Ұлттық қор – ұрпақ игілігіне

Қазақ жері – бағалы қазына қоймасы. Геологтердің пайымдауынша, ел аумағында мұнай, көмір, темір, алтын сынды пайдалы қазбалардан бөлек өте сирек кездесетін металдар қоры да жеткілікті екен. Тəуелсіздік алған кейінгі отыз жылда бұл қазына қисапсыз игеріліп келеді. Енді соның қызығын ел көрмек.

Қазақстанда қазір аса ауқымды саяси-əлеуметтік сипаттағы реформалар жүріп жатыр. Қоғамның барлық саласы жаңғыртылып, қайта құрылымдануы тиіс. Бұл ретте ел азаматтарының табысын арттыру жəне оларға қолайлы əлеуметтік жағдай жасау – басты міндет. Осы ретте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызын балалардың арнайы жинақ шотына аударуды ұсынған болатын.
Бұл – халықтың əлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған басты өзгерістің бірі болмақ. Өйткені арнайы есепшотқа түскен қаражат, бала 18 жасқа толғанша, ешкімге берілмей жинақтала береді. Кейін бала кəмелет жасына толған соң, əлгі ақшаға білімін жетілдіреді немесе баспана алады. Яғни енді ел азаматтары кəмелет жасына толған шақта белгілі бір деңгейде жинағы бар, ертеңіне сенімді азамат болып өседі. Бұл – өскелең ұрпақтың үлкен өмірге енді ғана қадам басқан сəтте кездесетін қаржылық қиындықтарды еңсеруіне үлкен демеу болары анық.
Игі бастама 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап жүзеге асырылады. Ал оны іске қосу механизмдері биыл толық пысықталып, заңнамаға тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізілмек.
Тағы бір айта кетерлігі – күні кеше ғана елордамызда болған ауқымды жиында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қордағы қаражатқа оңды-солды қол сала беруді доғару керек екенін айтқан болатын.
– Ұлттық қорға жармаса беруді доғару қажет. Мен бұл туралы осыған дейін де талай рет айттым. Ұлттық қор – болашақ ұрпақтың қаржысы. Біз оның ресурсын қажет кезде, дағдарыс кезінде ғана пайдалануымыз керек. Мемлекеттік-жекеменшік əріптестік институтын жəне жан басына қаржыландыруды, əсіресе əлеуметтік инфрақұрылымға инвестиция тартуды толық пайдалану керек, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ,
«Temirtu tynysy»

Жаңалықтарды Instagram парақшамыздан оқыңыз