ҚАЗАҚСТАН – КОНФЕССИЯАРАЛЫҚ КЕЛІСІМ ОРТАЛЫҒЫ

1991 жыл. Дәурені жүріп, дүркіреп тұрған КСРО деген алып империяның іргесі шайқалып, шаңырағы ортасына түсті. Одақ құрамындағы халықтар жаппай тәуелсіздік ала бастады. Әлем елдері осы бір үдерісті үреймен бақылап тұрғанды. Әсіресе, Қазақстанға қатысты қауіпті болжамдар жиі айтылып қалып жүрді…

Шынымен де, Тәуелсіздік алған шақта Қазақстандағы ахуал кісі қызығарлықтай емес еді. Патшалық Ресей кезінен бастап-ақ, саяси тұтқындар, шаруалар көптеп жер аударыла бастаған. Кейін комсомолдық жолдама деген желеумен де қаншама ұлт пен ұлыстың баласы келіп қоныстанды. Мемлекет құраушы ұлттың үлесі тым аз. Ұлттық құрамның әр алуандығымен қоса, діни сенімде де бірізділік болған жоқ. Әлемдік тәжірибеде мұндай елдерде бейбітшілік пен келісімнің болуы сирек кездесетін жағдай. Сондықтан да, сарапшылар алдағы уақытта Қазақстанда азаматтық соғыс болады деген болжам жасаған. Бірақ, олар ескермеген бір дүние бар еді. Ол мемлекет құраушы ұлттың бойындағы бауырмалдық қасиет. Иә, қазақ халқы тағдыр тезімен қоныс аударған халықтарды ұлтың бөлек, дінің бөлек деп сыртқа тепкен жоқ. Керсінше, бұл да АДАМ баласы ғой деп соңғы нанын бөліп беріп, қолұшын созды. Осы бір асыл қасиеттің арқасында таныстық соңы тамырлыққа, ажырамас достыққа ұласқан еді.
Ел үкіметі алғашқы күннен-ақ ішкі тұрақтылыққа баса назар аударды. Барлық ұлт пен ұлыстың баласына тең құқық беріліп, олардың діни ұстанымдарына құрмет қарау қалыпты құбылысқа айналды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қиын кезеңді артқа тастаған соң, ұлтаралық және дінаралық ынтымақтастыққа бастайтын құндылықтарды халықаралық алаңда да насихаттауға айрықша көңіл бөлінді. Осының нәтижесінде Қазақстан халықаралық саяси аренада беделге ие болды. Мұның біз үшін қайырлы болған тағы бір тұсы, елдегі тұрақтылықты аңғарған инвесторлар да көптеп келіп, экономикамыздың жандануына да үлес қосқаны.
Қазақстанды конфессияаралық келісімнің орталығы ретінде айшықтаған маңызды жиындардың бірі — Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі.
Қазақстанның Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін шақыру туралы ұсынысы қазақ халқының мәдени кодының ажырамас бөлігі болып табылатын діни толеранттылық пен қонақжайлылықтың ғасырлар бойғы дәстүрлеріне негізделген. Ғасырлар бойы Шығыс пен Батысты біріктірген Жібек жолының орталығында орналасқан Қазақстан аумағында әртүрлі діндер, конфессиялар мен мәдениеттердің өкілдері бейбітшілік пен келісімде өмір сүрді. Зороастрлық және буддистік храмдар, тәңірлік беліглер, христиандық шіркеулер мен мұсылман мешіттері ежелгі заманнан бері Ұлы дала жерінде көрші болды. ХХІ ғасырда Қазақстан Республикасы өзара сыйластық пен рухани алуан түрлілік дәстүрін жалғастыруда.
Сонау 2003 жылы алғаш шақырылған жиын арада 20 жыл өтсе де, өз мәнін жойған жоқ. Әр үш жыл сайын елордамыз Астана қаласында бүкіл әлемдегі дін көшбасшылары бас қосып, ортақ мәселелерді талқылайды. Бұл диалог алаңында ХХІ ғасырдағы сын-қатерлер, адамзат баласының бойындағы рухани құлдырау, қатігездіктің өршуі және өшпенділікті тоқтату мәселелері көтерілген. Жиын нәтижесінде, күрмеуі қиын көптеген дүниелердің оңтайлы шешімі табылғанын да атап өткен жөн.
Иә, Қазақстан конфессиаралық келісімнің ғана орталығы болып қалған жоқ. Астана араздасқан елдерге, ішкі азамат соғысынан қалжыраған мемлекеттерге де диалог алаңын ұсынып, әлемдегі бейбітшілік пен келісімнің сақталуына сүбелі үлесін қосып келеді.

М.Жаңабаев,
«Теміртау қаласының
конфессияаралық
қатынастардың мәселелерін
зерттеу және сараптау
орталығы» КММ бас маманы

Жаңалықтарды Instagram парақшамыздан оқыңыз