Қауіпсіз ғаламтор
ХХІ ғасыр – ақпарат дәуірі. Қазір еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін ұялы телефонды жанынан тастамайтын болды. Онсыз өмірді елестетудің өзі қиын. Абай атамыз екі ғасыр бұрын «Интернатта оқып жүр, талай қазақ баласы» деп жырласа, бүгінің баласы интернеттен бас алмайды. Ал, оның соңы қандай кесірге ұшырататынын хабарыңыз бар ма?
Ең басты қауіп – ес білмейтін кішкентай баланың телефонға тым құмартып кетуі. Әсіресе тілі шықпаған сәби телефонды көп көрсе цифрлық аутизм дертіне шалдығуы мүмкін. Одан аман қалды деген күннің өзінде тілінің кеш шығуы, психикалық дамуының кенжелеуі тәрізді сырқаттар қылаң береді. Көздің көру қабілетін төмендету, омырқаның майысуы тәрізді зиянды жақтарын бір төбе. Бұл денсаулыққа тигізетін қатері ғой. Ал, жасөспірімдер мен ересектер үшін ғаламтор шын мәнінде қараңғы түнекке жол бастайтын тор болуы бек мүмкін.
Иә, қазір түрлі экстремистік топтар өздерінің жымысқы идеяларын жүзеге асыру, қатарына жаңа адамдарды арбау жолында интернет мүмкіндігін кең көлемде пайдаланып отыр. Оларға түбегейлі шектеу қоя алмайсыз. Өйткені, интернеттің шекарасы жоқ. Мәселен, діни сенімді алып қарайықшы. Кешегі Сирия жеріндегі соғысқа кетіп, кейін «Жусан» операциясы арқылы елге оралғандардың көпшілігі жат ағымға интернеттен уағыз тыңдау арқылы ілесіп кеткендерін айтады. Әсіресе, дінге енді ғана бет бұрып, қызығушылық таныта бастаған жандар сұрағын әуелі ғаламторға жазып, ақпарат іздей бастайды. Бұл кезеңде олар теріс бағыттағы идеологтарға кездесуі мүмкін.
Жат ағым өкілдері бірінші кезекте адам писихологиясын өте керемет деңгейде меңгергенін айтып өткен жөн. Олар бірден бас салып, теріс дүниені тықпалай бермейді. Қайта дұрыс, ақылға қонымды дүниелерді айта бастауы мүмкін. Сол арқылы адамның сеніміне ие болады, жүрегінен жол табады. Әрі қарай біртіндеп өздерінің идеологиясын насихаттауға көшеді. Мұндай топтың құрығына түскендер оңайлықпен ол торды бұзып шыға алмай жатады.
Жаңалықтар таспасын парақтап отырсаңыз, жасөспірімдердің интернет арқылы түрлі бұзақылыққа барғанын көзіңіз шалады. Олар мұны ойын көруі мүмкін. Бірақ, заң – қатал. Сондықтан, ата-аналар балалардың не істеп, қандай контент көріп жүргенін қатаң бақылауда ұстағаны абзал. Қатаң бақылауда болған кезеңде ғана ғаламтор бала үшін қауіпсіз болуы мүмкін.
Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ,
Қалалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі