Абыройлы ғұмыр, аяулы бейне

Теміртау қаласының әкімдігі Жүнісбек тегі Зоя Балапашқызының дүниеден өтуіне байланысты марқұмның отбасы мен туған-туыстарына, жақындарына шын жүректен көңіл айтады.

Зоя Балапашқызы 1944 жылы 29 маусымда Ақадыр кентінде дүниеге келген. Текті әулеттен шыққан ол бала күнінен білімге құштар, еңбекке жақын болып өсті. Әкесі Балапаш Жүнісбеков елге белгілі заңгер ретінде танылса, анасы Марияш Сейдахметова отбасының берекесін ұйытып, ұрпағына ізгі тәрбие берген ардақты ана болды.

Мектепті үздік тәмамдаған Зоя Балапашқызы кейін Халық шаруашылығы институтында білім алып, еңбек жолын Теміртау қаласында бастады. Қала өмірінің дамуына өзіндік үлес қосып, сауда саласында ұзақ жылдар абыройлы қызмет атқарды. Іскерлігі мен жауапкершілігінің арқасында асханалар мен мейрамханалар тресі басшысының орынбасары қызметіне дейін көтерілді.

Ол қай ортада жүрсе де, өз ісіне мұқият, сөзіне берік, адамға жанашыр болмысымен ерекшеленді. Әріптестері оны талапшыл да әділ, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, көпке сыйлы жан ретінде құрметтеді. Қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, партия ұйымының хатшысы ретінде де ел ісіне араласты.

Кейінгі жылдары Зоя Балапашқызы еңбек жолын білім беру саласымен байланыстырды. Теміртау қаласындағы құрылыс техникумында, қазіргі Теміртау жоғары политехникалық колледжінде қазақ тілі пәнінен сабақ беріп, жас ұрпақтың білім алуына, ана тілін құрметтеуіне үлес қосты. Ұстаз ретінде де шәкірттерінің жадында жылы сөзімен, сабырлы мінезімен, өмірлік өнегесімен қалды.

Зоя Балапашқызының өмірлік серігі Қуаныш Омашев – «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері, еңбек сіңірген металлург, Теміртау қаласының Құрметті азаматы. Марқұм отбасының ұйытқысы, жарының сенімді серігі, балаларының қамқор анасы, немере-шөберелерінің мейірімді әжесі болды. Бір қыз, екі ұл тәрбиелеп өсіріп, алты немере мен төрт шөберенің қызығын көрді.

Ол өмір бойы адал еңбекті, адамдық қасиетті, отбасы бірлігін бәрінен биік қойды. Балалары мен немерелеріне де осы құндылықтарды сіңіріп, «еңбексіз өмірдің мәні жоқ» деген ұстанымды аманат етіп қалдырды. Оның мейірімі, парасаты, қарапайымдылығы мен кең жүрегі жақындарының жадында мәңгі сақталады.

Зоя Балапашқызының өнегелі өмірі, елге сіңірген еңбегі, адамгершілікке толы болмысы оны білетін жандардың жүрегінде өшпес із болып қалады.

Марқұмның жаны жәннатта, иманы жолдас болсын.
Жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын.

Теміртау қаласының әкімдігі

 

Жаңалықтарды Instagram парақшамыздан оқыңыз