ХАНАФИ МӘЗҺАБЫ: Қазақстан аумағындағы дәстүрлі ислам

Жер бетінде екі жүзге жуық тәуелсіз мемлекет бар екен. Ал, ұлттардың саны одан он есе көп. Яғни, екі мыңның үстінде. Әлі ұлт болып ұйысып үлгермеген этностардың саны төрт мыңға дейін жетеді екен. Олардың басым көпшілігі туыстас халықтар. Әйтсе де, бір-бірінен тіліне, діни сеніміне және дәстүр-салтына қарай ерекшеленеді. Иә, ұлттың ұлт екенін – оның мәдениеті мен дәстүрі айшықтап тұратыны анық. Демек, одан айырылған халық болмысын да жоғалтады.

Қазақ елі алмағайып замандарда ұлан-ғайыр аумақты уысында ұстап қалып, тәуелсіздігін қалпына келтіре алған санаулы халықтардың бірі. Тәуелсіздігімізді жариялап қана қоймай, дамыған елдермен терезесі тең халық болуға ұмтылды. Бұл үшін адамзат баласын дініне, тегі мен ұлтына қарап бөлместен, бауырға бастық. Баршаға тең мүмкіндік ұсынды. Иә, Ата заңымыз бойынша Қазақстан азаматтарына және осы елде уақытша тұтатын шетелдіктерге діни шектеу қойылмайды. Әркім өз қалауына сай діни жоралғы орындап, құдайға тәу етуге құқылы. Десек те, бұл әрекетімен қоғамның тыныштығына, мемлекеттің қауіпсіздігіне қатер төндіруге әсте болмайды.
2021 жылы өткен халық санағының нәтижесінде, ел азаматтарының 69,3% ислам дінін ұстанатыны, христиан діні – 17,2%, буддизм мен иудаизм – 0,1% екені анықталған. Сонымен қатар, дінге мүлдем сенбейтіндердің үлесі – 2, 3%-ға жеткен. Яғни, ел халқының басым дені ислам дініне сенеді. Ал, Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының ресми ұстанымы – Ханафи мазхабы. Неге таңдау басқа төрт мазхабқа емес, дәл осы бағытқа түсті? Мұның тарихы тереңде жатыр.
Егер Ислам тарихына көз салсақ, діннің таралуы түрлі кезеңдерді бастан өткерген. Әсіресе, Орта Азия халықтары баяғы бабаларынан жеткен сенімді тәрк етіп, жаңа дінге бірден ден қойған жоқ. Үрке қарады. Қалыптасып қалған салт-дәстүрінен ажырап, жұтылып кетуден қорықты. Бұл қалыпты құбылыс саналады. Дін мен дәстүрге қатысты көптеген сұрақтар туындаған еді. Осы кезеңде көрнекті ғалым, ағартушы Әбу Ханифа Нұғман ибн Сәбит Ханафи мәзһабының негізін қалады. Бұл жолдың басқа бағыттардан басты айырмашылығы — догматика мен буквализмнен көрі қажет кезде ақыл мен қисынды қолдана отырып құқықтық үкім беруге басымдық беретінінде.
— Ханафия мәзһабы әрбір ұлттың өзіндік ерекшелігінің сақталуына барынша мүмкіндік береді. Айталық, Ханафи мәзһабында ұлттардың дін негіздеріне қайшы емес әдет-ғұрпының сақталуына жағдай жасалған. Мысалы, Ханафи мәзһабында әдет-ғұрыптар «сахих» және «фасид» болып екіге бөлінеді. «Сахих» әдет-ғұрыпта Құран мен Сүннетке қарама-қайшылық болмайды. Ал, «фасид» әдет-ғұрыптың дініміздің негіздеріне қайшы тұстары болады. Шынтуайтында, Қазақ халқы мың жылдан астам уақыттан бері Ислам дінін ұстанып келеді. Яғни, Ислам дінін сан ғасырдан бері ұстанып келе жатқандықтан, ескі әдет-ғұрыптарымыз шариғат сүзгісінен өтіп, дін негіздеріне қайшы емес салт-дәстүрлеріміз ғана сақталып қалды, — дейді заңгер, шариғат маманы Мұхан Исахан.
Иә, асыл текті бабаларымыз өз дәстүрін дінмен байланыстыра білді. Сөйтіп, ұлттық болмысын да сақталып қалды. Осы күнге дейін дін мен дәстүр егіз ұғым саналып, қатар аталатын. Өкінішке қарай, кейін дінге догмалық сипатта қарайтын жаңа топтар пайда болып, дәстүрді тәрк етуді әдетке айналдырды. Бұған кешегі 70 жылдың кеңестік идеологияның да айтарлықтай ықпал еткені анық. Ғасырға жуық уақыт дәстүрімізден жырақтап, дінімізден ажырап қалдық. Құдайсыз қоғамда туып, ержеткен буынның арасында ақыл айтар ақсақал азайған. Мұның бәрі дәстүрге қатысты түсінбестіктердің туындауына себеп болып отыр.

Н.Қалқаманұлы,
«Теміртау қаласының
конфессияаралық
қатынастардың мәселелерін
зерттеу және сараптау орталығы» КММ бас маманы

Жаңалықтарды Instagram парақшамыздан оқыңыз