Күрделі жөндеу жүргізіледі
Қарағанды облыстық клиникалық ауруханасындағы инфекциялық бөлімшенің екінші блогы күрделі жөндеуден өтті. Ғимаратқа жөндеу жұмыстары соңғы рет он жыл бұрын жасалған. Бұл жолғы күрделі жөндеу барысында су құбыры, кәріз желілері, жылыту және ауа желдету жүйелеріне қатысты барлық инженерлік инфрақұрылым ауыстырылды. Биыл инфрақұрылым мен материалдық-техникалық жарақтандыруды жаңарту және үшінші корпусқа күрделі жөндеу жүргізу жоспарлануда.
Қазір ауа желдету жүйесі санитарлық шарттарға сәйкес келеді. Әр палатада бөлек ауа айналымын қамтамасыз етеді, бұл инфекцияның таралуына жол бермейді. Жаңа металл және пластикалық есік блоктары орнатылып, саңылаулар кеңейтілді. Бөлмелердегі ескі линолеум заманауи біртекті жабынмен ауыстырылды. Сондай-ақ, материалдық-техникалық жабдықтар жақсартылды. Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жөнделген корпусты көріп қайтты.
Екі қабатты ғимарат 1955 жылы салынған. Ауданы 2100 шаршы метрді құрайды. Ғимараттың қасбеті қосымша оқшауланған және қапталған. Жаңа санитарлық жабдықтар, емдік газбен жабдықтаудың сыртқы және ішкі желілері орнатылды. Реанимация бөлімі де қайта құрылды. Енді реанимациялық блок қабылдау-диагностикалық бөлімшенің жанында орналасқан.
– Бұрын реанимация үшінші корпуста орналасқан. Ол негізгі екі корпустан және қабылдау бөлімшесінен алшақ болатын. Сонымен қатар, ол екінші қабатта еді. Бұл пациенттерді тасымалдау және эвакуациялау тұрғысынан қолайсыз болды. Қазір реанимация бірінші қабатта, қабылдау бөлмесінің маңында. Біздің орталықтың ерекшелігі – біз жедел көмек көрсетеміз. Науқастардың көбі ауыр халде түседі және бірден реанимация бөліміне жеткізіледі, – дейді жұқпалы аурулар орталығының жетекшісі Ержан Жүнісов.
Жөнделген корпусқа жаңа жабдықтар сатып алынды. Атап айтқанда, желдеткіштер, төсек жанындағы монитор, заманауи ультрадыбыстық аппараттар, олардың бірі стационарлық, екіншісі портативті. Сондай-ақ, өткен жылы орталық үшін қабатты зерттеу мүмкіндіктері бар цифрлық рентген аппараты сатып алынды. Мұнымен бірге медициналық техника мен жиһаз ауыстырылды. Бүкіл ауруханада SOS жүйесі, дабыл түймелері орнатылған. –
Реанимация бөлімшесі алты адамға шақталған. Бұл – баланы да, үлкенді де қабылдауға қабілетті қаладағы жалғыз бөлім. Жұқпалы аурулар орталығы 190 бала мен ересек науқасты қабылдауға қауқарлы. Біз респираторлық, ішек, вирустық инфекциялармен ауыратын науқастарға көмек көрсетеміз. Нейро және тамшы инфекциясы бар науқастар үшін бөлек блок бар, – дейді Ержан Жүнісов.
Оның айтуынша, жөндеу жұмыстары кезінде науқастарды басқа екі корпуста қабылдады. Өткен жылы осында 7,5 мыңға жуық адам емделді.
Жаңалықтарды Instagram парақшамыздан оқыңыз