Теміртауда киберполиция бөлімшесі ашылды

Теміртау қалалық полиция департаментінде Киберпол бөлімшесі жұмысын бастады. Жаңа құрылымның алдында тұрған басты міндет – интернет алаяқтыққа қарсы күресті күшейтіп, қылмыстың алдын алу. Жаңа бөліністің ашылу рәсіміне қала әкімінің орынбасары Самат Зияшев, облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Әбіл Әбілдин, Теміртау қаласы полиция басқармасының басшысы Мақсат Әшім, Теміртау қаласының прокуроры Арман Омаров, қалалық мәслихат төрағасы Алексей Ломакин және ерікті жастар тобы қатысты.

Ақпараттық технологиялар дамыған сайын оңай жолмен пайдаға кенелгісі келетіндер де түрлі құйтырқы әрекетке бара бастады. Әсіресе, интернет алаяқтарға арбалып, барынан айырылып қалғандар көп. Оларды ұстау да оңай болмайды. Сондықтан да, бұл бағыттағы жұмыстарды жетілдіру мақсатында Қарағанды облысында Киберпол бөліністері жұмысқа кірісті.

– Киберполдың алғашқы бөлімі облыс орталығында, ал, екіншісі Балқаш қаласында ашылды. Бүгінгі Теміртауда осындай үшінші бөлімнің жұмысы басталды. Бұл қылмыспен күресті жеңілдетеді. Енді интернет алаяқтардың құрбаны болған азаматтардың арызы бір жерден қабылданып, бір жерден тергеледі. Бұрын арызды қабылдау, тергеушіге тапсыру процестерінің өзі біршама уақыт алса, енді оның бәрі жедел орындалып, ақша айналымына дереу тосқауыл қойылады. Осы арқылы біз қылмыстың санын азайтамыз. Әрине, мұның бәрі қылмыстың салдарымен күресу. Ең жақсы амал – алдын алу. Сондықтан, халыққа интернет алаяқтардан сақтану жолдары барынша кең көлемде түсіндірілуі керек, – дейді облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Әбіл Әбілдин.

Теміртау қаласы полиция басқармасының бастығы Мақсат Әшімнің айтуынша, тұрғындарға ақпарат беру жұмыстары белсенді жүргізіліп келеді екен. Осының арқасында қылмыс көрсеткіші де айтарлықтай азайған. Бірақ, арқаны кеңге салар кез емес. Бұл бағыттағы жұмыс Киберпол бөлімі арқылы бұрынғыдан да жеңілдей түспек.

– Жыл басынан бері 85 іс тіркелді. Былтыр бұл кезеңде 105 іс тіркелген болатын. Осы істер бойынша 12 қылмыстық іс ашылып, 5 күдікті ұсталды. Цифрлық технологиялардың дамуы интернет алаяқтықтың өршуіне алып келді ғой. Сондықтан облысымызда Киберпол жобасы қолға алынды. Біздің орталықта 3 тергеуші, 3 жедел қызметкер және IT мамандар жұмыс істейді. Бұл тіркелген қылмысты ізін суытпай ашуға мүмкіндік бермек. Өйткені, интернет алаяқтық бойынша неғұрлым ерте әрекет жасалса, оны ашу да соғұрлым жеңілдей түседі, – дейді Мақсат Әшім.

Киберпол бөлінісінің ашылуына лауазымды тұлғалармен қатар еріктілер тобы да қатысты. Өйткені, тұрғындарға барынша сапалы ақпарат беріп, сақтандыру ісінде еріктілердің алар орны айрықша. Әсіресе, әлеуметтік желі ақпарат құралы ретінде дамыған шақта, жастардың бұл тақырыпта сауатты әрі сапалы мәлімет беріп, бұқара халықты сақтандыруы қылмыстық істердің азаюына ықпал етпек.
Өз кезегінде қоғам үшін айрықша мәнге ие бұл бастамаға қала әкімдігі де барынша қолдау көрсетпек.

– Бүгін аса маңызды орталықтың ашылу салтанатына келдік. Иә, интернет алаяқтық мәселесі дәл қазір біздің қоғам үшін өте өзекті болып отыр. Қаншама адам жымысқы пиғылды адамдарға алданып, барынан айырылып қалды. Бұны тоқтатуға қоғам болып жұмылу қажет. Сондықтан, біз атқарушы билік тарапынан Киберпол жұмысына жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз. Оның ішінде қажет жабдықтар алуға қаражат бөлу, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуге еріктілер тобын тарту мәселесі бар, – дейді қала әкімінің орынбасары Самат Зияшев.

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ,
«Temirtau tynysy»

Жаңалықтарды Instagram парақшамыздан оқыңыз