Жас маманға жұмыс бар
Бүгінгі таңда «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» (бұдан әрі – Ұлттық жоба) шеңберінде білім беру ұйымдарының түлектеріне жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің төмендегі шаралары қолданылады.
Жастар практикасы
Түлектерге алған мамандығы бойынша алғашқы жұмыс тәжірибесін жинауға көмектесу үшін жұмыспен қамту орталықтары жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шарасын – 12 айға дейінгі мерзімге жастар практикасын ұйымдастырады.
«Халықты жұмыспен қамту туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес, білім беру ұйымдарын алдыңғы 3 жыл ішінде бітірген және 29 жастан аспаған жұмыссыз түлектер жастар практикасына қатысушылар ретінде белгіленеді.
Жастар практикасына арналған жұмыс орындары меншіктің барлық түріндегі кәсіпорындар мен ұйымдарда құрылады. Сонымен бірге жұмыс орындары түлектің білім беру ұйымында алған кәсібіне (мамандығына) сәйкес болуы тиіс.
Салықтарды, міндетті зейнетақы жарналарын және басқа да әлеуметтік аударымдарды ескере отырып, айлық жалақы 30 айлық есептік көрсеткішті құрайды.
Жастар практикасына қатысу үшін түлек тұрғылықты жері бойынша Жұмыспен қамту орталығына өтінішпен жүгінуі тиіс. Өтінішке мынадай құжаттардың көшірмелері қоса беріледі:
- Жеке басын куәландыратын құжат;
- Еңбек кітапшасы (бар болса);
- Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің болуын растайтын құжат.
Жұмыс таба алмай қиналған жастар үшін бұл – таптырмас мүмкіндік. Мысалы, аталмыш бағдарлама бойынша қызметке орналасқан Серік Аяулым біраз тәжірибе жинағанын айтады.
– «Жастар практикасы» бағдарламасы бойынша «Дефектоскопия» ЖШС-на жұмысқа орналастым. Жоғары білімді «Заңгер» мамандығы бойынша тәмамдап, диплом алдым. Юриспруденция бәсекелестігі мықты әрі түлектер көп шоғырланған сала болғандықтан, өз бетімше жұмыс табу қиындық тудырды. Сол себепті Халықты жұмыспен қамту орталығына жүгініп, бірнеше күннің ішінде-ақ жақсы жұмысқа орналастым. Мен үшін бұл – үлкен мүмкіндік. Алғашқы тәжірибемді жинап, алдағы кәсіби қызметімнің жоғарылауына перспективалы жол деп есептеймін, – дейді.
«Алғашқы жұмыс орны» жобасы
Жастардың еңбек нарығында бәсекеге қабілеттілігін арттыру және оларды қажетті еңбек дағдылары мен бірінші жұмыс орнында бейімдеуді қамтамасыз ету мақсатында жұмыспен қамту орталықтары жұмыссыз жастарды алғашқы жұмыс орнына жұмысқа орналастыруды ұйымдастырады.
«Алғашқы жұмыс орны» жобасы бойынша жұмыспен қамтуды ұйымдастыру бірінші рет жұмыс іздеп жүрген түлектерге (оның ішінде ЖОО түлектеріне), жұмыс іздеушілерге, жұмыссыздарға, Жұмыспен қамту орталығына тіркелгеніне қарамастан, жиырма тоғыз жастан асқан жастар, оның ішінде NEET санаттары, жұмыс тәжірибесі жоқтар қатарынан жүзеге асырылады.
Алғаш рет жұмыс іздеп жүрген түлектердің «Алғашқы жұмыс орны» жобасы бойынша жұмысқа орналасуы кәсіптік білім туралы дипломда көрсетілген немесе білім беру профиліндегі ұқсас мамандыққа (кәсіпке) сәйкес жүзеге асырылады.
«Алғашқы жұмыс орны» жобасы бойынша жұмыс беруші Жұмыспен қамту орталығымен келісім негізінде Ұлттық жобаға қатысушыны кемінде 24 ай мерзімге тұрақты жұмысқа орналастырады, ал Жұмыспен қамту орталығы жалақыны 1 жылға субсидиялайды.
Жергілікті бюджеттен ай сайынғы субсидия мөлшері, экологиялық төлемдер үшін төлемдерді қоспағанда, 30 айлық есептік көрсеткішті құрайды (салықтарды, міндетті әлеуметтік аударымдарды, пайдаланылмаған демалыс үшін өтемақыны және банктік қызметтерді қосқанда).
«Алғашқы жұмыс орны» жобасы бойынша жұмысқа орналасқан қарағандылық жас азаматша – Оразкен Райжан.
– Биыл оқуды бітіргеннен кейін бірден жұмысқа орналасып кету мүмкін болмады. Сол себепті берілген мүмкіндіктен айырылмау үшін осы жоба аясында қызметке тұруға тырысып көрдім. Жобаның бір артықшылығы – ешқандай қиындығы жоқ, қағазбастылыққа салынбай, тек санаулы құжат арқылы өтінім беруге болады. Кейін жұмыс табылып жатса, Жұмыспен қамту орталығы бірден хабарласып шақырады. Міне, мен де осылайша «Экономист» мамандығы бойынша бухгалтердің көмекшісі болып жұмысқа тұрдым. Таңдаған мамандығым да, қызметім де өзіме қатты ұнайды. Сондықтан алғашқы тәжірибемді мемлекеттің қолдауымен алып жатқаныма қуаныштымын, – дейді ол.
«Алғашқы жұмыс орны» жобасына қатысу үшін өтініш беруші тұрғылықты жері бойынша Жұмыспен қамту орталығына өтінішпен жүгінуі керек. Өтінішке мынадай құжаттардың көшірмелері қоса беріледі:
- Жеке басын куәландыратын құжат;
- Білімі туралы құжат (бар болса).
«Ұрпақтар келісімшарты» жобасы
Жұмыс іздеушілер мен жұмыссыздарды, оның ішінде білім беру ұйымдарының, жұмыспен қамту орталықтарының түлектерін жұмыспен қамтуға жәрдемдесу бойынша қосымша шараларды іске асыру шеңберінде жұмыс берушілердің өтініштері бойынша Ұлттық жобаға қатысушыларды кейіннен ауыстыра отырып жұмысқа орналастыруды ұйымдастырады.
«Ұрпақтар келісімшарты» жобасы бойынша жұмыс беруші Жұмыспен қамту орталығымен келісім негізінде Ұлттық жобаға қатысушыны кемінде 18 ай мерзімге тұрақты жұмысқа алады, ал Жұмыспен қамту орталығы 6 айлық жұмыс үшін жалақы субсидиялайды.
Жергілікті бюджеттен ай сайынғы субсидия мөлшері, экологиялық төлемдер үшін төлемдерді қоспағанда, 30 айлық есептік көрсеткішті құрайды (салықтарды, міндетті әлеуметтік аударымдарды, пайдаланылмаған демалыс үшін өтемақыны және банктік қызметтерді қосқанда).
«Ұрпақтар келісімшарты» жобасына қатысу үшін өтініш беруші тұрғылықты жері бойынша Жұмыспен қамту орталығына өтінішпен жүгінуі керек. Өтінішке мынадай құжаттардың көшірмелері қоса беріледі:
- Жеке басын куәландыратын құжат;
- Білімі туралы құжат (бар болса);
- Еңбек кітапшасы (бар болса).
Аружан АЛПЫСБАЙ,
«QH»
Жаңалықтарды Instagram парақшамыздан оқыңыз