«Шахтер» командасы жеңіске жетті

Қостанайлық «Тобыл» Арқа алаңына қонаққа келді. Кеншілер командасы «Тараз» бен «Ақжайыққа» есе жібергендей бұл жолы қонақтарға сый көрсете қоймады. Ойынның алғашқы сәттерінен-ақ, аяқ допты алаңның тек бір жағында ғана ұстап, «тобылдықтардың» айылын жиғызбады.

Ойыншылар ойынды аңдыса бастап, қарсылас қимылының ұрымтал тұсын тосуда. Алаңның екі шетіне кезек өту мен нәтижесіз шабуылдар бұл жолы болмады. «Шахтер» командасы тым ширақ әрі сергек. Алаң ортасында Кирилл Маляровтан, Владимир Хозиннен, Микола Ковталюктен пас күткен «шахтерлік» Тимур Досмағамбетов «тобылдықтармен» жанкүйерлер назарында. Ақыры кеншілер командасының белді ойыншысы 17 нөмірдегі М.Ковталюктің қарсылас қақпасына бағыттаған добы маңдайшаға тиіп артқа қайтты. Кейін төреші тарапынан сынға ұшыраған сары киімдегі «тобылдықтар» сары қағаз алды. Айып добын соғу мәртебесі әрине, Тимур Досмағамбетовтың еншісінде. Ал, толқулы сәт. Садақтың адырнасындай шегіне тұрған Досмағамбетовтың бұл тұрысы бір мұғжизаның боларын анық білдіргендей. Қақпаның оң жағын көздеген шахтерлік ойыншыдан қарсылас қақпашысы Александр Мокин қулықты күтпеп еді. Оқша атылған Т.Досмағамбетовтың соққысынан ала доп қақпаның сол бұрышын солқ еткізді. Есеп 1:0.

Ал, екінші кезең барысында қостанайлық қонақтарда етек-жеңін жиып, қарымта шабуылдар ұйымдастыра бастады. Бұған көне қоятын кеншілер командасы ма?!

«Тобылдықтардың» шабуылын сәтті пайдаланған «шахтерлік» Иван Свиридов аяқ допты алаңның келесі бетіне кедергісіз өткізді. Осы сәтте «құланның қасуымен шүріппенің басуы» дегендей-ақ, маңайынан табылған командаласы Микола Ковталюкке әдемі пас берілді. Ала допты артынан қарсыласы қуып жеткенше қақпаға бағыттаған Микола есепті тағы да 2:0 етіп еселеді. Бұл сәт қарағандылық футбол сүйер жанкүйерлердің айызын қандырғандай болды. Трибунадағы жұрт алақайлап, бөркін аспанға атуда.

Сонымен көп мақтанғанды қош көрмейтін кеншілер командасы босаңсымады. Қақпа күзетін мықтап, шабуылды одан сайын күшейте түсті. Осы сәтте ойынды тағы да «тобылдықтар» тарапынан бұзылған ереже үзді. Айып добын соғатын әрине әйгілі Досмағамбетов. Қақпашы мен ойыншының теке тіресі. Сол жағынан соққы алған қостанайлық қақпашы Александр Мокин осал тұсын барынша бағуда. Дегенмен, қақпаның қалтарысын қалт жібермейтін Тимур Досмағамбетовтің бұл жолғы соққысы да нәтижесіз емес. Таблода 3:0 деген жаңа есеп жарқ етті.

Ойынның аяқталуына санаулы минуттар қалғанда намысқа барынша тырысқан «Тобылдың» ойыншылары қарымта шабуылды белсенді ұйымдастырды. Осылайша 18 нөмірлі Рубен Бриджидо сәтті соққысымен «Тобылға» абырой ала келді. Есеп 3:1. Қарсылас қарқынының үдегенін байқаған кеншілер командасы ойынның соңғы секундында тіпті дес бермеді. «Шахтерлік» Тоқтар Жанғылышбайдың әдемі пасын Роман Муртазаев сәтті пайдаланды. Соққының соңында есеп 4:1 болып айқара ашылды. Берілген мүмкіндік мүлт кетпеді. Бұл кеншілер командасының жұлдызды сәті еді.

Жансая СӘРСЕНБАЙҰЛЫ.

Жаңалықтарды Instagram парақшамыздан оқыңыз