Нұргелді ОМАРХАНОВ: «Жаңа саяси мектеп қалыптастырғымыз келеді»
1 наурыз – «Аmanat» партиясы құрылған күн. Тәуелсіз Қазақ елінің тарихында өзіндік орны бар. Қарап отырсақ, мемлекеттік саяси-экономикалық өміріндегі елеулі өзгерістердің басым дені осы партияның бастамасымен орын алып жатады екен. Талай мықты саясаткерлер де өсіп шыққан жер ғой. Сондықтан, «Партия күні» қарсаңында Қарағанды облысы AMANAT партиясы «Qarmet»филиалының жұмысмен танысып, басшысы Нұргелді Омархановтан сұхбат алған едік.
— 2022 жылдың 1 наурызында «Nur Otan» партиясының атауы «Amanat» болып өзгерді. Бұл жай ғана ребрендинг емес еді. Атауымен қатар, партияның мақсат-міндеті, қоғамдағы орны да елеулі өзгерістерге ұшырағаны анық. Бұл өзгерістер өндіріс ошағындағы партия филиалы қалай әсер етті? Сіз басқарып отырған партия филиалының негізгі мақсаты мен міндеттері қандай?
— Иә, шынымен де, партияда үлкен өзгеріс болды. Атымен қоса заты да өзгерді. «AMANAT» партиясы елдегі саяси өзгерістердің бел ортасында, қоғам алдында жауапкершілігін сезінеді. Сондықтан да қазіргі уақытта жақсы деңгейде жұмыс жасау үшін өзгерістерді өзінен бастау маңызды болды. Сол аралықта партияның мақсат-міндеттері қайта қаралып, партияның жаңа саяси тұғырнамасы қабылданды.
АМТ жұмысшыларын біріктіретін партия филиалы жергілікті белсенділердің бастамасымен 2007 жылы құрылған, қазір қатарымызда 2400-ге жуық партия мүшесі бар. Жыл санап, қатарымыз да артып келеді.
Филиалдың негізгі мақсаты — Qarmet құрылымында жұмыс істейтін қызметкерлер мен металлургтардың күнделікті өмірінде тап болатын мәселелері мен туындайтын сұрақтарын шешу, қала деңгейінде шешілмеген мәселелерге облыс, республика деңгейінде көтеріп, шешімін іздеу. Сол арқылы сайлаушылардың сенімінен шығу, партия жақтастары мен мүшелерінің санын арттыру.
2022 жылдың 15 сәуірінен филиал төрағасы қызметіне келгеннен, сол өзгерістердің үстіне тап болдым. Біз партия мүшелерімен, сайлаушылармен ашық, еркін кездесулерді өткізуді бірден қолға алдық. Яғни ашық кездесулер, батыл пікір алмасудан қорықпаймыз, жалаң ұран айтып, бос уәде беру жоқ.
Сәуір мен маусым аралығында Қарағанды металлургиялық комбинатында 100-ден астам кездесулер өтті. Жүздеген талап-тілектер қабылданып, шешу мақсатында түрлі органға жіберілді.
— Баяғының баласы инженер боламын, ғарышкер немесе ғалым боламын деп армандаушы еді. Бүгінгілер шоу-бизнесті төңіректеуді немесе блогер болуды қалайды. Осы ретте, мемлекет басшысы еңбек адамдарының беделін көтеруді тапсырды. Сіз басқаратын партия филиалы зауыттағы қарапайым жұмыскерлермен қандай байланыста? Еңбек жағдайын жақсарту бағытында не істеліп жатыр?
— Сол бағана айтқан 2022 жылдан бастап, комбинат басшылығымен бірге ай сайынғы цехтарда ұйымдастырылатын дөңгелек үстелдерге қатысуды бастадық. Дөңгелек үстел дегеніміз комбинат әкімшілігінің еңбек ұжымдарымен кездесіп, айлық, жұмыс орнына мәселелерге сұрақ-жауап кездесулер.
Сол кездесулердің нәтижесінде жұмысшылардың жұмыс киімі уақытылы беріліп, асханалар мен дәретхана, жуынатын бөлмелеріне ремонт жасалды. Айлық есептеулеріне түсінік алынды.
— Әрине, ми қайнатар ыстықта от-жалынмен арпалысып жұмыс істеу оңай кәсіп емес. Десек те, руханият мәселесі де ұмыт қалмауы керек. Сіздер зауыт қызметкерлері үшін ағартушылық және рухани-танымдық шаралар ұйымдастырасыздар ма? Қандай жобалар қолға алынды?
— Партия филиалының қызметі облыстық, орталық аппарат бекітілген нұсқаулық пен ортақ ереже аясында ұйымдастырылады. Біз жобалық негізде жұмыс істейміз.
Партияның «Ардагерлерді ардақтайық»,«Бақытты отбасы»,«Кедергісіз келешек»,«Ұлттық мұра» жобалары аясында бекітілген желілік кесте бойынша комбинат жұмысшыларының қатысуымен іс-шаралар ұйымдастырамыз. Мысалы өткен жылы металлургтар арасында интеллектуалдық ойын, оқушылар арасында бейнеролик байқауы, талқылау диалог алаңын ұйымдастырдық.
— Өткен жылдың соңында зауытта үлкен өзгерістер орын алды. Шетелдік инвестор кетіп, кәсіпорын қазақстандық кәсіпкерге табысталды. Партия филиалы мен жаңа басшылық арасындағы байланыс қандай? Ортақ тіл табыса алдыңыздар ма?
