Теміртауда қоғамдық көлік мәселесі шешімін таппай отыр

Теміртау қаласында қоғамдық көліктер халыққа дұрыс қызмет көрсетпейді. Соңғы 2 жылдың өзінде уәкілетті органдарға үш жүз жиырмадан астам өтініш пен шағым түсіпті. Бұл ресми айтылғандары. Ал айтылмай қалғаны қанша?  


Қала тұрғындарынан түсетін шағымдардың басым дені  «TTS» ЖШС компаниясы қызметіне көңілі толмайтынын жетізеді. Бұл мердігер қаладағы  8 бағыт бойынша жолаушы тасымалдайды екен.

Иә, «ТТS» ЖШС-не көптеген сұрақтар бар. Тұрғындар көбіне 10, 12, 22 және 23 маршруттарға шағымданады. Бұл маршруттар шынымен де жоспардағыдан 50 пайызға аз жүреді. «Қала көлік» ЖШС-нің шамамен 90%-ға, «Темірбаза» ЖШС-нің 78% шығу мүмкіндігі бар. Заң бойынша, шығу кем дегенде 70% болуы керек»,-дейді қалалық ТКШ бөлімінің басшысы Ринат Қыдырбеков.

Жалпы қаладағы қоғамдық көліктер 27 бағытта жолаушы тасымалдайды. Олардың он төрті қала ішінде, сегізі қала маңындағы елді мекендерге, бесеуі саяжайларға қатынайды.   Жоспар бойынша күн сайын 142 техника жолға шығу керек екен. Әйтсе де, дәл қазір  бұл көрсеткіш 105-тен аспай отыр. Оған себеп, сол баяғы көліктердің жиі бұзылуы, жүргізушілердің жетіспеушілігі.

Бірнеше күн бұрын ғана қала әкімі Ораз Тәуірбеков жолаушы тасымалдаушыларға қатаң ескерту жасап, бұл істі өз бақылауына алатынын айтқан болатын. Әкімнің қаһары мердігерлерді жөнге сала ала ма? Бұған дейінгі әкімдер тарапынан да жағдайды реттеу туралы уәделер берілген. Бірақ, нақты қадамдарды аңғармадық. Бұл жолы не өзгереді? Уақытында көре жатармыз.

Жаңалықтарды Instagram парақшамыздан оқыңыз