Астанада бильярдтан қаламгерлер арасында турнир өтті

Астанада Республика күніне орай Elorda Aqparat медиасеріктестігінің ұйымдастыруымен журналистер мен қаламгерлер арасында бильярд турнирінің жеңімпаздары анықталды.

Жарыс биыл елордамызда екінші мәрте өткізілді.

Турнирге жазушы, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Қойшығара Салғараұлы бастаған елімізге белгілі ақын-жазушылар, Парламент депутаттары, журналистер, медиаменеджерлер, баспасөз өкілдерінен құралған 32 ойыншы қатысты.

Тартысты өткен бәсекеде I, II, III орындардан бөлек, биыл еліміз бойынша мерейтойлары аталып өтіп жатқан қазақтың қабырғалы қаламгерлері Кемел Тоқаев, Сейдахмет Бердіқұлов, Оралхан Бөкей атындағы арнаулы сыйлықтар табысталды.

Күні бойы өткен тастаяқ жарысында ойын ережесіне сәйкес, үздік щеберлік танытқан төмендегіше ойыншылар марапатталды.

I орын иегері деп белгілі айтыс ақыны Еркебұлан Қайназаров танылды. Оған 300 мың теңгенің сертификаты табысталды.

II орынды ақтық сынға дейін шебер ойын көрсеткен белгілі журналист, жазушы Талғат Ешенұлы қанжығасына байлады. Жүлдегерге 200 мың теңгенің сертификаты табысталды.

Ұйымдастырушылардың шешіміне сәйкес жүлде қорынан екі III орын тағайындалған.

Бұл орындарды жазушы, журналист Сәдібек Түгел мен белгілі спорт журналисі Несіп Жүнісбайұлы иеленді.

Аталған жарыс барысында жүлделі орындардан бөлек, биыл еліміз бойынша мерейтойлары аталып өтіп жатқан қаламгерлер Кемел Тоқаев, Сейдахмет Бердіқұлов, Оралхан Бөкей атындағы жүлде көлемі 100 мың теңгелік арнаулы сыйлықтар табысталды.

Кемел Тоқаев атындағы арнаулы жүлде қазақ әдебиетінің ақсақалы, жазушы Қойшығара Салғараұлына, Сейдахмет Бердіқұлов атындағы жүлде қазақ спорт журналистикасының ардагері Несіп Жүнісбайұлына және Оралхан Бөкей атындағы арнаулы сыйлық белгілі қаламгер, Парламент Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіпке берілді.

Турнир ұйымдастырушылары аталған арнаулы жүлделерден бөлек, қосымша үздік ойын көрсеткен қатысушылар үшін төрт номинация тікті.

Қазылардың шешімімен «Алыстан ат терлетіп келген ойыншы» аталымын Алматы қаласынан арнайы келіп, турнирге қатысқан қазақ журналистикасының ардагері, Қайнар Олжай, «Мәдениетті ойыншы» номинациясын белгілі жазушы Шархан Қазығұл, «Алғашқы шар» номинациясын күйші Секен Тұрысбек иеленді. Сонымен қатар, «Мерген ойыншы» деп ардагер журналист Кенже Жұмағұл, «Шебер ойыншы» ретінде журналист Әлімжан Сабыржанұлы лайық деп танылды. «Үздік дуплет» аталымымен журналист Жандос Дүйсекеев марапатталды. Марапат иелеріне бағалы сыйлықтар мен ақшалай жүлде табысталды.

Айта кетейік тартысты өткен турнирге биыл екінші жыл қатарынан билярдтан екі дүркін әлем чемпионы Ернар Чимбаев бас төрешілік етті.

Марапаттау рәсімінің соңында қорытынды сөз алған Elorda Aqparat медиасеріктестігінің директоры Олжас Сыдықбек жарысқа қатысқан барша ойыншыларға алғыс білдірді.

Турнирдің мақсаты – Республика күні мерекесін ұлықтау, елордадағы қаламгерлер мен журналистер арасында зиялы орта мен сұхбат алаңын қалыптастыру, бұқаралық спортты насихаттау. Өткен жылдан бастау алған турнир алдағы жылдарда да дәстүрлі түрде жалғасатын болады. Бүгінгі ойынның қызықты да тартымды өтуіне үлес қосқандарыңыз үшін баршаңызға алғыс айтамын, — деді О.Сыдықбек.

 

Жаңалықтарды Instagram парақшамыздан оқыңыз