ҰЛТТЫҚ РУХЫҢ БИІК БОЛСА…

«Мұғалім — мәңгі нұрдың қызметшісі, ол барлық ой мен қимыл әрекетіне ақылдың дәнін сеуіп,нұр құятын тынымсыз лаулаған жалын иесі» — Чехияның белгілі ойшылы, Еуропа педагогикасының негізін салушы Ян Амос Коменский білім беру жүйесінің тиімді де түсінікті болуын, өзіне мақсат етіп қойды. Ұстаздардың еңбегін жоғары бағалады. Әр ел — өз тілінде сөйлеу керектігін атап айтты.

«Тіл байлығы, тіл тазалығы – ұлт қасиетінің, салт сапасының негізгі өнегесі, нағыз белгісі» — деп, қазақ халқының ұлағатты жазушысы Ғабит Мүсірепов тілдің негізгі артықшылығына тоқталып өткен. Қазақ халқының әу бастан айтылып келе жатқан асыл қазынасы, еш тілге ұқсамайтын әсемділігімен, тіл майдалығы, қоғамымыздың айнасы, өзінің сұлулығымен бойымызды балқыта отырып, құлақ құрышын қандыратын ерекше — тіл. Әр ұлттың өз тілі бар…
Осы тақырыпқа байланысты тіл ақыл айтады, тіл тәрбие береді, тіл өскелең ұрпақтарымызға білімді болуға кең жол ашатын ғажайып кемел тіл десек артық болмас. Жаңа Қазақстан бағдарламасы бойынша ұлттық тілімізді өркендетуге жағдай жасалынып келеді. Көп жылдар бодандық қоршауында түңіліп отырдық, қатты сөйлеуге, дауыс көтеріп, кері жауап беруге, жоғары басшылардан қорыққан кездеріміз артта қалып барады. Иығымыздан бір ауыр жүк түскен сияқты. Өзімізді еркін сезінеміз. Ұлттық тіліміздің бедел-мәртебесін көтеруге әрбір қазақ азаматы атсалысуға міндетті.
Тәуелсіздік күніне орай, «Теміртау қаласының Ресурстық тіл орталығы» КММ мен «Теміртау қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі» ММ қызметкерлері ұйымдастырды.


