Биыл Теміртауда 29 шақырым жылу құбырын ауыстыру жоспарлануда
Жаңа жылыту маусымының алдында Қарағанды облысында жеті ЖЭО-да ауқымды жөндеу науқаны өтеді. 45 қазандық пен 29 турбинаны жөндеу жоспарланған. Сондай-ақ, өңірде 88 км жылумен жабдықтау желілері мен 1937 км электр желілері ауыстырылады.
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың айтуынша, өңір қалаларын тұрақты жылумен қамтамасыз ету – басты міндеттердің бірі. Қала тұрғындарының үйлерін сапалы және үздіксіз жылумен қамтамасыз ету үшін қандай жұмыстар атқарылып жатқаны жайлы ол ОКҚ алаңында өткен брифингте айтып берді.
Биыл Теміртауда 29 шақырым жылу құбырын ауыстыру жоспарлануда. ЖЭО-2-де жабдықтарды ағымдағы жөндеу және қалаға қажетті жетінші қазандықтың құрылысы жүріп жатыр.
– Өткен жыл Теміртау тұрғындары үшін өте қиын болды. Қала бойынша 29 км жылу желілерін жөндеу жоспарлануда. «АрселорМиттал Теміртау» компаниясына тиесілі ЖЭО-2 жұмысына шағым түсіп жатыр. Қазіргі уақытта станцияда қазандықтарды жөндеу науқаны және жаңа, жетінші қазандықтың құрылысы жүріп жатыр. Бұл ретте біз өз тарапымыздан жұмыстардың тиісті мерзімде аяқталуы үшін барлық қажетті шараларды қабылдаймыз, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Қарағандыда тұрғын үй құрылысының белсенді болуына байланысты жылу тапшылығы байқалады. Бұл мәселені шешу үшін облыс орталығында үшінші жылу құбырының құрылысы жалғасуда. Бұл жаңа шағын аудандарды сапалы жылумен жабдықтауға қосуға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі кезең-кезеңімен шешілуде. 2025 жылға қарай билік облыс тұрғындарын орталықтандырылған сумен 100% қамтуды жоспарлап отыр.
Жаңалықтарды Instagram парақшамыздан оқыңыз