Тұрғындар таңдауы: МИБ пе, әлде ПИК пе?

Қазақстанда 1 шілдеден бастап пәтер иелерінің кооперативі жұмысын тоқтатуы тиіс. Алайда айлар бойы айтылған бұл талапты қарапайым тұрғындардың құптау-құптамауы әлі де болса екіұдай күйде. Қарағандылық тұрғындардың бірқатары мүлік иелерінің бірлестігі жайлы заңды қайта қарауды және көпқабатты үйлердің тұрғындарына өз үйлерін басқару нысанын өздері таңдауға мүмкіндік беруді сұрайды.

Көпқабатты тұрғын үйлерді күтіп ұстау жұмыстарына ықпал етіп, кондоминиум нысандарын басқару процесін реттеу мақсатында Мемлекет басшысы мүліктің меншік иелері бірлестіктері мен жай серіктестіктер құру жөнінде тапсырма берген болатын. Ендеше мүлік иелері бірлестігі дегеніміз не, соны түсініп алсақ.
МИБ – заңды тұлға, ол, шын мәнінде, коммерциялық емес ұйым болып саналады. МИБ Әділет министрлігінде тіркелуі қажет және өзінің жарғысы болуы тиіс. Мүлік иелерінің бірлестігі бұрынғы пәтер иелері кооперативінің қызметін атқарады. Дегенмен айырмашылығы көп. Мәселен, бір ПИК ондаған, тіпті жүздеген тұрғын үйге сервистік қызмет көрсетеді. Оған пәтер иелері ай сайын қажетті қаражат аударады. Осы жердегі кемшілік – азаматтар аударған ақша бір қоржынға түсіп отырды. Оны ПИК қайда жұмсайтынын, не сатып алатынын көп жағдайда ешкім бақылай алмайды. Сондықтан подъездерге жөндеу жасау, лифтілерді бақылау және басқа да сервистік қызметтерді уақытынан кеш жасап, жертөленің жайсыздығы жиі айтылып жүрді. Ал мүлік иелерінің бірлестігі ұйымы бір тұрғын үйдің шеңберінде құрылады, сәйкесінше бір есепшот ашылады және тек сол үйді толық қамтамасыз етуге мүдделі. Ал баламалы нұсқа болатын қарапайым серіктестік (ҚС) – барлық пәтер мен тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелерін заңды тұлға құрмай-ақ тікелей бірлесе басқару жүйесі. Тіркеу және жарғы қажет емес. Қарапайым серіктестікке тек 30 пәтерге дейінгі үйлерде рұқсат етіледі. Бүгінгі таңда бір жарым мың үйге шаққанда 55 МИБ тіркелген. Тұрғындардың басым бөлігі ПИК қалғанын қалайды. Кез келген жаңа талапты қалтасындағы теңгесімен бағамдайтын қарапайым тұтынушы түсінігінде «МИБ төлемі – шығын» деген түсінік қалыптасуда. Салыстырмалы түрде қарар болсақ, иә, МИБ ұйымдастырылған жерлерде төлемақы 3-4 есе артты.
Тұрғын үй инспекциясының мәліметтері бойынша, есесіне ол үйлерде жөндеу жұмыстары жедел жүргізіле бастаған. Әр МИБ басқарушы компаниямен келісім жасауы керек. Ол тазалықшы, сантехник, электрик қызметтерін ұсынады. МИБ таңдалды делінген күннің өзінде үй тұрғындарының арасынан төраға болуға ниетті адам табу қиын. Жүздеген тұрғынның көңілін тауып, үйге деген қамқорлықты өз мойнына алуға екінің бірі келісе бермейтіндей. Төраға болуға келісім берген жан тәуліктің 24 сағатында байланыста болып, әр тұрғынның шағымын тыңдауға шыдап, қаржыны да қалтқысыз игере білуі тиіс. Сондықтан болар, тілек білдірушілер саусақпен санарлық. Сондықтан болар, сенімнен гөрі секем көп. «Әрі тарт та, бері тарт деп жүргенде ескіден бас тартып, жаңасы жарылқай алмай қалса, қыста қалтырап қалмасымызға кім кепіл?» дейтіндер де баршылық. «Қыстың қамын жаз ойла» демекші, санаулы күнде тоқтайтын жылу маусымынан кейін бірден келер қыстың қамы басталуы тиіс. Ал тұрғын үйлер таңдау жасай алмай жүргенде жаз ортасы болады. 1 шілдеден басталар жаңашылдық ширақ жүріп кетсе құба-құп, әрине. Қалай болғанда да, заң күшінде қалады. Егер тұрғындар мүлік иелерінің бірлестігін тіркемесе, тұрғын үй инспекциясы 1 шілдеден бастап сот арқылы міндеттелетінін ескертті.
Айта кетейік, мүлік иелерінің бірлестігі сияқты механизм Германия, Польша елдерінде қарқынды дамыған. Біздегі тұрғын үйлерді басқару жүйесін жаңалауға осындай мемлекеттердің тәжірибелері негізге алынған.

Әсел ҚҰСАЙЫНҚЫЗЫ,
«Temirtu tynysy»

Жаңалықтарды Instagram парақшамыздан оқыңыз