Қаламызға биылғы жылдың желтоқсан айында Алматыдағы Әл-Фараби қазақ мемлекеттік университеті мен Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің аға оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ҚР-ның еңбек сіңірген қызметкері «Еңбек даңқы» төсбелгісінің иегері, ардагер-ұстаз Әбішева Рыскен Рахымқызы ат басын тіреді. «Ұлттық рухың биік болса…» атты тақырыпта әңгіме-сұхбат жүргізді.Тұңғыш Президент тарихи-мәдени орталығының үлкен залы оқушылар, студенттер, ұстаздар, еңбек ардагерлерге лық толды. Ардагер-ұстаз Хакім Абайдың ұлағатты сөзімен бастап, тыңдармандарды бірден өзіне баурап алды десек артық болмас. Ұлттық рухтағы ұстаздың кітаптарының тұсауын «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Тұяқов Сәбит Шораұлы мен «Теміртау қаласының конфессияаралық қатынастардың мәселелерін зерттеу және сараптау орталығы» КММ-ның басшысы Нұрмаханов Нұрхан Әлиұлы кесті. Кездесудің мақсаты – орыстанған қаладағы ұлттық тілдің жағдайын таразыға салып, өскелең ұрпақтарымызға салыстырмалы жүйеде сұхбат жүргізу, ұлттық тіліміздің мәртебесін көтеруге атсалысу еді. Жасыратын жағдай емес, шұбарланған тіліміздің енді-енді «тәй-тәйлап» келе жатқаны өмір шындығы. Оған осы қалада тұрғаныма жарты ғасырдан асып барады. Мен – куәгермін десем болады.
Сұхбаттасу барысында Орталық кітапхананың қызметкері Әгенқызы Таңсәуле шеберлікпен сұрақ-жауап ретінде жүргізіп отырды. Оқушылар мен ұстаздар қауымы да шет қалмады. Қаламыздағы Үсенова Гүлбарам Есжанқызы басқарып отырған, N8 ЖББ мектебінің қазақ тілі пәнінің ұстазы Мақұлбаева Фарида Бабиханқызы кездесуге екі оқушысын дайындап келген. Олар: Рахметолла Еркінай «Ана тілі»өз шығармашылығынан, Орынбаева Жанна Әлібек Шегебайдың «Тәуелсіздік таңы» атты жыр жолдарынан үзіндіні шеберлікпен орындады. «Өткенсіз –келешек жоқ»-дегендей, осы орайда еңбек ардагерлері: ақ жаулықты апаларымыз Тоқпаева Сәлима, Ахметова Қымбат пен ақ сақалды Ахметов Сәбит, Кемелхан Сүйінбаев атамыз, бұл кездесудің мәні өте зор екендігіне өз пікірлерін айтты.
Өз еліміздің ұлттық рухын көтеруге, ана тілімізге деген махаббат пен мәртебемізді аспандатуға еркіндік жасалынып отырған жағдайда, ұлттық ән-жырымызға неге жол бермеске?.. Рыскен Рахымқызын қарсы алуға өнер иесі, қалаға танымал, дәстүрлі жас әншіміз – Нұрмаханов Мұқағали да шет қалмады. Ол өзінің дарынды даусымен көрермендерді өзіне баурап алды. Сахна пердесін «Мен сіздерді жақсы көремін» әнімен ашса, соңында «Мен қазақпын» әнімен аяқтады. Көрермендер ду қол шапалақтап, сахна төрінен жібермеді.
Жаны жайсаң, жүрегі адал, сезімі нәзік, өз ана тілінің жанашыры Рыскеннің Теміртауға келуі үшінші рет. Той болсын, отырыс болсын, «20-30 қазақтың ішінде бір көккөз жоқ, неге бәріңіз орыс тілін қадірлеп, өз тілімізді аяқ асты етесіздер»- деп кеткен соң, дәл осы қалаға қайтсем де бір барамын-ды өзіне міндет санап, маған телефон салды. Бірінші кезекте керегі үлкен аудитория табу міндет болды. Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығының басшысы Саргиз Саида Жамантайқызының есігін аштым. «Жақсы адамның жанында жақсы адам жүреді» — дегендей, қуанышымда шек болмады. Өзім айтқан күнді белгілеп берді. Өміріне ғасырлы жас тілеймін! Мың рақмет!!! Сахна төрін сәндеу, қонақты қарсы алу барысына көмекшілерім де табыла бастады. Қалалық N3 кітапхана филиалының меңгерушісі Адамқұлова Света Рзағалиқызы, конфессияаралық орталығының басшысы, депутат Нұрхан Әлиұлының бастамасымен қолдаушылар табылды, «Ресурстық тіл орталығы»-ның ММ басшысы Әкішбаева Гүлнар Шайзоллақызы мен Едгина Зура Елеусізқызы, «Теміртау тынысы» газетінің редакторы Нұрлыхан Қалқаманұлы, ТТК телеарнасының жүргізушісі Арман Әбілқасымұлы өзінің көмекшісімен келді. Назира Ілиясова бастаған N4ЖББ – дан 48 оқушы, «Мирас» колледжінен 30 студент, кітапхана филиалдарынан 12 адам, қалған мектептерден 1-2 адамнан ғана жиналды. Қалалық оқу бөлімінің басшысы Жаудина Халипа Қорабайқызы: «Айжан Қойшыбайқызы — ұстаздар мен балабақша тәрбиешілері барады деп айтты»-деді. Тіл дегенде етегімізден кері тартатындар әлі де бар-ау?! Ұлттық тілге көрсететін құрметіміз осылай шешілуі мүмкін бе еді? Келгендерге қанағат, шүкір дедік. Студенттер арасында үлкен аудиторияда 200-300адамға дәріс берген ұстазға қандай әсер етті екен?! Қазақстанның көптеген білім ордаларында болған кездесулерде аз адам жиналған қала — біздің қала болғаны әрине, ренішті.
Әңгіме барысында, Қытаай Халық Республикасының Үрімжі қаласына барған сапарында студенттер көп жиналғанын айтты. Қазақ диаспорасы тыңдаушыларына білім мен тәрбие беруде қосқан үлесі үшін Дүниежүзі қазақтарының алғыс хатымен, Университеттің дамуына қосқан үлесі үшін «Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне 80 жыл» мерекелік медалімен марапатталған ұстазға шексіз алғысымызды газет арқылы білдіреміз. «Жоқтан гөрі-жоғарының» кебін киген біздерге ризашылығын айтып, тағы бір келермін, кездескенше деп Алматыға кете барды.
Ұлттық тіліміз туралы Әлихан Бөкейхан бабамыз: «Тіл үшін күрес неге жүріп жатыр? Қазақ тілі деген не?Қазақ тілінің ар жағындағы жатқан мәселе — Жер. Біз, мына жерді қазақ болып, қазақша сөйлеп қана қорғай аламыз» — деген екен. Қазақ болып, Ұлттық рухымызды сақтай білейік!

Советгүл Бекбосынқызы,
Ардагер ұстаз.

Жаңалықтарды Instagram парақшамыздан оқыңыз