Өлеңге таласы бар Таңсәуле қыз

Өткен бейсенбіде қаламыздағы Тұңғыш Президент орталығында Таңсәуле Әгенқызының жыр кеші өтті, үлкен залға бірқауым ел жиналды. Қазақи әдемі әуенмен әдептелген поэзия мерекесінің сахынасына «Qarmet» АҚ этномәдени орталығының басшысы Әлішер Жақыпбеков, «Qarmet» АҚ жанындағы «Аманат» партиясы филиалының төрағасы Нұргелді Омархан шығып, кеш иесінің оқырмандарымен ресми кездесуін құттықтап, гүл шоғын ұсынды, иығына әдемі шапан жапты.

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, танымал ақын Руза Алдашева жас таланттың алғашқы қадамына сәттілік тілеп, қаламыздың бас ақыны Қасым Ботановқа арнаған «Сен болмасаң Теміртауда төр жетім» деген тамаша өлеңін оқып берді. Осы жиынға арнайы Қарағандыдан келген ақын Элмира Сайлауқызының «Әйел ана» жайлы өлеңін де көпшілік жылы қабылдады. Осылайша басталған поэзия мерекесі одан әрі шығармашылық кеш иесі Таңсәуленің өлеңдерімен өрілді. Сахынаға бірінен соң бірі шыққан жас қыздар мен жігіттер автордың шығармасын нақышына келтіре айтып, тыңдармандардың құлақ құрышын қандырды. Таңсәуле Әгенқызының өлеңдерінің біразымен қалалық «Теміртау тынысы» газеті арқылы таныс едім. Кәдімгі тұнық, сырлы сезім, жүректің лүпілі, көл-көсір көңіл, сазды сағыныш, атойлаған рух бар жырларды сүйсіне оқып, Таңсәуле лирик ақын деп бағаладым. Туған жерге, өскен ортаға, бауырға, әкеге сағынышты жәй ғана күнделікті айтылатын қарапайым сөздермен-ақ үйлестіре, ұйқастыра қиыстырып бере алған.
«Бақытын жырлап бағзы мекеннің,
Басымды иіп тағзым етемін,
Жел қанат құсым, желкен айдыным,
Алашқа аян жалғыз екенің», — дейді Теміртауды жырға қосқан бір өлеңінде. «Түркі аруында» шынайы, еш есепіз отбасына құлай берілген, сонымен қоса жарасымды сұлулық, табиғи талғамды сақтаған әйел образын:
«Сүйгеніне шын берілген жүрегі,
Қараша үйдің амандығы тілегі», — деп сомдайды.

