұмысы қайта қолға алды. Бұл балалардың бір-бірімен өзара араласып, дамып, қызықты уақыт өткізетін орны.
Жобаның негізгі мақсаты балалар мен жасөспірімдердің бос уақытын тиімді ұйымдастыру. Клубта балалар түрлі үйірмелерге қатысып, шеберлік сабақтарында дәріс алады. Үйірмелерде кәсіби мұғалімдер, тәрбиешілер жұмысын атқаруда.
— Үйірмелерге балалар қуана барады. Атап айтсақ, хореография, спорт, музыка және сәнді қолданбалы өнер салаларында олар өз қабілеттерін дамытуда. Ай сайын конкурстар ұйымдастырылып, сыйлықтар табысталады, — дейді Мәдени демалыс клубтары жобасының директоры Айгерім Ержанова
Қазір таңда қалада 10 мәдени демалыс клубы жұмыс істейді. Олардың атаулары: «Тұлпар», «Космос», «Жұлдыз», «Әлия», «Дельфин» және де т.б. Барлығының жұмыс уақыты сейсенбіден сенбіге дейін сағат 9:00-ден бастап 18:00-ге дейін. Әр күнде бала саны әртүрлі, ал демалыс және жазғы кезең де мәдени демалыс клубына жиырмадан астам бала келіп, қабілеттерін арттыруда. Олардың жас ерекшелігі 6 дан 14 жасқа дейін. Қуантарлық жайт, мәдени демалыс клубы тегін жұмыс атқаруда.
Акниет Асилбекова
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық
университетінің студенті