Алаяқтар WhatsApp арқылы да алдап соғады

Интернет алаяқтық үдеп келеді. Иә, оңай жолмен олжаға кенеліп, қарапайым тұрғындарды қан қақсатуға құштар қылмыскерлерге қарсы күрес қарқынды-ақ. Әйтсе де, олар күн өткен сайын жаңа тәсілдер ойлап табуда. Соның бірі – танымал азаматтардың атынан ашылған фейк аккаунттар.

Бірер апта бұрын қала әкімі Ораз Тәуірбековтің, әкім орынбасары Самат Зияшевтің, мәслихат хатшысы Алексей Ломакиннің және білім бөлімінің басшысы Халипа Жаудинованың, сондай-ақ, өзге де депутаттар мен мемлекеттік қызметкерлердің атынан фейк аккаунттар ашылып, елге жалған хабарламалар жіберілген. Бұл адам психологиясымен ойнаудың бір амалы деп қарастыруға болады. Олар лауазымды тұлғалардың атын жамыла отырып, сенімге кіруді ойлайды. Өйткені, бұрыннан белгілі әдіс-тәсілдері, яғни вирустық сілтеме жіберу, банк картасының мәліметін ұрлау әрекеттері бүгінде жүзеге аса бермейді. Халықтың басым бөлігі оның алаяқтық әрекет екенін біліп үлгерді.
— Қазіргі таңда интернет алаяқтық өршіп тұрғаны жасырын емес. Халықты құлақтандыру шаралары жүргізіліп-ақ жатыр. Өкінішке қарай, әлі де болса арбауға түсіп, сан соғып қалатындар кездесіп жатады. Олардың арасында егде жастағы азаматтар да бар, — дейді қалалық полиция басқармасының өкілі.
Алаяқтар көп жағдайда қоңырау шалып, туыстардың біріне қиындық түскенін, көмек көрсету үшін белгілі бір соммада ақша жіберу қажет екенін айтады. Кейде белгілі бір жобаға ақша салып, аз уақытта еселеп қайтарып алуды да ұсынуы мүмкін. Мұндай әрекетке алданып қалғандардың кейін қаражатын қайтарып алуы қиын шаруа. Өйткені, интернет алаяқтарды анықтап, қолдарына кісен салу қиын жұмыс. Қазір олар жаңа бағытта шабуылға шықты. Сондықтан да, полицейлер үшінші тарапқа жеке деректер мен банк карточкасының мәліметтерін, құпия сөздерді бермеуге шақырады. Әрі әлеуметтік желілерден, мессенджерлерден келген бейтаныс сілтемелерді де ашпаған жөн. Ол сілтемелер сіздің құрылғыңыздың деректерін ұрлауы мүмкін. Сондай-ақ, әлеуметтік желі арқылы жазып, ақша сұраған адамдарға да алданбаңыз. Ең дұрысы желі арқылы хабарласқан танысыңыздың жеке телефонына қоңырау шалып, нақты сол адамның қаражат сұрағанын анықтап алған жөн.

Өз тілшімізден.

Жаңалықтарды Instagram парақшамыздан оқыңыз