Мерейі үстем медицина қызметі

Басы ауырып, балтыры сыздаған жан бірінші кездекте дәрігерлер көмегіне ұмтылатыны анық. Сондықтан да ақ халатты абзал жандар қашан да құрмет пен қошеметке лайық. Елімізде маусым айының әр үшінші жексенбісінде осы сала қызметкерлерінің күні атап өтіледі. Биыл да бұл дәстүр жалғасын тапты. Тұңғыш Президент атындағы тарихи-мәдени орталықта медицина саласының үздіктеріне қала әкімінің «Алтын белгісі» тапсырылды.

– Елімізде медицина саласын дамыту, тұрғындарға заман талабына сай қолжетімді және сапалы медициналық көмек көрсетуге барлық мүмкіндік қарастырылған. Мемлекет медицина саласы қызметкерлеріне алдағы уақытта жан-жақты қолдау көрсетіп, саланы дамытуға ерекше көңіл бөлуде. Ұлт денсаулығы – Жаңа Қазақстан құруға бағытталған мемлекеттік саясаттың басым бағыты, – деп атап өтті қала әкімі Ораз Тәуірбеков өз құттықтау сөзінде.
Қала әкімінің айтуынша, өмірін медицина саласымен байланыстыратын жастардың қатары да жыл сайын артып келе жатыр екен. Тек, биылдың өзінде Теміртауға 20 жас маман келген.
– Биыл Теміртау қаласының медициналық ұйымдарына 170 млн. теңгеден астам соммаға құрал-жабдықтар сатып алынды. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда екі есеге көп. Сонымен қатар, биыл қаламыздың орталық ауруханасына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бұл жерде ауданаралық аурухана ашылып, Осакаров және Бұқар жырау аудандарының тұрғындарына қызмет көрсетеді. Бұл қаламыздың медицина саласындағы үлкен жетістіктерінің бірі, – дейді қала басшысы.
Биыл қаламыздың 275 медицина қызметкерлері біліктілікті арттыру бағытында білім алып, біліктіліктерін арттырған. Олардың ішінде 15 маман шетелдік тағлымдамадан өткен. Бұл үшін 47 млн.теңгеден астам қаржы бөлініпті.
Қазіргі таңда қалада 12 медициналық мекеме жұмыс істеп тұр. Оларда төрт жүзден астам дәрігер мен 1068 орта медицина қызметкері және 332 кіші медицина қызметкері еңбек етуде. Науқастарға көмек көрсетіп, шыбын жанына араша болып жүрген ақ халаттылар арасында бұл саланың отбасылық мамандыққа айналдырған Касапиди, Моловечка, Серенко сынды еңбек әулеттері де бар.
Биыл қала әкімінің медицина қызметкерлеріне арналған «Алтын белгісі» марапаты 8 адамға табысталды. Олардың барлығы өз саласында айрықша нәтиже көрсетіп, халық алғысына бөленген жандар.
«Үздік дәрігер акушер-гинеколог» аталымының жеңімпазы 47 жыл өз мамандығына адал қызмет еткен Чепеленко Людмила Николаевна.
Людмила Николаевна жүктілік және босану кезінде перинаталдық көмек пен күтімнің тиімді әдістерін енгізу бойынша жоғары деңгейдегі маман. Людмила Николаевна жоғары кәсібилігімен және жүкті әйелдерге деген жақсы қарым-қатынасымен ерекшеленеді.
«Үздік педиатр» аталымы бойынша №2 емхананың балалар дәрігері Күлән Мухатова марапатталды.
Күлән Мухатованың бұл салада қызмет етіп келе жатқанына 37 жылдың жүзі болыпты. Оның алғаш еңбек жолын бастаған кездегі емделушілері бүгінде ата-ана атанып үлгерді.
«Үздік участкелік дәрігері» аталымының бүгінгі жеңімпазы – Теміртау қаласының №1 емханасының участкелік дәрігері Елена Горбач.
