Шын шеберлер форумы өтті
Достық үйінде Қарағанды облысы қолөнершілерінің І облыстық форумы өтті. Іс-шараны өңірлік Кәсіпкерлер палатасы, Іскер әйелдер қауымдастығы, ҚХА Аналар кеңесі ұйымдастырды. Форум аясында атадан қалған асыл мұраны сақтап, ізін жалғап келе жатқан шеберлер өз жұмыстарын ұсынып қана қоймай, өзара тәжірибе алмасып, саланың даму бағыттарын талқылады. Халық көптен күткен іс-шарадан аңғарылғаны – тұтынушы тарапынан сұраныстың бар екені.
«Қол өнері – қазақтың төл өнері» деп тегін айтылмаса керек. Инеге іліккенді игілікке айналдыру, темірден түйін түйіп, барды ысырапсыз кәдеге жарату – оюдан ой оқып, сырмағымен салт-дәстүрін танытқан қазақ халқына тән қасиет. Бұл бағытта қазақтың ұлттық кодын сақтаудың кепілі ретінде қолөнершілікті жандандыру аса маңызды. Аймағымызда алғаш рет өтіп отырған І облыстық форум бұл салаға көзқарастың оң екенін аңғартқандай.
Шара аясында алаңға қойылған көрмелік жәдігерлер көз жауын алады. Мұндағы әрбір дүниенің, әрбір бұйымның қандай шеберлікпен, қандай еңбекпен жасалғаны сезіледі. Әрине, заман талабына орай бұл мұраны жастарға жаңа бағытта ұсынып, оны дамытуды кәсіпкерлікпен ұштастыру қажет. Осы тұста қолөнершілікті үйреніп қана қоймай, одан әрі ол арқылы табыс табуға да қолдау бар. Өздеріне деген демеудің барын сезінген шеберлер аймақтық шараға жұмыстарын ұсыну үшін Балқаш, Приозерск, Ақтоғай, Осакаровка, Бұқар жырау, Шет аудандарынан арнайы келген. Бірінен-бірі асқан хас шеберлер көрмеге ұлттық киімдер, қазақы ою-өрнекпен кестеленген көрпе-жастықтар, қыш ыдыстар, музыкалық аспаптар, тұрмыстық бұйымдар және зергерлік әшекей бұйымдар әкелген. Алаңға қойылған көне бұйымдар өз алдына, ұлттық құндылықтарға сай ұлттық нақышта киінген шеберлер көрменің көркін қыздыра түсті. «Өнерліге өріс кең» демекші, шеберлердің бірі қарапайым байлам, орамал мен кимешек жасайды. Десе де оны тұтынушының таңдауына сәйкестендіріп, заманауи үлгіде жасап трендке айналдырған.
Үйде отырып кірісін молайтып, ісін ілгерілеткен ханымдардың көпшілігі қолөнермен айналысуды жай хобби ретінде бастаған. Ал, шындығына келгенде, олардың бірі мұғалім болса, бірі – заңгер, бірі – бала тәрбиесімен үйде отырған ана. Араларында сүйікті хоббиін өмірлік кәсіпке айналдырғандары басым.
Шеберлердің басты құпиясы – сол: олар көне құндылықты бүгінгі күн талабымен ұштастыра білген. Ал креативті индустрия – экономиканы дамытудың басым бағыттарының бірі. Осы себепті қазіргі заманғы шығармашылықтың бастауында ата-бабалардан мұра болып қалған асыл қасиеттер жатыр. Бастысы, әр шебердің өзі жасайтын туындысына деген бірегей дүниетанымының болуы – шарт. Сондықтан болар, форумдық көрмеге қойылған түрлі қолөнер туындысының сан алуандығы байқалады.
Форумға қатысушылардың әрқайсысы тұтынушылар базасы қалыптасқан танымал жан болса да, «білгенім бір тоғыз, білмейтінім тоқсан тоғыз» деп өзара тәжірибе алмасты. Арнайы шеберлік шыңдау дәрістері осы үшін де ұйымдастырылған-ды. Сондай-ақ өз ісін дамытам және ілгерілетем дегендер үшін пайдалануға болатын мемлекеттік бағдарламалар туралы айтылды. Шараға қатысушылардың барлығы арнайы алғысхатпен марапатталды.
Әсел ҚҰСАЙЫНҚЫЗЫ
Жаңалықтарды Instagram парақшамыздан оқыңыз