Жүсіп Баласағұн және ислам діні
Ислам философиясын, құндылықтары мен өнерін дамыту мен жаңғыртуда Жүсіп Баласағұн, Әбу Насыр әл-Фараби, Қожа Ахмет Ясауи, Махмұт Қашқари, Мұхамед Хайдар Дулати және т.б. мұраларының ислам өркениетінің асыл қазынасына айналуы қазақ халқының дүниетанымында исламның рөлі басымдықты әрі маңызды екендігін дәлелдей түседі.
Жүсіп Хас Хажиб Баласағұн туралы жазар болсақ (туған жылы-1020 – қайтыс болған жылы шамамен 1070) – аты әлемге әйгілі ақын, философ, қоғам қайраткері Шу мен Іле өзені аралығында ұлан байтақ өлкеден шыққан түркі дәуірінің ұлы ғұламасы болды. Жүсіп Баласағұнның философиялық шығармашылығы түркілік орта ғасырдағы әлеуметтік-этикалық ойдың зайырлы бағдарланған, рационалистік бастамы болды, ал Қожа Ахмет Иасауи мен оның пікірлес ізбасары С. Бақырғанидың рухани мұрасы, ең алдымен өзінің ішкі әлемін тани білу барысындағы адамның өнеге-ізгілігін жетілдіруге ұмтылған діни-сопылық бағытта дамыды. Бұл екі ағым – зайырлы-рационалистік және сопылық – адамдардың саналарына ықпал ету мақсатында қатар өмір сүріп, кейде бірі-біріне қарсы келу арқылы, талас-тартыспен түркілік этикалық ойдың ары қарай дамуын айқындап берді.
Жүсіп Баласағұн өз заманындағы ғылым саласымен толық танысып кемелденген шағында «Құтты білік» тәрізді классикалық шығармасын жазуға бет алды. Араб, парсы тілдерін жақсы білумен бірге өз ана тілін де терең меңгеріп, бар байлығын бойына дарытқан Жүсіп ана тілінің көркемдік қуатын әлемге таныту бағытын ұстады. Бұл еңбегінде ойшыл бақытты, рахатты, салауатты өмір сүруі үшін және қоғамның ахлақтық негізі үшін әдептік ұстанымдарды белгілейді. Жүсіп Баласағұнның «Құтты білігінің» дүниетанымдық және құндылықтық бағдары Ислам діні мен ахлағына негізделген. Ахлақ – бұл исламдағы моралдық, адамгершілік, тәлім-тәрбиелік, өнеге-үлгілік ұстаным, яғни, көркем мінезділік. Ахлақ – мұсылманның өмірлік ұстанымы мен бітім-болмысын, яғни, адамның сыртқы кескін-келбетін және ішкі мәдениетін, рухани жан дүниесін білдіретін ұғым болып табылады. Ахлақ – мұсылманның отбасындағы және қоғамдық өмірдегі қарым-қатынасын айқындайтын ұғым. Исламдағы көркем мінезділік бұл – мұсылманның діни құндылықтарды ұстануымен айқындалады. Шынайы мұсылмандық ислам ахлағы мен құндылығын ұстана отырып, әрекет жасайтын адам. Ислам дінінің ахлақтық және құндылық негіздерінің қайнар көзі бұл – Құран мен Сүннет. Ардақты Мұхаммед пайғамбарымыз (с.а.с.) бір хадисінде: «Иман тұрғысынан ең жетілген мұсылман – өнегесі жақсы мұсылман» деген. Исламның ахлақтық құндылықтарын: діндарлық, тақуалық, имандылық, сабырлылық, рақымшылдық, ақыл-парасаттылық, әділеттілік, бостандық, ғылым-білім, достық, бауырмалдық, адалдық, аманат, ар-ұят, қарапайымдылық, тазалық, өзара құрмет, іс-қимыл т.с.с. құндылықтарын түркі ойшылдары өз еңбектерінде қарапайым халыққа түсінікті тілде жеткізе білді.
Дұға оқып, «Сақта» деп хан жалынды, Қолын жайып, Жаратқанға табынды … Кем-кетікке мал таратты, сүйер деп, Үміттеніп, шарапаты тиер деп жазуы Құдайға құлшылық етудің шынайы жүректен шығып, кіршіксіз амалмен іске асатындығы туралы ойшылдың шынайы сенімінен туындаған ой.
Жаратушыға деген сүйіспеншілік пенденің ниеті мен амал-әрекетінен туатындығы айдан анық. Ниет тазалығы және амалдың айқындылығы құлшылықтың мәні мен мағынасын байытып, мұсылманның иманын
күшейтеді. Ниет – адам пейілін-
дегі мақсат. Құлшылық атаулы-
ның қабыл етілуі ниетке бай-
ланысты. Дін құлшылық пен ғибадатты қажет етеді. Баласағұн шығармашылығына тән ерекшелік адам болмысының мәні және адамның әдебін ашатын ұғым ретінде ар-ұят алынады. Адамның адамгершілігін, оның тұлғасын ардақтайтын және көкке көтеретін – ар мен ұят. Адам бойындағы ар-ұят сезімі оның ибалылығын, қайырымдылығын, бақытын, әділетті ұстанымын, парасат-пайымын қанағатшыл құлқын асқақтатады. Ар-ұят – бұл адамның көркем мінезділігінің, тәрбиелігінің белгісі. Ар-ұят дегеніміз адам бойындағы кісілік пен кішіліктің, арлылық пен сыпайылылықтың негізі. Жаратушыдан қорыққан адам жамандыққа, арсыздыққа, рухсыздыққа, намыссыздыққа, көргенсіздікке алып баратын іс-әрекеттен сақтанып, тартынып жүреді. Қазақ халқының «Құдайдан қорықпағаннан қорық» деуі бекер емес. Ал дана халқымыздың «Жаным арымның, малым жанымның садағасы» деген өмір мәндік ұстанымы мен рухани құндылық тұғырының тамыры тереңде жатыр. Хадисте: «Ұят –иманнан» делінген. Қазақы ділдің, рухтың әдеп пен ибаның, сыпайлық пен сыйластықтың қайнар көзі Ислам ілімі мен мәдениетінен бастау алып, ұрпақтан-ұрпаққа берілген. Қазақы мінез, қазақы діл, қазақы дүниетаным, қазақы өмірлік ұстанымның тұғыры Ислам мәдениеті мен әдебінде жатыр деген ойдамыз.
Қазақ болмысын және оның рухани әлемін, мінез-құлқын зерттеуде Ислам құндылықтарын назарда ұстауымыз қажет.
Нуров Махмуд қажы Нурұлы
«Бала қажы» мешітінің бас имамы