Жылдамдықты арттырып, «бауырымдап» қалмайық…

Елімізде жылдамдықты арттырып, немесе, дұрыс бұрылыс жасамай жол көлік апатына ұшырау азаяр емес. Көліктер бір-бірімен соқтығысып жатса, мотоцикл тізгіндегендер де осы санға «үлес» қосуда.

Алдағы уақытта Қазақстанда видеоталдау жүйесі енгізіліп, жылдамдық асырған жүргізуші туралы мәлімет бірден полицияның планшетіне жіберіледі. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин айтқан болатын. Оның айтуынша, бүгінде еліміздегі көшелерге 100 мың видеокамера орнатылған.
Ол видеоталдау жүйесі жылдамдық асырғанды жақсы көретін жүргізушілермен күресуге мүмкіндік беретінін атап өтті. Жол полицияларына берілген қарапайым планшет превентивті талдау, превентивті жұмыс құралына айналуға тиіс. Жүргізуші 10 камера тұсынан сағатына 200 шақырыммен өтіп, айыппұл төлеген соң жөніне кете беретін жайттар жиі тіркеледі. Мұндай жағдайды болдырмас үшін не істеу керек? Жүргізуші 3–4 камера тұсынан өте жоғары жылдамдықпен өтсе, онда сол жерде тұрған жасақтан ақпарат бірден планшетке түсуге тиіс. Иə, бұл апатты азайтудың бірден-бір жолы болуы мүмкін.

Жол тәртібі — өмір тәртібі

Дегенмен, жазбамызда осы соңғы бір-екі айда Қарағанды облысында болған оқиғаларға тоқтай кетпекпіз. Жол тəртібі — өмір тəртібі десек те болады.
Мысалы, осы айдың 12-сі күні «Қарағанды-Теміртау» тас жолында екі жеңіл көлік соқтығысып, оқиға орнында екі адам қаза тапты. Одан бөлек, үш адам ауыр жарақат алып, ауруханаға жеткізілді. Облыстық полиция департаментінің мəліметінше, оқиға таңертеңгі сағат 11:00 шамасында болған. «Audi» көлігін тізгіндеген 57 жастағы жүргізуші маневр кезінде қарсы бағытта келе жатқан ВАЗ 2114 автокөлігімен соқтығысқан. ВАЗ автокөлігін тізгіндеген 24 жастағы жүргізуші мен Audi автокөлігінде отырған 57 жастағы жүргізушінің əйелі оқиға орнында қаза тапты. Жүргізуші мен 9 жастағы немересі жəне ВАЗ автокөлігіндегі 23 жастағы жолаушы түрлі дене жарақатымен медициналық мекемеге жеткізілді. Жолкөлік оқиғасы фактісі полицияда тіркеліп, қажетті сараптамалар тағайындалды. Қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданатын болады.
Осыған ұқсас жағадай 4 маусым күні болған еді. Бұл жолы Қарағанды қаласындағы Тəттімбет пен Б. Момышұлы көшелерінің қиылысында Chevrolet Cobalt көлігінің 23 жастағы жүргізушісі солға бұрылып келе жатып, қозғалыс қауіпсіздігіне көз жеткізбей, Toyota көлігімен соқтығысқан.
Tayota Camry көлігін 30 жастағы ер адам басқарған. Жолкөлік оқиғасы салдарынан Toyota Camry көлігінің екі жолаушысы əртүрлі дəрежедегі денежарақаттарын алып, медициналық мекемеге жеткізілді.
Сол күні Осакаровкада да бір адамды жалмаған оқиға болды.
Бұл туралы: «Осакаровка ауылында 22 жастағы BMW жүргізушісі рөлді басқара алмай, бағанаға соғылды. Жолкөлік оқиғасы салдарынан BMW көлігінің 20 жастағы жолаушысы алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды, жүргізуші түрлі дене жарақаттарымен аудандық ауруханаға жеткізілді. Жүргізушілерді жол ережесін, жылдамдықты жəне қауіпсіз қашықтықты қатаң сақтауға шақырамын. Олар кенеттен маневрлер мен тежеуден бас тартуы керек — бұл көлік құралын басқаруды жоғалтуға əкелуі мүмкін, əсіресе қараңғыда. Сондай-ақ жолдармен жүру кезінде жеке қауіпсіздік пен жолаушылардың қауіпсіздігі үшін де қосымша шаралар қабылдауды қадағалау қажет. Есіңізде болсын, өз қауіпсіздігіңіз ғана емес, айналаңыздағы адамдардың да қауіпсіздігі жолдағы сіздің əрекетіңізге байланысты», — дейді Қарағанды облысы ПД жергілікті полиция қызметінің бастығы Куаныш Зарубаев.

