Қазақстанда табиғи және тарихи ескерткіштерді сақтау бойынша ауқымды акция басталды
Вандализмге жол жоқ! Осындай ұранмен «AMANAT» партиясының «Жастар Рухы» жастар қанатының мүшелері Қазақстанның тарихи, мәдени және табиғи мұрасын вандализмнен сақтауға бағытталған республикалық ауқымды акцияны бастады.
Ақмола облысында 50-ден астам белсенді «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде орналасқан «Жұмақтас» жартасын және басқа да объектілерді тазалауға кірісіп кетті.
«Мұндай ескерткіштер бүкіл қазақ халқына ортақ мұра, ол ұлттық бірегейлігімізді айшықтайды. Президент өз Отанын шын сүйетін адам туған елінің табиғатын да барынша қорғайды деп бекер айтқан жоқ. Біз қазір қоғамда ілгерілетуге және қалыптастыруға ұмтылып жүрген патриотизм идеясы да осыған саяды деп ойлаймын. Осынау игі акция қазақстандықтарды ортақ құндылықтар төңірегінде топтастырады деген сенімдеміз. Қазақстан азаматы ретінде Мемлекет басшысының идеясын қолдауды маңызды деп санаймыз. Сондай-ақ, еліміздің басты мерекесі – Республика күні қарсаңында мәдени және табиғи мұрамызды бағалайтын, оның болашағына бей-жай қарамайтын азаматтарды, қоғамдық ұйымдарды бізге қосылуға шақырамыз» — деді «AMANAT» партиясының «Жастар Рухы» жастар қанаты төрағасының орынбасары Ақерке Искандерова.
Акцияға волонтерлерге әдістемелік және басқа да жалпы көмек көрсететін Ұлттық парк пен облыстық мәдени мұраны қорғау орталығының мамандары қатысады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, аталған акция қоғамда экологиялық мәдениетті нығайтуға бағытталған.
«Осындай жерге келетін кейбір адамдардың әрекеті көңілге қаяу түсіреді. Адамдардың демалуға келетіні түсінікті, бірақ бұл табиғатқа тағылық жасап, оны қалай болса солай бүлдіруге болады деген сөз емес қой. Ондай әрекетке барған адамдар өз ісі үшін ұялып қана қоймай, жасаған әрекеті үшін заң алдында жауап беруі, айыппұл төлеуі тиіс. Ата-бабамыздан мұра болып қалған кең байтақ даланың әрбір бөлшегін таза ұстауымыз керек», — деді «Жастар Рухы» белсендісі Жасұлан Рахымов.
Былтыр Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен «AMANAT» партиясының XXII Съезінде «ТазаLike» экологиялық тәрбие жобасы басталған еді. Жастар қанатының белсенділері мен жақтастары жоба аясында ел аумағы бойынша мыңға жуық экологиялық акция өткізіп, оған 80 мыңнан астам адам қатысты.
Ескерткіштерді қалпына келтіру және тазартуға арналған акция еліміздің басқа өңірлерінде де жалғасады. Күні ертең «Жастар Рухы» белсенділері сарапшылармен және қоғам белсенділерімен бірге еліміздегі барлық ұлттық паркке, «Аққайнар» петроглифтік кешеніне, «Тамғалы-Тас» шатқалына және басқа да нысандарға барады.
Ауқымды акцияға қатысушылар ел бойынша ескерткіштерді, онымен іргелес аумақты тазартып, ретке келтіреді. Сонымен қатар жастар туған өлкенің тарихын, дәстүріміз бен әдет-ғұрпымызды зерделейді.
Жаңалықтарды Instagram парақшамыздан оқыңыз