Бұл ұжымда 2003 жылдан бастап жұмыс істейді. Өзін сауатты және жауапты маман ретінде көрсете білді. Мамандығы бойынша жалпы жұмыс өтілі 27 жылдан астам.
«Үздік дәрігер-хирург» аталымы бойынша Теміртау қаласының Орталық ауруханасының урология бөлімінің меңгерушісі Евгений Омаров марапатталды.
Ол 2008 жылы Қарағанды мемлекеттік медицина академиясын «Емдеу ісі» мамандығы бойынша тәмамдап, аурухананың Қабылдау-диагностика бөліміне жұмысқа орналасқан. Ол жас та болса, өзіне жүктелген ауыр міндетті абыроймен атқара білді. Бүгінге дейін жүзге тарта ота жасап, өзін мамандыққа адал берілген, кәсіби хирург ретінде таныта алды.
«Үздік дәрігер – кардиолог» аталымы бойынша «Теміртау қаласының Орталық ауруханасы» кардиология бөлімінің меңгерушісі Наталья Журавлева марапатталды.
Наталья Юрьевна еңбек жолын 1986 жылы Қарағанды металлургия комбинатының дәрігерлік-сантиарлық бөлімінде терапевт лауазымында бастаған. Ал, 1997 жылы №3 қалалық аурухананың кардиология бөліміне ауысты. 2015 жылдан бері осы бөлімнің меңгерушісі лауазымында еңбек етуде.
«Үздік салалық дәрігер» аталымы бойынша №1 емхананың кеңес беру-диагностика бөлімінің меңгерушісі Людмила Муртазина марапатталды.
Медициналық училищені қызыл дипломмен «фельдшер» мамандығы бойынша бітірген Людмила Николаевна, 4 жыл жедел жәрдем станциясының желілік бригадасында фельдшер болып жұмыс істеді. Дәл сол кезде ол медицина – оның мамандығы екенін түсінді. Кейін Медициналық институтты тәмамдаған соң хирургия саласын таңдап, 10 жылдан астам уақыт ординатор-дәрігер болып қызмет етті.
«Үздік орта медицина қызметкері» аталымы бойынша Қарлығаш Абдрахманова марапатталды.
Қарлығаш Абдрахманова Көпбейінді ана мен бала орталығында аға мейірбике болып еңбек етеді. Медицина саласындағы жалпы еңбек өтілі 44 жыл. Осы аралықта ол көптеген ана мен баланың алғысына бөленген. 2020 жылы «Медицина саласының үздігі» атанды.
«Денсаулық сақтау саласының үздік ұйымдастырушысы» аталымы бойынша №4 емхананың директоры Алтынай Ескалиева марапатталды.
Алтынай Ескалиева көптеген денсаулық сақтау комитетінің мүшесі. Еңбек жолын Қарқаралы ауданындағы Қасым Аманжолов ауылында қарапайым дәрігер ретінде бастаған. Саладағы ұзақ жылғы еңбек өтілі барысында ізденімпаздығымен, жаңашылдығымен көзге түсті. Қоғамдық жұмыстарға да белсене араласып, Теміртау қалалық мәслихатының депутаты болды. Ал, биыл облыстық мәслихат депутаты болып сайланды.
«Мамандыққа адалдығы үшін» аталымы бойынша қалалық Ана мен бала медициналық орталығы директорының медицина саласы бойынша орынбасары Валерий Лаишев марапатталды.
Валерий Михайлович облыстық санавиацияда қызмет еткен. Ол акушер-гинеколог ретінде мыңдаған ана мен баланың өміріне араша болып, қаншама сәбидің азамат болып өсуіне ықпал етті.
Бұдан бөлек, медицина саласында адал еңбегімен көзге түсіп, емделушілер алғысына бөленген бірқатар медицина қызметкерлеріне қала әкімінің Құрмет грамотасы табысталды.

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ,
«Temirtau tynysy»

Жаңалықтарды Instagram парақшамыздан оқыңыз