Қарапайым ғана қараша үйдің амандығын тілеген хас сұлу кейбір қазіргі жас келіншектердей қымбат көлік те, еңселі үй де, шетелге саяхат та сұрамайды, тек, осы қарашаңырағымның түтіні түзу ұшса екен деп тілейді. Оқырмандар сауалына орай ақын осы өлеңі арқылы түркі аруларының табиғи сұлулығын паш етіп, шашты жайып, кіндікті ашып жүруден сақтануға насихатниет те жазғанын жеткізді.
Таңсәуле намысты оятып жігерді жанитын рухты көтеретін патриоттық тақырыпты да тереңінен қозғай алған «Рух жаңғырығы» деген өлеңінде:
«Құласам да биіктердерден құладым,
Тұрсам қайта шың басында тұрамын,
Мені әр кез алға қарай бастайтын,
Қанымдағы Рух атты бір ағым», — дейді. Осы жолдардан атақты Жұбан ақынның «Мен қазақпын – мың өліп мың тірілген» деген тұжырымына ұқсастықты тануға болады.
Халқымыздың біртуар ақын қызы Күләш Ахметова ауылда қарапайым медбике болып жүргенде өлеңдерін оқыған Әбділда Тәжібаев талантын танып «Күләш – ақын» деп баға берген екен. Осы бағаға қанаттанған Күләш дереу Алматыға аттанып, журфакке түсіп, өмірін біржола шығармашылыққа бұрған. Таңсәуле де Күләш апасындай еңбек жолын қарапайым кітапхана қызметкерінен бастады. Оның бойында табиғи таланты бар, өзі айтқандай 8-сыныптан бастап өлең жазған, нәтижесі тұщымды, аяқ алысы абыройлы. Бірнеше рет республикалық мүшәйраға қатысып, жеңімпаз атанған. Былтыр «Ұлы дала бәйгесі» аталған жыр сайысында Қазақстан Республикасы Парламенті төрағасы Ерлан Қошановтың қолынан марапат алған. Бір кітап боларлық туындысы жинақталған, әзірге бастыруға асықпауын «ел оқитын, сын көтеретін дүние болса» деген мақсатымен түсіндірді.
Таңсәуле Әгенқызының бір ерекшелігі, жақсы қасиеті десем де болар көпшілдігі, ашықтығы, ана бір кезде қаламызға Ұлттық кітапханадан келген «Алқа» тобын, кейінірек Санжар Керімбайды қарсы алуға барынша қызмет етті. Бес жылдай бұрын қалалық кітапхана жанынан «Ақ қауырсын» әдеби жастар клубын ұйымдастырған. Қазір оған жиырмадан аса талапты жас ақындар қатысып жүр. Кездесу барысында Таңсәуленің жырларын нақышына келтіре әдемілеп жеткізе білген де сол клубтағы Ұ.Шұғыла, Ө.Кәусар, Н.Сарыбай, Е.Сермахан, Д.Әлімхан есімді жастар. Бұлардың көбі Салтанат Бектемірова басқаратын Қазақ мәдени орталығының әуесқой актерлері де, қазақ ақын-жырларын нақышына келтіре оқып, тыңдарманға жағымды жеткізіп, сахынаның сәніне айналуының бір сыры осында екен. Қалалықтар әрдайым сүйіп тыңдайтын Немере Моңғолхан әнші Таңсәуленің сөзіне жазылған сазгер Мұратбек Бәдиұлының «Ауылды аңсау», «Өмір жайлы» әндерін тамылжыта шырқады.
— Поэзия кешінде оқылған жырларымда негізгі үш тақырыпты қамтыдық, олар сезім лирикасы, патриоттық тақырып және ауылға арнаулар, — дейді ақын қыз.

«Өлең жыр махабатпен басталып, парасатпен аяқталады» деген бір тәмсіл бар. Таңсәуле жырларында да жылы сезімнен бастап туған жерге, ауылға арналған өлеңдер баршылық. Оның басты сыры – Алтайдың арғы жағында қалған кір жуып, кіндік кескен туған жерін сағынуы. Ата-әжесінің бауырында қазақи тәрбиеге, ертегі аңызға қанығып өскен қыздың тегінде де табиғи таланттылар баршылық екен. Ағасы Әшім Жақай халықаралық деңгейде танылған бірнеше кітап шығарған ақын. Әйел адамға жұмсыпен қатар отбасы тіршілігі, қоғамдық істер, бала тәрбиесі аз жүк емес, соған қарамастан шығармашылық ауыртпалығын да арқалап жүрген ақыннан жанұясы туралы сұраған едім, жолдасы, төрт балапаны бар. Үшінші сыныпта оқитын 8 жасар Толғанай анасының жолын қуып жыр жазуға талаптанып жүр екен. Қарағанды қаласындағы көпсалалық университетті бітіріп, филолог мамандығын алған Таңсәуле отбасын құрып, сәбилі болған жылдары біраз уақыт өлең-жырдан қолүзіп кеткен.
— Бірақ бойда табиғат берген талант болған соң ол бәрібір жарып шықпай қоймайды екен. Кейінгі 4-5 жылда жыр жазуға қайта ден қойдым. Жолдасым Берікбол Құрманханның және жыр кешімде шашу шашқан енем Бисара анамыздың қолдауы мен көмегінің арқасында қазір біршама табысқа жеттім, — дейді ақын.
Қазақ поэзиясында өзіндік үні, сара жолы бар айбатты ақын Серік Ақсұңқарұлы бір өлеңінде «Батырлары болмаса – қорқақ бүкіл адамзат, ақымақ бүкіл адамзат – ақындары болмаса» дейді. Иә, бізге қолбастайтын батыр білектер қандай керек болса, ақылды пәлсапа айтатын ақын жүректер сондай қажет. Олай болса, жас талант, лирик ақын Таңсәуле Әгенқызының өлеңі өрлесін, өмірі төрлесін деген ақ ниетте шығармашылығына толағай табыс тілейміз.

Серікгүл АЛТАЙБАЕВА,
ҚР Журналистер одағының
мүшесі

Жаңалықтарды Instagram парақшамыздан оқыңыз