Киік табыны егінімізді таптауда
Киіктің киесі бар секілді, жердің де өз иесі бар. Нұра – киіктердің Арқадағы мекені. Сол киелі аңның көптігі бір жағынан, Нұрадағы шаруашылықтардың, біздің бас ауруымызға айналып отыр. Ақбөкендер егіс алқабын таптап, әжептеуір шығынға батырып отыр. Шаруалар қазір шыр-пыр күйдеміз.
Киік санының жыл сайын өскені қиын болып тұр. Бүгінгі күні шаруа иелерімен ұйымдасып, инспекторлармен бірлесіп, егіс алқабынан киік табынын айдап жатсақ та, барлық алқапты аман алып қалу мүмкін болмай тұр.
Төрт жыл болды осы мәселемен бетпе-бет келіп жүргенімізге. Санын азайту керек деп ойлаймыз. Бидай шыққан кезде құралай басталады. Сол уақытта әсіресе, қиындық тудырады. Комбайн орақ орып, шаруа істеп жүрсе, киіктің кішкентай лақтары жатады. Соны алып, басқа жерге апарсақ, инспекторлар айыппұл салады. Қолымыз байланып отыр. Мысалы, ауданымызда 10-15 ғана инспектор бар. Мыңқырған киікке қалай ие болады?
Қалай десек те, зардабы зор боп тұр егістігімізге. Менің 2 мың гектар жерімді таптап, егінімді жеп кетті. Олардың тұяқтары өткір келеді. Жүгіргенде тіпті түбімен жұлып алады. Өткен жылы да осы мәселені көтеріп, ауыл шаруашылығы министрлігіне, экология министрлігіне хат жаздық. Жауап жоқ. Естіуімізше, Абай ауданындағы екі шаруашылыққа, Осакаров ауданындағы 11 шаруашылыққа да киік табыны зардабын тигізіп отыр екен.
Ең көп егін алқабы Нұра ауданы деп есептесек, біздің ауданда 23 шаруашылықтың егіс алқабы тапталыпты. Ал, облыс бойынша есептесек, 13 ауылдың 36 шаруашылығына зардабын тигізді. Жалпы көлемі 38 440 гектарды құрайтын егістік жерлері тапталды.
Мұнымен қоса, басқа шаруашылықтарға тиесілі жайылымдық және шабындық жерлердің тапталуынан мал азығының тиісті көлемін дайындай алмау қаупі бар.
Шаруалар осы мәселелерді ескере отырып, киіктердің популяциясын реттеу туралы шұғыл шешім қабылдау қажеттігін жеткізеді.
Сайын Ибрагимов,
«Құланөтпес» ЖШС Директоры
Нұра ауданы
Жаңалықтарды Instagram парақшамыздан оқыңыз