Жеңіс Қашқынов қазақ тіліне аударған Өзбекстан мен Қарақалпақстанның халық ақыны Тілеуберген Жұмамұратов шығармалары

ТЕМІРТАУДА

Келіп едім сағынып,
Жүрегім қалды бағынып.
Теміртау деген аты да,
Қойылған әбден табылып.

Көңілім саған тоймай тұр,
Кетуге көзім қимай тұр.
Жазайын десем көргенді,
Өлеңіме сыймай тұр.

ҚАРАҒАНДЫ

Алтын бұлақ бұрқап аққан жерінен,
Темір менен мыс атылған демінен.
Соны естіп арнап өзім барғанда,
Қиялымнан артық көрдім сені мен.

Кең Арқаның асқақтаған алыбы,
Сенде қалды жүрегімнің жарымы.
Сөнер емес мен Нөкісте жүрсем де,
Саған деген махаббаттың жалыны.

Ей, сұлуым, дидарыңа нұр толған,
Ей, жомартым, сыйлығыңа қыр толған.
Сенің жайсаң сипатыңды көргенде,
Ақындардың жүрегіне жыр толған.

АБАЙ ЕСКЕРТКІШІНЕ

Ақын тұр алға қолдарын созып,
Тұлғасың биік қатардан озық.
Сөздері жаңа,
Жүрегі таза,
Қалмайды бір ескідей тозып.

Зарыққан болса бұрында Абай,
Халықтың қазір жырында Абай.
Мәскеу, Киев, Ереван, Баку,
Ашхабад, Нөкіс, Қырымда Абай.

Көрінер түсім өңімде Абай,
Мұхтардың ұлы томында Абай.
Қай жаққа барсам алдымнан шығып,
Кездесе жүрген жолымда Абай.

Соғылған жүрек бойымда Абай,
Әмуді кезсем қолымда Абай.
Негізгі орны Алматы екен,
Бүгін тұр биік орында Абай.

ҚАЗАҚ ДОСЫМА

Қазақ достым, келсең біздің араға,
Құлағың сал сөз төркінін қара да.
Түсінбеспіз қарақалпақ тілін деп,
Тілмашты сен сұрама да, қалама.

Көрмегенді білу қиын сынамай,
Үйлестірсем сезім қаққан сынадай.
Керек болса тілмаш тауып берейін,
Есті бірақ, сөйлеу тілім мынадай.

Есіңде ме, ей, бауырым, қазағым,
Көкіректі жанышқаны аза-мұң.
Ата-баба жел айдаған қаңбақтай,
Бірге көрді ескіліктің азабын.
Қобыз ұстап Қорқыт қоныс таппаған,
Түнек еді айналасы қаптаған.
Басқа салды Асанның мұң-қайғысын,
Шұбырынды «қара табан, «ақ табан».

Қаратаудың басынан шулап, көш келіп,
Жапа шегіп ұйқысынан сескеніп.
Ата ұлдан, ана қыздан айырылған,
Қара көзге мөлдіреген жас келіп.

Жүргенде де қараңғыда шырмалып,
Ата-баба қыз берісті, қыз алып.
Ұзақ жолдан жақын жүрек жалғасқан,
Түйе айдап Қызылқұмды қақ жарып.

Бір-бірінің қолтығынан демеген,
Іргелесіп қондырылған керегем.
Қарақалпақ елінде де жырлайды
«Қамбар батыр», «Мұңлық-Зарлық», «Төлеген».

Бір теректің бұтағындай ұрпақпыз,
Қайғыға да, шаттыққа да ортақпыз.
«Кең даланың жыршысы» деп біздерді,
Уәлиханов айтқан қарақалпақпыз.

Енді құрғақ дала емес еліміз,
Бақ жайқалды босқа кетпей теріміз.
Қызыл гүлдің сабағындай масайрап,
Бұлбұлдардың сайрағанын көріңіз.

Тұқым сепсем, жайқалады егісім,
Жесем тілді үйіреді жемісім.
Биік үйлер жасыл желек жамылып,
Көкке қарай құлаш жайды Нөкісім.

Тақтакөпір, Шымбай бойы зор қала,
Бұл күндері жер де жаңа, ел жаңа.
Құс ұшқанда қанат күйген шөлстан,
Болды бүгін ақ алтынды Ферғана.

Қара, Қоңырат, Кегейлінің ауылын,
Қаракелін, тұлпар, қымыз, сауынын.
Ертек емес, Шаббыздыдан көре бер,
Қалқаманның жазған тәтті қауынын.

Көрсе егер жазы менен күзімді,
Татып қара торсылдақтай жүзімді.
Ұстап көріп бақтың қызыл алмасын,
Алматыда сезгендеймін өзімді.

Саған ортақ шалқып жатқан Аралым,
Туған елге зейін сала қарадым.
Зауыт пенен комбинаттар көбейген,
Алға қарай басқан екен зор адым.

Қалама кел, ауылымды көріп кет,
Бойдақ болсаң сұлу теңдеп алып кет.
Жігіт те көп қазақ қызы сүйгендей,
Жұрт жаңартып жаңа құда болып кет.

Қадірлеймін өзің үшін мал сойып,
Дәстүрім деп алдыңызға бас қойып.
Шынтағыңа мамық жастық жастанып,
Қыздар құйған шайдан ішіп ал тойып.

Қазағым деп болар әркез халқым шат,
Аға менен құрбының тұз-дәмін тат.
Бәрінен де ең қадірлі сыйлығым —
Жүректегі жанып тұрған махаббат.

Жаңалықтарды Instagram парақшамыздан оқыңыз