Теміртауда итке таланған баланың анасы: «Біз онымен достасқымыз келген еді»
Ақпан айында Теміртауда мектеп оқушысын көршінің иті қауып алған. Алайда, жәбірленген баланың анасы итке жаны ашығандықтан полиция мен ветстанцияға шағым түсіргісі келмепті. Бұған көршісі қабаған итін басқа жаққа алып кетуі де себеп болған көрінеді. Бірақ, мұны басқаша түсінген көршісі көп ұзамай қабаған итін қайта үйіне әкеп алыпты, — деп хабарлайды ekaraganda.kz тілшісі хабарлады.
Отбасымен бірге Луначарский көшесіндегі жер үйде тұратын Нина Александровна есімді тұрғынның айтуынша, жантүршігерлік оқиға 10 ақпан күні, қызы дайындықтан үйге қайтып келе жатқан кезде болған. Көршінің иті бұрын да айналасындағы адамдарға агрессия танытып, қабаған екенін аңғартып жүрген. Бірақ, жануарларға ерекше мейірім танытатын Нина Александровна бұған көзжұма қарапты. Қайта балаларымен бірге қабаған итпен достасуға талпынып, арасында оған тамақ беріп жүрген екен.
«Ит үнемі үріп, шабуыл жасауға дайын тұратын. Бірақ, біз шама келгенше оған мән бермеуге, ашуландырмауға тырысып жүрдік. Осы иттің кесірінен баламыз сабақтан келген кезде, үйге кіре алмай, сыртта күтіп тұратын сәттері де жиі болып тұрды. Көршіге бұл туралы талай айттық. Бірақ, ортақ мәмілеге келе алмадық. Тіпті «ит атушыларды шақырамын» деп те қорқытып көріп едім, ол «маған бәрібір» деп қолын бір сілтеді. Бірақ, итке жаным ашып, ондай қадамға бармадым. Сөйтіп аяушылық танытып жүргенімде ит дайындықтан қайтып келе жатқан қызымды қауып алды», — дейді жәбірленген оқушының анасы.
Көршісі осыдан соң ғана қабаған итін басқа жаққа алып кеткен екен. Бірақ, артынша қайта алып келіпті. Қазір итке таланған қыз бала жалғыз жүруге қорқып қалған. Әрі жарасы да толық жазылып үлгермегендіктен, емханаға барып, ем қабылдауға мәжбүр болып жүрген көрінеді.
«Иә, итке жаным ашиды. Бірақ, бірінші кезекте маған отбасымның амандығы керек. Балаларымның сабаққа алаңсыз барып-келуі үшін, көрші үйде балаларға қауіп төнбеуі үшін бұл иттің көзін жою қажет. Ит қапқан соң бірден ауруханаға барғанбыз. Қажет екпелерді алдық. Әлі де емге уақыт бойынша барып жүрміз. Бұл иттен басқа адамдар да зардап шегуі мүмкін», — дейді Нина Александровна.
Қазіргі таңда әйел адамның арызы полиция мен ит аулу қызметінің қарауында екен.