Жастарға қомақты қолдау

Теміртау қаласы әкімінің жастар кәсіпкерлігін дамытуға және қолдауға арналған гранты конкурсының жеңімпаздары белгілі болды. Бұрнағы күні Тұңғыш Президент атындағы тарихи-мәдени орталықта ерекше бизнес жоба ұсынған 20 азаматқа 2 млн.теңге көлемінде қайтарымсыз қаражат берілді. Ұйымдастырушылар осы арқылы қаладағы шағын және орта бизнесті дамытуды және халықтың әлеуметтік әл-ахуалын арттыруды көздейді.

— Биыл жас кәсіпкерлерді қолдау мақсатында 40 млн.теңге көлемінде қаражат бөлінді. Жастарға ұсынылып отырған грант мөлшері былтырғымен салыстырғанда екі есеге артқан. Грант ұсыну барысында қалаға қажетті, бәсекеге қабілетті ерекше жобаларға назарға алынды. Сонымен қатар, көпбалалы жандарға, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға, жұмыссыздарға және қандастарға басымдық берілді, — дейді Теміртау қалалық Жастар ресурстық орталығының директоры Наурыз Елемесов.

Қала әкімінің қайтарымсыз грантын алуға үміт білдіргендер де көп болыпты. Қазылар алқасының қарауына 125 өтініп келіп түскен екен. Қатысушылар бір апта бойы арнайы оқу курсынан өтіп, біліктіліктерін арттырды. Осыдан соң, комиссия мүшелері әр үміткердің жобасымен танысып, үздік жиырма азаматты таңдап алған.

— Жеңімпаз деп танылған жобалардың арасында қаламыздың экономикасына ғана емес экологиясына да пайдасы тиетін бағыттар болды. Мәселен, жеңімпаз атанған бір азамат пластик бөтелкелерді, полителен қалталарды гранулаға айналдырып, шикізат есебінде қайыра сату жобасын ұсынды. Бұл жоба жүзеге асса қала тазалығы үшін айтарлықтай қолдау болар еді. Сондай-ақ, ұлттық нақыштағы брусчатка өндіру, балаларға арналған жинақ әзірлеу тәрізді маңызды жобалар да болды, — дейді Наурыз Елемесов.

Жоба жеңімпазы Лимара Рахмонова 4 жастан 12 жас аралығындағы балаларға арналған шығармашылық жинақ әзірлеу жобасын ұсынған екен. Бұл жинақ балалардың ұсақ моторикасын және шығармашылық қабілеттерін дамытуға мүмкіндік береді. Кәсіпкер қайтарымсыз 2 млн теңге грантқа қосымша жеке қаражатынан 178 мың теңге құймақ.

— Қала әкімінің гранты туралы ақпаратты интернет желісінен көріп қалып, қатысуға ниет білдірдім. Ұсынып отырған бизнес идеям Түркияде жүрген кезде келген еді. Сол елде біраз уақыт жұмыс істеп жүргенде балаларға түрлі бояуларды пайдалана отырып футболкаларға сурет салдыратынын аңғардым. Ол баланың ұсақ моторикасын жетілдіріп, шығармашылық қабілетін де оятады. Сол кезде Қазақстанда да осындай дүниелер істелуі керек деген ой болды. Кейін елге келген соң Астана қаласында осы нәрсені қолға алып, оны жетілдірген жандармен танысып, тәжірибе алмастым. Енді Теміртау қаласында «Арт студия» ашуды көздеп отырмын. Сонымен қатар, шығармашылық жинақ өндіріп, сатылымға шығарамыз, — дейді жас кәсіпкер Лимара Рахмонова.

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ,
«Temirtau tynysy»

Жаңалықтарды Instagram парақшамыздан оқыңыз