Мотоциклде қауіпті

Мотоциклді жүргізушілер де қауіпті болып тұр. Жылда атылғанымен бұл көлікпен жүрушілер арасында да көз жұмғандар саны артқан.
Жергілікті полиция қызметі басқармасының аумақтық бөліністерімен өздеріне тиесілі əкімшілік аумақта мотоциклі бар азаматтармен кездесіп, олардың иелігіндегі көлік құралдарының құжаттары бар-жоғына тексеріс жұмыстарын жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар тəртіп сақшыларымен, осы кездесу барысында мотоцикл иелеріне жол-жүру ережелерін сақтау бойынша да түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Осыған қарамастан, мотоцикл жүргізушілер тарапынан бүгінгі таңда құқық бұзушылыққа жол беру жағдайлары диі кездеседі. Мəселен, 13 мамыр күні сағат 22.00 шамасында Қарағанды облысы, Құлайғыр ауылының маңында Абай аудандық полиция басқармасы патрульдік полиция взводының қызметкерлерімен мемлекеттік тіркеу нөмірі жоқ мотоцикл тоқтатылды. 29 жастағы жүргізуші көлігіне мемлекеттік нөмір тақпағанға қарамастан, мотоцикл құралын ішімдік ішкен күйде басқарғаны анықталды.
Құқық бұзушыға қатысты Қазақстан Республикасы ƏҚБтК-нің 608-бабы 1-бөлігі, 590-бабының 2-бөлігі, 593-бабының 2-бөлігіне сəйкес хаттама толтырылды.
Соттың шешімімен ол 15 тəулікке əкімшілік қамауға алынып, 7 жылға жүргізуші құқығынан айырылды. Шахтинск қаласында 13 мамыр күні сағат 15.00 шамасында 16 жастағы қала тұрғыны көпқабатты үйлердің ауласында ИЖ Юпитер 3 мотоциклін басқару кезінде жол қауіпсіздік ережелерін ескермей, 3 жастағы баланы қағып кетті. Салдарынан жəбірленуші ауруханаға жеткізілді. Сол күні сағат 23.00 шамасында Есенгелді — Қарағанды тас жолында Honda мотоциклінің 35 жастағы жүргізушісі 30 жастағы ВАЗ 21014 автокөлігінің жүргізушісімен соқтығысты. Жол-көлік оқиғасының салдарынан мотоцикл жүргізушісі оқиға орнында қайтыс болды. Аталған дерек полицияда тіркелді. Тиісті сараптамалар тағайындалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қарағанды облысының полиция департаменті мотоцикл жүргізушілерін жол жүру ережелерін қатаң сақтап, сақтандыру киімдерін киіп жүруге шақырды.
Жақында Қарағанды қаласында жолаушылар жолағымен самокатпен өтіп бара жатқан жиырма жасар бала жеңіл көлік соғып кеткен еді, екі күннен кейін бозбала ауруханада көз жұмды.
Иə, қазақ бекер айтпайды «Сақтанғанды, сақтайды» деп, жолда абай болған дұрыс. Асығып, «баратын жерге тез жетемін» деген ойды «сабыр түбі сары алтынға» ауыстырсаңыз ұтылмайсыз. Жылдамдықты арттырып, «бауырым» дап қалмайық…

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,
«Temirtau tynysy»

Жаңалықтарды Instagram парақшамыздан оқыңыз