Зобалаң жылдар қасіреті ұмытылмайды

Қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні қарсаңында «Qarmet» АҚ жанындағы этномәдени бірлестіктердің өкілдері мен еңбек ардагерлері Осакаров ауданына барды. Мақсат – сталиндік зобалаң жылдарда жазықсыз жапа шеккен жандардың рухына тағзым етіп, ескерткіштеріне гүл шоқтарын қою. Бейресми деректер бойынша, мұнда өткен ғасырдың отызыншы жылдарында үш жүз мыңға тарта адам депортацияланған.

Теміртаулық делегация бірінші кезекте аудан орталығы Осакаров кентінде орналасқан Қуғын-сүргін құрбандарын еске алу ескерткішіне тоқталды. Композиция 12 бөліктен тұрады. Яғни, депортацияға ұшыраған азаматтар қоныстанған 12 ауылдың бейнесі. Дәл ортада 1 санымен ұқсас стелла бейнеленген. Бұл орталық – яғни Осакаров кенті.
–Осакаров және басқа да шалғай ауданға жер аударылып келген адамдардың тұрмыс жағдайы өте нашар болған. Депортация кезінде адамдар үйлерін, дүние мүлкін, отбасын тастап, бейтаныс жерлерге кетуге мәжбүр болды. Қуғын-сүргіннің азабын тартқандарға ең қажетті заттарды жинауға 24 сағат ғана уақыт берілген. Адамдарды шоғырландырып жүк вагондарына тиеп, шалғай өңірлерге көшірді. Жол азабын тартып, ұзақ сапарда су мен азық-түлік тапшылығынан жүз мыңдаған адам діттеген жеріне жетпей қайтыс болғаны мәлім, – деді Грек этномәдени бірлістігінің төрағасы Деспина Касапеди.
Депортация – көптеген ұлт өкілі үшін тарих бетінде қалған қайғылы із. 1930-1950 жылдардағы КСРО-да миллиондаған адамдар қуғын-сүргін мен депортацияның тізіміне енді. Алғашқы жылдары ғана Қарағанды облысының Осакаров ауданына жүз мыңға жуық адам көшірілген.
– Кеңес Одағын мекендеген халықтар Сталиндік зорлық-зомбылықтан, геноцид пен этноцидтен, саяси қуғын-сүргіннен аман қалған жоқ. Сталинның индустрияландыру идеясы бірінші орында болды. Жергілікті тұрғындар ғасырлар бойы қоныстанып келген атамекендерінен айырылды. Кеңес үкіметі жылдарында жекелеген партия, кеңес, комсомол қызметкерлері ғана емес, тұтас бір халық сенімсіз де сатқын ұлт қатарына жатқызылып, жер аударылды. Сондай жандар туған жерін тастап, біздің елімізге күштеп көшірілді. Осакаровқа жер аударылғандар төтенше климаттық жағдайларға тап болды: қысы қатты аяз, жазы ыстық жерге келіп қаншама жандар қиналды. Азық-түлікке, медициналық көмекке мұқтаж болған жандардың қарасы өте көп еді. Сол уақытта аштықтың әсерінен адамдар бір-бірінің етін жеуге дейін барды, – дейді Евгений Монжосов.
Жер аударылып келген жандардың тұрмыс-тіршілігі мен азабы бүгінгі күнде олардың ұрпақтарының жадында мәңгіге терең із қалдырды. Халықты Осакаровкаға және басқа да шалғай ауданға депортациялау көптеген адам үшін сынақ болды, олардың осындай қорқынышты жағдайда өмір сүруге төзімділігі мен қабілеттері ерекше деуге болады.
Мемориалдық кешеннен соң теміртаулық делегация Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен Ауған соғысы ардагерлерінің ескерткішіне барып тәу етті. Соғыс басталған тұста Кеңес билігі депортацияланған ұлт өкілдеріне «кешірім» беріп, күнәларын қанмен өтеуге рұқсат берген. Майдан даласына ер азаматтардың барлығы дерлік аттанып, ерен ерлік үлгісін көрсетті. Ал соғыстан кейінгі жылдарда еңбек майданына білек сыбына кірісіп, шаруашылықтың өркендеуіне сүбелі үлес қосқан.
Сапар аудандық тарихи-өлкетану музейінде түйінделді. Қонақтарды қарсы алған музей қызметкерлері өңірдің тарихы және бүгіні туралы ақпараттармен бөлісті. Өз кезегінде «Qarmet» АҚ Этномәдени бірлестік төрағасы Әлішер Жақыпбеков риясыз алғысын білдіріп, музейге «Металлург» монументінің шағын мүсінін тарту етті.

Бибінұр Мусина,
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды
университетінің ІІ курс студенті

Жаңалықтарды Instagram парақшамыздан оқыңыз