— Біз шағын кәсіподақ емеспіз. «AMANAT» партиясы үлкен саяси күш, біз сол беделді қоғамдық күштің республика бойынша ен үлкен өндірістік кәсіпорындағы өкіліміз. Жауапкершілікті сезінеміз. «AMANAT» билік құраушы партия. Елдегі қоғамдық саяси өзгерістерге тікелей әсеріміз бар. Партиямен барлық ұйымның қарым-қатынасы жақсы. Біздің Qarmet басшылығымен, олардың да түсінігі бар. Қазіргі Qarmet-тің бас директоры Басин Вадим Борисович партиялас, «Amanat» мүшесі, партия қызметін жақсы біледі. Жыл басында кездесіп, біраз сұхбаттастық. Қолғабыс жасап қолдауға дайын. Шұғыл мәселелер бойынша кері байланыс жақсы.
— Теміртаудың металлургиялық зауыты құрыш пен шойын өндіріп қана қоймайды, бұл жерден көрнекі саясаткерлер де шыңдалып шықты ғой. Қазір осы үрдіс жалғасып жатыр ма? Жас металлургтерді партия жұмысына тарту, саяси белсенділіктерін қалыптастыру жұмыстары қалай ұйымдастырылуда?
— Иә, дұрыс айтасыз. Филиал қызмет бастаған Гүлжан Нығметқызы осы қызметте 6-7 жыл жүріп біраз азаматтарды тәрбиелеген. Қазір ол азаматтарды филиалдың бетке ұстар белсенділері, бірнешеуі Теміртау қалалық мәслихатта депутат, облыстық мәслихат депутаттары. Қазір сол тәжірибені қайта алып, жаңа саяси мектеп қалыптырғымыз келеді.
Комбинат пен Теміртауда орналасқан Qarmet құрылымында әр жастағы, әртүрлі ұлт өкілдері қызмет жасайды. Олар өте дарынды және жан-жақты. Біз өз партия мүшелерімізді бағалаймыз. Тоқсан сайын, белсенді мүшелерге алғысхаттар табыстап, құрмет көрсетеміз. Соңғы 6 мүшемізге партия басшылығының жоғары марапаты табысталды.
— Теміртау еліміздегі экологиясы ең нашар қалалардың санатында. Бұған үкімет те назар аударып, бұрынғы инвесторға да, қазіргі басшылыққа да нақты талаптар қойған. Сіздердің тараптан, өндірістің экологиялық зардаптарын жою бағытында қандай жұмыстар істеліп жатыр?
— Былтыр ақпан айында «AMANAT» партиясының республикалық сайлауалды штабының Теміртау қаласында экологтармен кездесуі өткен, оған партия төрағасы Ерлан Қошанов қатысып, барлық ескертпе мен ұсыныстарды атап өтті. Сондай-ақ тамыз айында Еділ Жанбыршиннің төрағалығымен Мәжілістің экологиялық комитетінің көшпелі отырысы комбинатта өтті. Сол жерде барлық ескерту жасалды.
Нәтижесі барлығымызға белгілі.
Партиямыздың сайлауалды бағдарламамызда 2028 жылға дейінгі комбинаттың ауаға улы заттардың тасталуын азайту және оның көрсеткішін ашық таблоға жариялау көзделген. Сондықтан партия мұны міндетті түрде орындатады. Оған саяси күш пен мүмкіндік бар.
— Партия филиалы еңбек өнімділігін арттыру және қауіпсіздікті сақтау мақсатында жаңа технологияларды енгізу ісіне ықпал ете ала ма?
— Партиямыздың саяси тұғырнамасы бар, ол жерде экология, еңбек қауіпсіздігі туралы жақсы жазылған.
Иә, әрине, жоғарыда атап өткен, сайлауалды бағдарламызда ең қауіпсіздігі мен металлургтарды үймен қамтамасыз ету бар. Ал еңбек өнімділігі келетін болсақ, тікелей сол жаңа инвесторлардың жаңа техологияларды енгізуіне байланысты. Оны ел Президенті де ерекше атап өтті. Оларға уақыт беріледі, кейін сұрауы болады. Ескерту жасалды. Жақында «Amanat» атынан ұсынылған жаңа Үкімет басшысы комбинатқа келіп, тағы бір жұмыстың жүргізілуін бақылап кетті. Домна цехы БПҰ төрағасы Мұрат Әбдірайымұлы Олжас Бектеновке жұмысшылар атынан металлург дәрежесін көтеру, айлық өсіру, жастарды жұмысқа тарту мәселесін айтып жеткізді.
— Ел арасында «Арселор» Қазақстаннан пайда тапса да, өндірісті өркендетуге көңіл бөлмеді деген пікір бар. Сіздер кәсіпорындағы дәл қазіргі экономикалық-әлеуметтік ахуалды жақсартуға ықпал ете алатын бастамаларыңыз бар ма?
— Иә, бар. Біз оны филиал ғана емес, біздің қалада, облыста мәжілісте отырған өкілдеріміз бен жақтастарымыз, партия ұсынған Үкімет басшысы арқылы іске асыратын боламыз. Партияның күші де сонда. Біздің партия филиалының негізгі жұмыс бағыты – орталыққа уақытылы ақпарат жолдап және шешуді қажет ететін мәселені уақытылы жеткізу.
— Нұргелді Зиядаұлы, уақыт бөліп сұхбат бергеніңізге рахмет. Жұмыстарыңызға жеміс тілейміз!
Сұхбаттасқан Нұрлыхан Қалқаманұлы
Жаңалықтарды Instagram парақшамыздан оқыңыз