Жас сардарлар қызметке келді
17- 19 маусым аралығында Орталық өңірлік қолбасшылығының 5451 әскери бөлімінің аумағында 2024 жылғы Ұлттық ұлан Академиясын тәмамдап қызмет етуге келген жас офицерлермен үш күндік оқу-әдістемелік жиыны өткізілді. Жиынды Орталық өңірлік қолбасшылығының жауынгерлік басқармасының бастығы полковник Бағдаулет Оспанбеков басқарды.
Жиын барысында сардарлар әскери қызметке кірісер алдын өңірдің жауынгерлік қызметімен танысып теориялық білімдерін практикаға ұластыруға қамданды. Айта кету керек әдістемелік жиын барысында жас командирлер жауынгерлік қызметті ұйымдастыру, жеке құраммен сабақ өткізу, қызметтік құжаттарды тексеру, рота мүлкін жүргізу сияқты біршама сұрақтарды қозғады.
19 маусым күні Орталық өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы генерал-майор Сакентай Амантайұлы Шекарбеков тәжірибе нәрін сусындаған 32 сардармен өткізілген жұмысты қорытындылау үшін өңірлік қолбасшылықтың аумағына жинап барша басшылық құрамымен таныстырды.
Өз сөзінде өңір қолбасшысы жас түлектерге әскери саланың қыр сырын толық меңгеріп, әр бағыныштыға өз ұлындай қарап, әскери өмірге жақсы дәстүрлер арқылы баулу керектігін ескертті.
Баяндама барысында өңір Қолбасшысының орынбасарлары барлық үлестер бойынша қамтамасыз етілу, әскери бөлімге жеткізілулері, қызмет барысында заңдылық талаптарын ұстануға кеңес берді.
Айта кететін жәйт өңірлік қолбасшылықтың жеке құрамы үш жыл қатарынан жоғарғы әскери оқу орнын үздік тәмамдаған түлектер, 2022 жылғы лейтенант Данила Горбуль (қазіргі аға лейтенант), 2023 жылы лейтенант Өміржан Тілеген, 2024 жылы Абылайхан Айтуаров алғашқы офицер «лейтенант» шенін Қарулы күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев басқарған шарада иеленіп, өз тәжірибелерін Орталық өңірлік қолбасшылығының әскери бөлімдеріне пысықтап келеді. Мұны да ІІМ орынбасары — Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының өңірге деген үлкен сенімі деп білеміз.
Шараның шарықтау шегі тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар басқармасының үлгісіне сай жасалған даңқты қолбасшы, Ұлы Отан соғысының батыры, Халық Қаhарманы Бауыржан Момышұлы мен ротмистр Валентин Михайлович Кульчинскийдің жас офицерлерге кеңес жинағынан жасалған «Командирдің күнделігін» табыстаумен жалғасты.
Қазіргі таңда барлық сардарлар Қарағанды, Қостанай, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстарында орналасқан әскери бөлімдерге аттанды. Осы күннен бастап офицерлер взвод командирі, рота командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, қызмет бастықтары болып Отан алдындағы борыштарын өтейтін болады.
Қазақстан Республикасы ІІМ
Ұлттық ұланының Орталық өңірлік
қолбасшылығының баспасөз қызметі.
Жаңалықтарды Instagram парақшамыздан оқыңыз