Қазақстан мен Түркияның республика күндеріне арналған 100 шақырымдық велошеру өтті

Журналист, оқытушы-аудармашы, велосаяхатшы Ернат Мелсұлы Республика күніне орай Астанада велошеру өткізді. Ол бұл веломарафонды қазақпен туыс Түрік Республикасының 100 жылдығына да арнады. Өйткені 25 қазан Қазақстанның Республика күні болса, 29 қазан – Түркияның Республика күні.

Әуесқой спортшы сөре үшін Түркияның Қазақстандағы елшілігін таңдап алған. Оны таңғы 10 жарымда Түрік Елшісінің Бірінші кеңесшісі Ипек Айнукса, Коммуникация мен медиа жөніндегі кеңесшісі Махмұт Шевкет Байрам, Елшілік аудармашысы Жанар Сатылған, BBC World Service ардагер-журналисі, Дүниежүзілік инновация қорының бұрынғы өкілі, қоғам белсендісі, Еуропа қазақтарының өкілі Бәшір Жаңалтай, халықаралық деңгейде белгілі суретші, ұлттық өнер дизайнері Маржан Әбілдина, Түркияның «ТРТ Avaz», «ТРТ Hабер» және отандық БАҚ өкілдері шығарып салды.

Ернат Республика, Бөгенбай батыр даңғылдары, Алаш тас жолы арқылы жүріп, оңға бұрылып айналма жолға түсті. Содан тоқтамастан 3 сағатта 60 шақырым жүріп, жүрек жалғап, әл жинау үшін 30 минут аялдады. Шағын үзілістен кейін қалған шақырымды еңсеріп, Түркия Республикасының негізін қалаған тұңғыш президенті Мұстафа Кемал Ататүрік ескерткішінің алдында аяқтады. Веломарафоншыны Түркияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Мұстафа Капуджу, қолдаушылары мен журналистер қарсы алды.

Нәтиже халықаралық сертификатталған Strava ұялы қосымшасында ресми тіркелді. Ернат Мелсұлы 6 сағатта барлығы 106 шақырым жүрген. Ол «Бастапқы жоспарым 100 шақырым болатын, бірақ нақты көрсеткіш 106 шақырымға жетіпті. Бұл да тегін емес деп ойлаймын. Өйткені тәуелсіздік Қазақстанның жаңа замандағы мемлекеттілік негізін осыдан 106 жыл бұрын алғаш 1917 жылы Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш арыстары қалады. Олар «Алаш» партиясын құрып, «Алашорда» автономды үкіметін құрды. Қазақтың азат ел болуының ең алғашқы алғышарттарын мызғымастай қылып, шегендеп кетті. Ал бұл кезеңде Ататүрік бастаған қайраткерлер Түркия Республикасын құру үшін жан алып, жан берісіп жатқан еді. Олар ақыры 1923 жылы 29 қазанда өз мақсатына жетті. Қазақ пен түрік – тегі, тарихы, тілі, ділі, діні жақын бауырлас халықтар. Әлемге тарыдай шашыраған қандастарымыздың біраз бөлігі Кашмирден биік тауларды асып барғанда осы Түркиядан құтты орнын тапты. Түркия топырағында аты аңызға айналған тұлғалар – қазақтан шыққан алғашқы скрипкашылардың бірі Әлім Алмат, мұсылман халықтары арасынан таэквондодан алғаш рет 6-дан иегері атанған, Қазақстан Таэквондо Федерациясының негізін қалаған Мұстафа Өзтүрік жерленген. Қазақ елінің тәуелсіздігін бірінші болып мойындап, сүйінші хабарға алғаш болып үн қосқан – осы Түркия. Біз мұны жақсы білеміз және өте бағалаймыз. Анадолыда тұратын түріктердің атажұрты – Қазақ елінде, алтын бесігі – Алтай. Бізге қазақ пен түріктің арасындағы жақындықты, бауырластықты, туыстықты тереңдете беру керек. Түрік бірлігі нығайып, Тұран елдері күшейе бергей! Біртұтас Түрік әлемінің қарашаңырағы — Қазақ елі! Осыны әр қазақ баласы жүрегінде ұстауға, сол идеяға жемісті қызмет етуге және кірпіші болып қалануға ұмтылуға міндетті деп санаймын!» дейді.

Мәреге ойдағыдай жеткен веломарафоншы оңай болмағанын айтады. Ернат «Велошеру кезінде мен үшін 3 қиындық болды. Бастапқы 2-уі күн райымен байланысты. Біріншіден, өте суық болды. Биылғы күздік алғашқы ызғары осы күні білінді. Ауа температурасы желдің күшейтуін есептегенде минус 10 градус болды. 4 рет қар ұшқындады. Екінші қиындық, жел. 106 шақырымның 60 шақырымында желге қарсы жүрдім. Үшіншіден, автобандағы жүйткіген мыңдаған көліктің екпіні, шуылы да едәуір кедергі жасайды. Бірақ бұлардың бәрі күтілген кедергілер. Бұларға әу бастан дайын болдым. Жүйелі жаттығып, жан-жақты шынықтым. Физикалық және белесебетім бойынша да ешқандай қиындық туған жоқ. «Сұржекейім» (белесебетінің аты) жолда қалдырмады» деп ризашылығын білдірді. Strava мәліметіне сүйенсек, спортшының веложүріс кезіндегі орташа жылдамдығы 17 шақырым болды, ал ең жоғары жылдамдық 36 шақырымнан асқан. 1396 калорий жаққан. 415 метрге дейінгі биіктікке көтерілген.

Қоғам белсендісі алдағы жоспарын да бөлісті. «Менің түпкі арман-мақсаты – белесебетпен дүние жүзін аралап, қазақ елін, жерін және тұлғаларын, Абайдың «Толық адам» тұжырымын насихаттау, халықтар арасындағы достыққа, бейбітшілікке үндеу. Бірақ бір жүрген жерін қайтадан жүрмей, алдында аяқтаған елден әрі қарай жалғастырып отырмақпын. Былтыр Стамбұлда аяқтаған халықаралық велошеруді 2024 жылы Түркияда жалғастырып, 10 елдің аумағынан өтіп, Парижде өтетін Жазғы Олимпиадаға баруды жоспарлап отырмын. Сондай-ақ бұл веломарафонды мұсылман елдері арасында таэквондодан тұңғыш 6-дан дәрежесін иеленген Мұстафа Өзтүріктің 70 жылдығына және әлемдік деңгейдегі ғұлама ғалым Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығына арнаймын» дейді Ернат.

Айта кетейік, Ернат Мелсұлы былтыр Ұлт ұстазы, ірі мемлекет және қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына арнап, Қазақстаннан Түркияға белесебетпен барды. Ол Түркия аумағында Ризе, Орду, Трабзон, Самсун, Чорум, ел астанасы Аңқара, Кония, Ақшеһир, Ескішеһир, Бурса қалалары арқылы белесебетпен 5555 шақырым жол жүріп, 55 күнде Ыстамбұлға жетіп, 29 қазандағы Мұстафа Өзтүрік зиратына тағзым етіп, Абай ескерткішінің алдында Түркияның басты мерекесі – Республика күнінде аяқтады.

 

Жаңалықтарды Instagram парақшамыздан оқыңыз